• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 22 Сәуір, 2021

Өзегіне ұлт мінезі ұялаған «Салтанат»

1238 рет
көрсетілді

Халық қазынасының, қасиетті салтымыздың құнарының бірі – би. «Би – халықтың жаны» деп бекер айтылмаған. Қазақ биін басқа бір елдің биімен шатастыру мүмкін емес. Өзегіне қазақтың өз мінезі секілді кеңдік, ұяңдық пен жайсаңдық ұялаған ұлттық биіміз көшпелі өмірден бастап бүгінгі тіршіліктің нақты көріністерін қимыл-буын тілімен айна-қатесіз баяндап келеді.

Бүгінде заманауи мерекелік, мәдени шараларды бисіз елестету мүмкін емес, сұранысқа орай би өнеріне қызығатын қыздар да, құрылған шағын топ, іргелі ұжымдар да жетерлік. Алайда солардың бәрінің көшбасында тұрған, ұлттық өнеріміздің баға жетпес озық үлгісіне айналған қазақ биінің алтын көмбесі іспетті «Салтанат» би ансамблінің орны бөлек. Қоржынында баға жетпес шығармашылық қазына мен халық дәстүрінің игілігі жинақталған, алпыс бес жылдық тарихы бар мемлекеттік «Салтанат» ән-би ансамблінің кәсіби түрде түрленіп, дамуы Тәуелсіздіктің отыз жылымен орайлас келеді.

1955 жылы Қазақ КСР халық әртісі, Украинаның еңбек сіңірген әртісі Лидия Демьяновна Чернышеваның жетекшілігімен Қазақ КСР-нің ән-би ансамблі құрылды. Би өнері кең қанат жая қоймаған ел ішінен талантты бишілерді табу оңай болған жоқ, соған қарамастан табандылықпен іздеп, бейімі барды қолынан жетектеп әкеліп, саздың мазмұнын түсіндіріп, әсем қимылдың техникасымен таныстырып, биді жеке өнер саласы ретінде дамытуды шындап қолға алды. Халық әні мен күйлеріне құлақ тіге жүріп, табиғаты би әуенімен байланысатын лайықтысын таңдап алып, қазақ ұлтына ғана тән қимыл-қозғалыс, киім үлгілерін зерттей бастады. Ұлттық хореографиялық сахна өнерінің негізі болып саналатын алғашқы жұмыс іргетасы осылай пайда болды. Қысқасы, тағдыр жазуымен қоныс аударып келген украин қызы кенже қалған өнерді қатарға қосып, қазақ елі, қала берді, одақ, әлем жұрты тік тұрып қол соғатын бірегей би ұжымына айналдыру үшін маңдай терін моншақтата жүріп, қолға ілінер-ілінбес сынықтардан сүйекті һәм қуатты өнер тобын құрап шықты.

Жаңадан құрылған ән-би ансамблін аяғынан тұрғызу – жылдарға созылған еңбектің жемісі. Құрылғанына он екі жыл өткен соң музыкалық, вокалдық және хореографиялық өнері мен биік орындаушылық шеберлігі үшін Жоғары Кеңес президиумының жарлығымен «Еңбегі сіңген» құрметті атағы берілді. Ал 1989 жылы Министрлер Кеңесінің шешімімен Казақ КСР ән мен би ансамблінің атауы ҚР Мемлекеттік «Салтанат» ән-би ансамблі болып өзгертілді. Дербес елге айналудың қарсаңында тұрып «Әлемді сұлулық құтқарады» деген қанатты сөзді өз ұстанымына айналдырған өнер ұжымы ән мен биді құрал ете отырып, дамудың жаңа сатысына аяқ басты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ансамбль жетекшілігі Мәдениет министрлігінің қолдауымен шығармашылық үдерісін тез арада қайта қарап, жұмысын жаңа бағытта жандандыра бастады. Халық биі фольклоры мен классикалық би мектебінің синтезіне негізделген жаңа бағыт туды. Бұл ізденістің нәтижесі көп ұзамай өз жемісін берді де. Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен халық биі ұжымдарының халықаралық байқауында қазылар алқасы өрнегі өзгеше қазақ бишілерінің өнерін бір ауыздан жоғары бағалады. «Салтанаттың» ұжымы сандал ағашына жазылған құттықтауы бар дипломмен марапатталып, лауреат атанып қайтты. 1998 жылы Мәскеудің 850 жылдығы тойланған салтанатты шараға арнайы шақыртумен қатысып қайтқан ұжым қала мэрінің қолынан Құрмет грамотасын алып, кешегі кеңестік елдердің арасында қазақ биінің де бәсі биік екенін шеберлікпен дәлелдеді. Тоқсаныншы жылдардағы мәдениетті тұншықтырған экономикалық дағдарыстың салқынын басқа әріптестері секілді салтанаттықтар да сезінді, бірақ тұрақты берілмейтін аз айлықты қанағат тұтып жүріп те топтың құрамын тоздырмады, туын жықпай, қалыпты тыныспен жұмысын жалғастыра берді. Онсыз да артық салмақ қоспай, ашқұрсақ жүретін олар өңі түскен ескі костюмдерімен сахнаны қызылды-жасылды шуаққа шомылдырып, мың бұралып жұрт алдына жарқырап күліп шығатын, ол күндер бүгінде ұмытылғанымен, ардагер бишілердің жадынан өшкен жоқ. Көрерменнің алдына шыққанда, шиыршық атқан жүйке мен шытырлаған мінездің бәрін шымылдықтың арғы жағына қалдырып, шыдам мен шығармашылықтың биік үлгісін көрсетті. Гастрольдік сапарларға алып шыққан концерттік бағдарламасы өздерін күткен алыс-жақын шетелдік көрерменнің көңіл төрінен орын алып, олардың шарт-шарт соғылған алақан қуатына шабыттанып, құшақ-құшақ гүліне көмілді. Отыз жылға тартылған тәуелсіздіктің өн бойында ұлттық би өнерін үздіксіз өркендетумен келе жатқан майталман ұжым миллиондаған жүректі рухани рахат пен ізгілікке бөледі. Қозғалыс-қимылына дала пәлсапасы жасырылған қазақ биінің сұлулығына тамсанған шетел, атап айтқанда, Қытай Халық Республикасының халқы «Салтанаттың» бишілерін алты айға дейін мейман етіп, ханзу елінің түкпір-түкпірін аралап концерт қоюына мүмкіндік тудырды. Кытайдың Мәдениет министрлігі өнер ұжымының көрсеткен шеберлігі мен кәсібилігі үшін елдің 16 провинциясының жетекшілерінің қолы қойылған ең жоғарғы құрмет дипломын табыстады. Сондай-ақ ұжым Түркия, Ресей, АҚШ, Үндістан, Бельгия, Франция, Голландия, Оңтүстік Корея, Оман Сұлтандығы, Өзбекстан елдерінің көрермендерін қазақ биімен таныстырды.

Осының бәрі ұжымдағы бишілердің кәсібилігі мен энтузиазмының арқасында жүзеге асты. Өзінің жетпіс жылға жуықтаған шығармашылық дамуында «Салтанат» ансамблі 130 биді репертуарға қосты. Олардың арасында «Отан үшін», «Томирис», «Тамаша-думан», «Қайран, 25», «Шашу», «Алатау баурайында», «Еврей биі», «Түрік биі», «Грек биі», «Гүлдер» сияқты мазмұны терең идеяны дәріптеген тұтас би спектакльдері бар. Тәуелсіздік жылдары тәжірибесі мен білігін жас балет әртістеріне үйретуден жалықпаған балетмейстер, педагог-репетиторлардан құралған көркем-педагогикалық ұжым қалыптасты. Олар кәсіби орындаушылық шеберлігі жоғары бірнеше буын бишілерді тәрбиелеп шығарды, олардың ішінде, Махмуд Эсамбаев атындағы ІХ Халықаралық жеке би фестиваль-байқауының Гран-при иегері, Халықаралық конкурстардың лауреаты Ернұр Қарықболов, республикалық конкурстардың лауреаты Раушан Кундукова, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Денис Витченко, Әбдулғазиз Жәнібеков, Ержан Сарманов, Венера Фахретдиновалар бар. «Салтанат» ән-би ансамблінің бүгінгі көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсәуле Орымбаева жиырма бес жыл бойы ұжымның кәсіби өркендеуі жолында маңызды міндет арқалап келеді. Қазақ КСР халық әртісі Шара Жиенқұлованың сүйікті шәкірттерінің бірі болған, өзі де «Салтанаттың» сапында жүріп билеген Г.Орымбаева жоғары оқу орындары үшін қазақ халық биінің хореографиясын оқыту әдістемесін жазған автор.

Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде бәрі де қат, қиын еді. Сол кезеңде ансамбль бишілерінің үстінде іліп алар дұрыс сахналық костюмі, би үйрететін репетиторы, репетиция жасайтын аппаратурасы, тіпті дайындалатын балет залы да жоқ еді. Ұжымда бар болғаны 16 әртіс жұмыс істеді. Көп жылдар бойы жөндеу көрмеген ғимарат еңсені басып, жабығып тұратын. Түрлі ұлттардың биін билейтін ұжымның өз тігін цехы да болмады.

Талай жылдар бойы жіңішкеріп кеткен мәдениеттің тамырына қан жүгіріп, өлмейтін рухани игіліктерді қайта жандандыруды мұрат тұтқан мемлекет саясатының оң бетбұрысы ұжымға да шарапатын тигізіп, демеушілер табылып, аяғынан тұрды. Хореографиялық өнердің беделді тұлғаларын, кәсіби балет бишілерін, хореографиялық оқу орындарының түлектерін шақыруға мүмкіндік туып, жаңа бағыттағы бимен репертуар жаңарту қолға алынды. Г.Орымбаева тігін цехын ашу туралы идеясын іске асырып, костюм цехының штатын сапалы би костюмдерін тігетін шеберлермен толықтырып, кеңейтті.

Осыдан отыз жыл бұрын ансамбльде 16 әртіс болса, Г.Орымбаева оның санын 70 бишіге дейін жоғарылатты. Ал бүгінде ұжым құрамында 130 адам бар. Ансамбльдің қаржылық және шаруашылық қиындығын есепке ала отырып, жаңа қойылымдар ойлап тауып, сапалы костюмдер тігіп, үлкен сахналарда концерттер ұйымдастыру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Әрбір жаңа биді әзірлемес бұрын сол халықтың тарихы мен мәдениеті мұқият зерделенеді. Көркемдік жетекші көрерменді еліктіріп, қызықтыратын күрделі би трюктерін ойлап тауып, жаңа идеялардың шығармашылық ізденісінде жүреді. Оған хореограф та, қоюшы режиссер де, балетмейстер де болуға тура келетін сәттер аз емес. Оның сыртында сахналық киімдер, дизайн, жарық беру, сахнаны безендіру секілді көзге көрінбейтін ұсақ жұмысқа дейін назардан тыс қалдырмай, өзі қадағалайды. Көрермендер мен мәдениет саласының айтулы қайраткерлері өнерін биік бағалаған Қазақстандағы белгілі би ұжымы күн өткен сайын өркендеп келеді. Биік деңгейде ұйымдастырылатын үкіметтік концерттердің бірде-бірінің «Салтанатсыз» сәні келіскен емес. Оған еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ризалығын білдіріп жазған құттықтау хаттары мен марапаттары куә. Қазақстан мәдениеті мен өнерінің өрлеуі жолында баға жетпес үлес қосып келе жатқан «Салтанат» ән-би ансамблі қол жеткен табыспен ғана шектелмей, еліміздің гүлденіп, рухани-эстетикалық жағынан өркендей түсуі үшін шығармашылық белсенділігін бәсеңдеткен емес. Жылдан астам уақыт думанды кештерден дамылдап, оқшау өмір сүре отырып та, онлайн концерт беріп, өнерін бағалаған сүйікті көрерменімен байланысын үзген жоқ. Өзінің қайталанбайтын шығармашылық шырайын қалыптастырған «Салтанат» карантин күндерін тиімді пайдаланып, төрт бірдей жаңа би әзірлеп, көрерменінің алдында тұсауын кесіп, тарту ететін күнді асыға күтіп отыр.

 

АЛМАТЫ