• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Сәуір, 2021

Көктемге оралу

726 рет
көрсетілді

Бір орында байыз тауып отыра алмайтын мына аспанның бұлтын айтам да, осы жылы әдеттегідей емес. Көз жасы таусылғандай. Қарашығы толса да жыламайды. «Өзім шөлдегем жоқ, жүрегім шөлдеді». Жарықтық Есенғали Раушанов көрсе осылай деуші еді-ау. Бірақ... Қара жерде қыңқ етпейді ғой тегі, қара суыққа еті үйренгендей. Бұрынғыдай емес адамдар да бір-біріне салқын. Уақыт асықтырғанымен бүгін-ертең көктем келмейтін шығар. Мүмкін келер, келсе де ақынның мұңлы өлеңі болып қана. Өйткені бұл көктемнің қайғысы ауыр. Одан да біз оны суретшінің сағынышынан іздейікші.

Тауға шығып қайтуға қалай қарайсыз. Ендігі алып шыңдар ақжаулығын шеш­кен болар. Алыстан қарасаңыз бой­жет­кен қарағайлар мен бозбала бұлақтар боз­дөнен бұлттардың бауырына ты­ғы­лып жатқан сыңайлы. Етегіндегі гүл­зар бақ ұйқыдан оянған шығар. Жүрші, кө­ріп қайтайық?!

Көктемнің иісі, көңілдің хошы аңқы­ған көркем картина. Көргіңіз келсе Ұлт­тық музейге барыңыз. Алдыңыздан менмұндалап көктем шығады. Ешкім жоғалмағандай, ештеңе өзгермегендей. Жан дүниеңіз бір балқитыны анық. Қыл­қа­лам шебері Жаңатай Шарденовтің «Тау бөктеріндегі гүлденген бақ» туын­ды­­сы мерейлі мезгілдің мейірімін төгеді. Біз ұмыта бастаған аяулы сәттерге қайта ер­тіп апаратын секілді.

Бұл суреттің құпиясы неде дейсіз ғой? Мұнда бір үлкен сағыныш бар. Суретші Ресейдегі Ленинград кес­кін­де­ме, мүсін және сәулет институтында оқыған. Бірнеше жыл Мәскеуде білімін жетілдіреді. Содан да болар шетте жүргенде оның туған жерге сағынышын сөй­леткен пейзаж топтамалары жазылады. Аңсарға толы асқақ бейнелер сан алуан бояуға ұласады. Сөйтіп шығар­ма­шы­лық жолы бүтіндей сол бағыт­қа бұ­рыл­­ды. Міне, дәл осы жанрдан шебер­дің қол­таңбасы анық байқалды.

Ол өз шығармашылығына импрес­сио­нистік батыл түс ережелерін және қыл­қа­ламнан бөлек, қалақшаны пайдала­нып пас­таны жалпақ етіп жағу техникасын ен­гізді. Автордың асқан шебер техникасы реңк ерекшеліктерінің баламаларын аса сезімталдықпен меңгеруге мүмкіндік бергені сондай, пейзаждары кәдімгідей тыныс алып, хош иіс төгеді. Ауа кенеп беті­мен қалықтап, тіпті табиғат тынысы әрбір фрагменттен сезіледі.

«Тау бөктеріндегі гүлденген бақ» картинасы – шебердің Алматы маңайында салған пейзаждар топтамасының бірі. Сы­зықтарының тазалығы мен бояу­ла­ры­ның өткірлігі жағынан ерекше көз тар­тады. Іле Алатауының шыңында ақ қар әлі де жатыр. Ара-арасында қарайған жерлердің сұлбасы көрінеді. Тау бөктерінде гүлдеген өріктер мен көге­ріп өсіп келе жатқан әртүрлі гүл­дер­дің нәзік шымылдығы шуақты мез­гіл­дің келгенін хабарлап тұрғандай. Оқыр­манды өзіне елітіп алады.

Бұл көктем де адамзаттың алғашқы көктемі сияқты. Үміт артасың, арғы өмі­рің­ді жоспарлайсың, келешекке жарқын көз­қараспен қарайсың. Сонысымен ыстық, көңілге медет. Табиғаттан үйре­не­тін нәрсеміз көп. Картина соны мең­зеп тұрғандай. Жаңа өмірдің бастауы секілді.