• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Сәуір, 2021

Султыговтар әулетінің салты

176 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында тұратын Султыговтар отбасының тарихын Қап тауының халықтары бастан кешкен қасіреттен ажыратып қарау мүмкін емес. Кейбір деректерге қарағанда, 1944 жылдың қысында Чешен-Ингуш АКСР-інен Қазақстанға 400 мыңға жуық адам күшпен қоныс аударылған екен.

Міне, туған топырақтан тоталитарлық жүйенің тепкінімен тамыр ажыратқан сол бей­бақтардың арасында Султыговтар әулет­і­нің отағасы мен отанасы да болыпты.

Султыговтар отбасы еліміздегі қоғам­дық келісім мен тұрақтылықты ерекше қастер тұтады. Үлкен әулеттің бар мүшесі бір шаңырақтың астына жиылып, өткен күндерді еске алып, бүгінгі бейбіт те бере­келі заманға шүкіршілік айтады.

Әулеттің ақсақалы Магамет Әубәкір­ұлы­ның тұтас халықтардың басына қайғы-қасірет әкелген сұм заман туралы айтар естелігі мол. Қыстың қақаған күнінде мал тиейтін вагондарға «халық жауы» деген желеумен адамдарды тоғытып, айлап жүрген азапты сапар турасында бала кезінде естігендерін ұмытар емес.

«Өте ауыр жағдай болған екен, деп күрсіне еске алады Магамет Әубәкірұлы. – Жолда жас бала, әйелдер бар, көптеген адам көз жұмыпты. Кейбір деректерге сенсек, сол кезде бір жарым мыңға жуық адам қаза тапқан екен. Амалдың жоқтығынан о дүниеге аттанғандарды жолда қалдырып кетіп отырған. Өйткені жерлеуге рұқсат берілмепті. Шешем айтып отыратын: сол азапты сапар бір айға созылыпты. Жолда анам күйеуі мен үш баласынан айырылады. Өзі әупіріммен тірі қалған».

Әулеттің ұлы анасы Даухан Магамет­қызын тағдырдың желі Көкшетау жеріне айдап әкелген. Ал оның болашақ жұ­байы Әубәкір Султыгов Солтүстік Қазақстан об­лы­сына келіп табан тірейді. Ол да сол азап­ты сапарда зайыбын жоғалтып, төрт баласымен қайғы жұтып қалған екен.

Анасының айтқандары Магамет Әу­бә­кір­­ұлының жадынан өшпек емес. Қап тауы­нан қуылып, қазақ жеріне келіп қо­ныс тепкендерінде жергілікті халық ал­ғаш­қыда үрпиісіп қарсы алған. Келе-келе бұ­лардың мұсылман баласы екенін білгеннен кейін, құшағын кең ашып, араласа бастаған.

«Біз тұрған елді мекен мен қазақтар мекендеген ауылдың арасын өзен бөліп жататын, деп әңгіме айтатын анасы. – Мұсыл­мандарды жерлейтін қорым сол жақта еді. Біз жақтан адам қайтыс бол­ған­да бес-алты ингуш мүрдені судың орта­сы­на дейін көтеріп апаратын. Ал арғы жақ­тан сонша қазақ келіп, марқұмның денесін алып кетуші еді. Ингуштар болса, өзеннің бергі қабағында тұрып, марқұмды соңғы сапарына шығарып салатын. Олар туған-туысын, қимас бауырын қазақтардың барлық мұсылмандық жөн-жобамен жер­лейтіндеріне имандай сенуші еді...».

Магамет Султыговтың айтуынша, мұн­дай оқиғалар көп болған. «Міне, сол үшін де біз кеңпейіл қазақ халқына өмір-бақи қарыздармыз», дейді ингуш ақсақал.

Магамет Әубәкірұлының әкесі мен шешесі Қазақстанда қосылып, екі жарты бір бүтін болған. Балаларын асырау үшін елден қалмай еңбек еткен. Отағасы цемент зауытында қара жұмыс істепті, фермада мал баққан. Жеті баласын қатарынан кем қылмай өсірген.

«Сол кезде біздер бірнеше ұлт өкілдері­мен бірге тату-тәтті тұрдық. Қазақ, орыс, неміс балаларымен қоян-қолтық араласып, бір үзім нанды бөлісіп жейтінбіз. Өте тату болдық. Сол ынтымақ, бірлік қой бізді бүгінгі күнге аман-есен жеткізген», деп ой түйіндейді Магамет ақсақал.

Бүгінде жапырақ жайып, тамырын тереңге жіберген Султыговтар әулетіндегі жас буын да қазақ халқының сонау зұл­мат жылдары жасаған жақсылығын жатқа біледі. Сірә, бұл аштықта жеген құй­­қаның дәмін ұмытпаған, қазақ деген жа­ны жомарт халықтың жақсылығын құр­мет тұтқан аға буынның берген тәлім-тәр­биесінің жемісі болса керек. Осылайша, Сул­­тыг­овтар әулеті үшін мейірбан қазақ хал­қы­на, Қазақстанға ризашылығын білді­ріп жүру бүгінде салтқа айналып кеткен.

 

ҚАРАҒАНДЫ