Алматыдағы қарттар үйінде екі ер адам коронавирус жұқтырып қайтыс болды. Тағы бір әйел кісі жұқпалы аурулар стационарында жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығына сілтеме жасап.
Қайтыс болғандардың бірі 67 жаста болған. Марқұмның туысы Олжас Хамитов мекеме қызметкерлерінің салғырттығына наразы, себебі ағасынан коронавирустың белгілері анықталған кезде бірден ауруханаға жеткізбеген.
«Соңғы рет анаммен сөйлескенде ол кісі жөтеліп жатты. Біз неліктен дәрігерге қаралмайтынын сұрағанда, мекеме қызметкерлері дұрыс қарамайтынын айтты. Сосын 16 сәуірде ағам бізге хабарласып коронавирус жұқтырғанын жеткізді. 18 сәуірде оның қайтыс болғанын естідік.Неліктен олар уақытында емдеп, ПТР-тест алмаған? Бұл қызметкерлердің салғырттығы, мекемеге тексеріс жүргізу керек», дейді марқұмның туысы Олжас Хамитов.
Алматы қалалық денсаулық басқармасының өкілі ер адам коронавирус жұқтырып ауыр жағдайда ауруханаға түскенін айтады.
«Шаңырақ» орталығының директорының орынбасары Сымбат Нәбиеваның сөзінше, Серік Хамитов расында өткен жылдың қазан айынан бері қарттар үйінде тұрып келген. Сондай-ақ ер адамның корнавирус жұқтырып, қайтыс болғанын да растады. Алайда, марқұмның соңғы күндері қатты жөтелгенін жоққа шығарды.
Еске сала кетейік, бұған дейін қарттар үйінің тағы бір тұрғыны коронавирус инфекциясынан қайтыс болған еді. Қазіргі таңда жұқпалы аурулар стационарында инфекция жұқтырған «Шаңырақ» орталығының тағы бір тұрғыны жатыр.
Гаухар ҚАПАШ