• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 22 Сәуір, 2021

Жастарды стартап жобалар қанаттандырады

994 рет
көрсетілді

Осыдан екі жыл бұрын Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы мен Жетісу университеті бірлесіп, StartUp Academy ашқан болатын. Мұндағы мақсат жастар ара­сын­да­ғы кәсіпкерлікті дәріптеп, ғылымға негізделген әрі ин­но­вациялық әлеуеті зор стартап жобаларды дайындау еді. Бүгінде сол мұратқа толық қол жеткендей.

Жақында Zhetysu – Startup инновациялық идеялар мен жобалар байқауының қо­ры­тындысы шығарылды. Бай­қау­ға өңірдегі маңдайалды оқу орнынан 30 студент және Назарбаев зияткерлік мек­те­бі­нің оқушылары түрлі жоба­ла­рын ұсыныпты. Солар­дың ішінде жаңалығы мен өзек­ті­лігі, инвестициялық тар­тым­­дылығы, коммерциаланды­ру деңгейі мен өңір үшін әлеу­мет­тік-экономикалық ма­ңызы жо­ғары деген 9 жоба үздік деп та­нылған екен.

– Бүгінде жастар студент кезінен бастап кәсіппен айна­лыс­­қысы келеді. Олардың талабын шыңдау мақсатында университте Zhetysu – Startup академиясы ашылған бо­латын. Мұнда жастар биз­нес­тің алғашқы әліппесін үй­ре­­неді және өздерінің зерттеу жұмыстарын жүргізіп, на­рық әлемін зерделейді. Жас ға­лым­дардың инновациялық әлеуе­тін дамытып, олардың жоба­сының іске асуын қаржы­лан­дыру үшін университет стартап жобаларға байқау өткі­зіп тұрады, – дейді Жетісу университетінің басқарма төра­ғасы-ректор Қуат Баймырзаев.

Биылғы стартап жобалар байқауының бас жүлдесін жеңіп алған М.Беимбетова мен Ж.Жексенбайға 100 мың, 1 орын алған А.Есейқызы, Н.Ким, Ә.Танабаеваға 70 мыңға сертификат табысталды. Ал жобаға қатысқан басқа да студенттер ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Жалпы, Жетісу универ­си­­тетінде студенттерді эко­но­­ми­­­ка­ның жоғары техно­ло­гия­­лық секторын дамытуға ық­пал ету бағытында білім беру үрдісі қанат жайып келеді. Яғни қа­зір­гі білім берудің маңызды мін­деті инновацияға бет бұру бо­лып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін оқу орнының қа­быр­ға­сын­да озық ғылыми-зерттеу жұмысы жасалуы тиіс.

– Экономикалық өсу мен адамдардың әл-ауқатының артуы озық білімге байланыс­ты. Ал озық білім мен ғы­лыми идеялардың иесі – адам. Адами капиталдың сапасын экономикалық өсіммен салыс­ты­руға болады. Демек, адами капиталға құйылатын инвес­ти­ция экономикалық өсуге ық­пал етеді. Бұл тұрғыда университет ұстаздары Білім және ғылым министрлігі жариялаған ғылыми жобалар байқауына жиі қатысып жүр. Биылдың өзінде алты әріптесіміздің еңбегі жо­ғары бағаланды. Бұл бір жағынан Жетісу ғылымының бір орында тоқтап қалмай, заман талаптарына сай жаңарып келе жатқанын аңғартады, – дейді Жетісу университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Алефтина Бахтаулова.