Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19 індеті бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып тұр, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өңірлердегі жағдайды бағалау матрицасы бойынша бас қала бір айдан астам уақыт «қызыл» аймақта тұр, деп мәлімдеді қаланың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова.
«Күніне 350-ден 650-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптада ауру көрсеткіші өткен аптадан 9,7%-ға жоғары, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 320,43 адамды құрайды. Репродуктивті саны-1021. Жыл басталғалы бері қаламыздағы науқастар саны-22 мыңнан асты, ал пандемия басталғалы бері 41214 жағдай тіркелді», деп түсіндірді елорданың бас санитары.
Жас құрылымы бойынша науқастардың ең жоғары деңгейі ересектердің арасында тіркеледі, олар КВИ-мен ауырғандардың 79,9%-ын құрайды, балалар 17,3%-ды, ал инфекциямен ауырған жасөспірімдердің жалпы саны 2,8%-ға жетіп отыр.
«Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалардың саны үш есеге артқаны байқалады. Қаңтарда-571, ақпанда-479, наурызда-1106, сәуірде-1790. Айта кетейік инфекция жұқтыру балалардың барлық жас топтарында байқалады», деді Сархат Бейсенова.
Гаухар ҚАПАШ