«Былтыр төселген асфальт көктем шыға қармен бірге еріп кетеді» деп мысқылдайды ел. Мысқыл емес, шығыстағы шындық сол. Қала ішіндегі жолды қойып, облыстық, республикалық жолдардың өзі ойдым-ойдым. Елдегі жолдардың сапасы сын көтермейтіндей деңгейде болмаса, Президенттің назарына ілікпес те еді. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шара қабылдауды тапсырды.
Жол мемлекеттің күре тамыры іспеттес. Сондықтан жол салу, жөндеу жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарау керек еді. Өкінішке қарай, бұл салада салғырттық басым. Әйтпесе, бірқатар басшы қызметімен қош айтыспас еді. Жұмысын дұрыс атқармаған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліповтің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақовтың қызметінен босатылғаны жол саласында жүрген басқа басшыларға сабақ болса екен.
Кім болса да діттеген жеріне тақтайдай түзу жолмен зыр етіп бара қалғысы келеді. Әй, бірақ, газды ғана басып отыратын жолдар Шығыс Қазақстан өңірінде аз. Облысаралық, ауданаралық жолдардың жағдайын айтпағанда, республикалық маңызы бар трассалардағы қазандай шұңқырлардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қалбатау-Майқапшағай бағытындағы автомобиль жолы да сол. Жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталғанымен, тас жолдың талқаны шығып жатыр әлі.
Екі ортада қатынайтын таксишілердің шыдамы әбден таусылған. Отыз жылда жеткен жетістігіміз осы ма деседі. «Жолдың жайын жүрген біледі» деп көлік тізгінінен түспейтін таксишілердің пікірін тыңдап көргенбіз.
– «Алыс жол атанды сынайды» демекші, көліктеріміз салдыр-гүлдір. Дөңгелегіне, жүру бөлігіне обал. Лекерлеп отырамыз. Оның бәрі шығын. Ал жол жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталды. Жолшылардың жоспары бойынша, 2022 жылы Майқапшағайға дейін аяқтауы керек. Енді ойлаңыз! Төрт жылда жартысы бітпеген жол бір жылда қалай аяқталады? Бір-ақ жыл уақыт қалды. Зайсаннан Дайырдың бұрылысына дейінгі жолды білесіздер, быт-шыт. Көкпектіге дейінгісін айтпай-ақ қояйық. Уақытша айналма жолдың өзі тегістелмейді. Алтай ауданын айналып, 620 шақырымды артқа тастап жүр едік, енді паром түсіп, Самармен жүретін болдық, – дейді таксиші Уәлхан Масабаев.
Самар, Алтай айналғандағы жол жақсы болғанымен, алыс. Тура тартса, 480 шақырым ғана еді. Оған жолдың жыры жуықта біте қоймайтын сияқты. Былтыр жаздай пандемия деп техникалары тұралап қалған. Жұмыс жоспардағыдай жүргізілген жоқ. Десе де, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Ерлан Қалымовтың айтуынша, Омбы – Майқапшағай тас жолының қайта жаңарту жұмыстары 2022 жылы аяқталады.
– Омбы – Майқапшағай автомобиль жолында мемлекеттік емес қарыз есебінен қайта жаңарту жұмыстарын «Синьсин» компаниясы жүргізіп жатыр. Былтыр қиындықтар болды. Әлемдегі эпидемиялық жағдайға байланысты басқа мемлекеттерден жұмысшы күші кіре алмады, техникаларды құрылыс орындарына жеткізу үшін көп уақыт жоғалттық, – дейді филиал директоры Е.Қалымов.
Қазіргі уақытта Қалбатау – Майқапшағай бағытындағы 415 шақырымның 76 шақырымына қатты қабат төселген. Қалған 339 шақырымында жұмыстар жүріп жатқан көрінеді. Жоба бойынша, қайта жаңарту жұмыстарына 157 млрд теңге бөлініпті. Аз қаржы емес. Мақсатты жұмсалып, жол сапасына халық қанағаттанып жатса болғаны. Әйтпесе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз еткендей, сапасыз жол салып, мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсап жатқандар жоқ емес.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы «Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр» деген еді. Өте орынды сын. Көптеген жол жыл өтпей жатып, ойылып, опырылып қалады. Оны мамандар көбіне күн райының күрт құбылуына сілтейді. Салыстырар болсақ, Канада мен Шығыс Қазақстанның ауа райы ұқсас екен. Ал жол сапасындағы айырмашылық жер мен көктей. Мәселе, асфальт жасау технологиясы мен төменгі қабатының нығыздығында болса керек.
Жол жөндеу жұмыстары Өскемен – Қалбатау – Талдықорған бағытында да баяу жүріп жатыр. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан жолдағы құрылыс жұмыстарымен 2019 жылдың жазында танысып қайтқан Премьер-Министр Асқар Мамин автожолды 2020 жылы іске қосу керектігін айтқан. Бұл туралы БАҚ өкілдері сан рет жазды.
– Өскемен – Талдықорған және Қарағанды – Алматы жобалары бойынша басты міндет – 2020 жылы жолдағы қозғалысты іске қосу. Бұл – әкімдерге қойылған талап. Әсіресе, сапа мәселесі негізгі басымдықта болуы тиіс, – деген еді А.Мамин.
Бірақ Шығыс Қазақстан облысына тиесілі 454 шақырымның 262 шақырымына ғана қатты қабат төселіпті. Қалған бөлігінде жұмыс жүріп жатыр. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Е.Қалымовтың айтуынша, Өскемен – Қалбатау – Талдықорған автожолы 2022 жылы аяқталады екен. Премьер-Министр әкімдерге талап қойғанымен, орындалмағаны ма?
Аталған тас жолдың бойында «Ситик Констракшн», «К-Дорстрой» АҚ, және «Тодини Централ Азия» ЖШС қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жүр. Халықтың айтуынша, жол бұрынғыдан жақсарып қалған. Құрылыс қарқынды секілді. Сонымен қош делік, Өскемен – Талдықорған жолы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры айтқандай, 2022 жылы толықтай қолданысқа беріледі. Одан басқа аудандардың арасын жалғап жатқан көлденең жолдар бар. Мәселен, Омбы – Майқапшағай – Қалжыр – Марқакөл бағыттарындағы жолдар алдыңғы жылдары орташа жөндеуден өткенімен, бұл күнде қайта қопарылып жатыр.
– Зайсан мен Қалжырдың арасын жақсылап жөндеген еді. Тақтайдай жол ұзаққа барған жоқ, 30-40 тонналық жүк көліктері әрі-бері ағылып жолды құртты. Жалпы, Шығыста жақсы жол жоқ ғой. Қайсы бірін айтамыз? Тапқан-таянғанымыздың жартысы сайманға кетеді. Ал салықты уақытымен төлейміз. Басшылар Қазақстанның экономикасы тікелей жолға байланысты екенін ұғынатын уақыт келген шығар, – деп ойын білдірді жеке кәсіпкер Жансая Тасқынбайқызы.
Қазіргі уақытта зайсандықтар осы жолмен қатынап жүр. Шұрық-тесігі көп болғанымен, Омбы – Майқапшағай тасжолынан тәуір. Халықтың көтерген бұл мәселесін де «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалына жолдағанбыз. Олардың берген мәліметіне сүйенсек, Омбы – Майқапшағай – Қалжыр – Марқакөл автомобиль жолының ұзындығы 124 шақырым, 1967-1972 жылдары аралығында салынған. Пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеуден өтпеген. Тек күтіп ұстау мен орташа жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Соңғы бес жыл ішінде аталған жолдың 34 шақырымы орташа жөнделген. Ал 2019 жылы жолдың 0-13 шақырымы жөндеуден өткен. Кепілдігі әлі бар. Биыл аталған жолдың 18 шақырымында орташа жөндеуден өтеді. Ол жұмыстың жалпы құны 461 млн теңгені құрап отыр.
Сонымен қатар Семей – Қайнар бағытындағы тас жолдың бір жағы жөнделіп жатса, екінші жағы бүлініп жатыр. Бұл жол да 1982 жылдардан бері бәлендей жөндеу көрмеген екен. Соңғы бес жылда ғана 58 шақырымы орташа жөнделген. Мұқыр мен Ащысу өзендеріндегі көпірлер қайта жаңартылған. Өткен жылы 46 шақырымына күрек тиген. Ал осы жылғы жоспар бойынша, жолдың 62 шақырымы жөнделіп, 50 шақырымы пайдалануға берілуі тиіс. Оның жалпы сметалық құны – 2 млрд 258 млн теңге. Қолданылатын құрылыс материалдары мен жұмыс сапасын «Ұлттық жол активтері және сапа» РМК тексереді. Материалдар іріктеліп, сынамадан өткен соң ғана пайдаланылады. Баса айта кетерлігі, кепілдікте тұрған жол учаскелерінде ақау пайда болса, жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер компания өз қаражаты есебінен қалпына келтіреді.
Түйін
Бұл мақаланы жазбас бұрын әлеуметтік желіде «Шығыста жөнделіп жатқан, жөндеуден өткенімен қайта қопарылып жатқан жолдарды атап жіберейікші» деген жазба қалдырған едік. 1 мың 800 оқырман көз жүгіртіп өтсе, оның 34-і пікір білдірген. Бірақ бірде біреуінің Шығыстағы жол сапасына көңілдері толмайды. Бәрін болмаса да, кейбір пікірлерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Желідегі пікірлер
Айна Бәкімбаева:
Кеше Айыртаудың арғы жағындағы бейітке барып, əке-шешемізге құран бағыштап келдік. Сонда биыл ғана салынған жолды жол жөндеушілер жамап жүр.
Лаура Төре:
Өскеменнің Ахмер жағындағы жол толық жөнделіп біткен жоқ. Былтыр күзде тапсырған жолдары тесік-тесік.
Зәуре Қасенова:
Шығыста шұрық тесік жолдан көз ашпайсың...
Айдын Жүнісханов:
Семей – Қайнар тас жолы. Жөнделіп жатыр, екінші жағынан толқындар пайда болды.
Айнұр Сағиева:
Өскемендегі Понтон көпірі мен Ахмердің арасындағы алақандай жер жөнделіп бітпеді ғой, үш жылдан асты.
Талғатжан Мұхамадиев:
Керісінше, жөндеуді керек етпейтінін тізіп берген оңай.
Ермек Құрманғалитегі:
Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы 5 км 200 м жол 2020 жылдың қазан-қараша айында жаңадан төселген. Жолдың бөліктері биыл көктемде қармен бірге еріп кетті.
Нұржан Масғұттегі:
Семейде ішкі жолдары көлігіңді «жылатады».
Гүлден Сайранова:
Зайсан жақтың шаңы шығып жатқан уақытша айналма жолын атауға бола ма? Жалпы, айналма жолға су шашып отыру керек емес пе? Біз жақтың жолын жөндеп жатқан компания мұны ұмытқан сияқты.
Үкімет, әкімдер, құқық қорғау органдары бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуының алдын алу, жол құрылысы саласындағы келеңсіздіктерді жою үшін шаралар қабылдап жатыр. Барлық өңірде бюджет қаржысының жұмсалуына, көлік магистралдарының салынуына және жөнделуіне бақылау күшейтіледі. Президент алдағы уақытта аталған мәселені өзінің жеке бақылауында ұстайтынын да мәлімдеді.
Осы беттің оспағы
Шындап келгенде, Қазақстанның жолдарын жүк көліктері емес, қымбат-қымбат «джиптер» бұзады.
* * *
Тіс дәрігеріне өтініш: Жолшылардың тісін жол салғандай етіп жөндеп беріңіздерші!
* * *
Құбыр төсеп жүргендер өте мәдениетті, кішіпейіл. Бірінші асфальт салушыларға жол береді...
Шығыс Қазақстан облысы