Былай қарасаңыз, ердің жасы елуден енді асқан Ермектің көп қазақтан айырмасы жоқ. Жұрт қатарлы тірлік етіп жүрген пенде баласының бірі дерсің. Дегенмен... зер салып қарар болсаңыз, осы бір жігіт ағасының қос қолдың бірінен кемдік көрген жан екенін байқар едіңіз...
Тоғыз жасқа толған кезі-тін. Піл сауырлы Сарыарқаның бір пұшпағындағы Саяқ ауылында басқа жер таппағандай жүйткіген жүк көлігі еш алаңсыз келе жатқан баланы қағып өткен. Мұрттай ұшты. Жұрт өлдіге санап еді сол кезде. Жоқ, мұның көрер қызығы таусылмаған екен: әупіріммен аман қалған. Бірақ сол қолы...
Ол кездегі медицинаның бүгінгідей мүмкіндігі жоқ заман еді. Жүйке талшықтары үзіліп, бұлшық еттері мыжылған қолға еш қайран қыла алмай дәрігерлер дағдарған. Амал нешік, қос қанаттың бірі қайырылып, тамырынан жұлынған бәйшешектей сола берген.
Ермекке тағдыр о бастан өш болды ма дерсің: бұл өмірге келгенде әке-шешесі айырылысып кеткен еді. Әкенің қамқор пейіліне, ананың көлдей мейіріміне қанбай, нағашыларының қолында өсті. Енді келіп мына жағдай аямай соққан... Туыстары ақылдаса келіп, қолына ем табылмаған Ермекті ауылда жүруге қиын болар деп, қалаға апаруға шешім қабылдады. Сөйтіп тоғыз жасында қақпасын ашқан Қарағанды, дәлірек айтқанда осындағы №2 мектеп-интернат мұның екінші үйіне айналған.
«Қазір ойлап отырсам, – деп сыр ақтарады Ермек замандас. – Сол кездегі адамдардың пейілі кең екен ғой. Мысалы, мен интернатта төсегімді өмірі жинаған емеспін. Балалар өздері кесте құрып, тап-тұйнақтай қылатын. Қазір ше... әй, қайдам...».
Интернатты бітірген соң Ермек Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың заң факультетіне құжат тапсырды. Мүгедек екен деп мүсіркеген адам баласы болмады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға шекеден қарайтын қатыгездеу қоғам еді ғой. Содан төртінші жыл дегенде оқуға түскен. Қатар жүрген құрбы-құрдас, дос-жаран мұның алған бетінен қайтпас қайсарлығына таңдай қаққан. Кейіннен осы оқу орнынан сырттай оқып, экономистің де дипломын алып шықты.
Әйтеуір, тағдырдың кей-кейде мейірі түскені де шығар, өмір жолында жақсы адамдарды көп жолықтырды. Соның бірі – Қарағанды облыстық салық комитетінің алғашқы төрағасы Мылтықбай Ғазалиев еді. Қолының кемістігі бар деп қарамады, бүкіл жауапкершілікті мойнына алып, жұмысқа қабылдаған. Сөйткен Ермек сенімді ақтады. «Ә» дегеннен жұмысты үйіріп әкеткен. Салық саласындағы небір қатпарлардың қыртысын ашып, күрмелген түйіндерін шеше жүріп, кәсіби тұрғыдағы қаны жерге тамбаған мықты маманға айналды.
Еңбек майданында қатарынан қалмады, тіпті кейбір кездері алға да шығып кеткен. Салық органдарында істеген он сегіз жылдың ішінде талай жетекші лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, өзіне сенім артқандарды жерге қаратпады. Қатардағы салық инспекторынан, ішкі аудит бойынша облыстың бас инспекторы, Астана қалалық мұнай-газ секторының жер қойнауын пайдалану аудиті бөлімінің бастығына дейінгі қызметтік лауазым баспалдақтарынан өтті. Теміртау қалалық салық комитеті бастығының орынбасары қызметін атқарды.
«KSP-Steel» ЖШС сынды 5,5 мың адамнан тұратын ұжымы бар ірі компанияның бас есепшісі болып қызмет еткен кезінде қарамағында 38 бухгалтер жұмыс істеді. Есебіне мығым болды, содан да шаруаның тасын өрге домалатты.
Міне, осындай сан-салалы, ішкі иірімі көп, жауапкершілігі мол, маманнан аса жоғары білім мен білікті талап ететін салық саласында, жеке секторда қызмет еткенінде ол абырой биігінен әсте түскен емес. Кәсіби тұрғыда жоғары деңгейдегі маман екенін кез келген салада адал еңбек, маңдай термен дәлелдеп жүрді.
Бүгінде Ермек Тойшыбеков өзімен мұңдас мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне ден қойып жүр. Кезінде қызметтің қым-қуыт тірлігімен жүргенінде бұл туралы ойлауға да мұршасы болмапты. Ал қазір өзінің бұл саладағы қажеттілігін қатты сезініп жүрген жайы бар.
«Нияз Сүндетәлиев деген жас азамат Қарағанды облысы әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болғанында телефон соғып, құттықтадым. Жап-жас, бірақ талабы таудай жігіт екен. Ақыл-кеңесімді айттым», дейді Ермек. Бүгінде екеуінің арасында нағыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнаған. Телефонмен де, мессенджер арқылы да хабар алмасып тұрады. Өмірден көрген-түйгені мол Ермектің әрбір айтқан сөзін Нияз санап тыңдайды. Көбіне әңгімеге мүгедек жандардың бүгінгі мәселелері өзек болады. Екеуінің арасындағы пікір алмасу барысында күрмеуі қиын көптеген проблеманың түйіні тарқатылып жататыны да рас.
Ермектің мүмкіндігі шектеулі жандар тақырыбына келгенде құрмет тұтатын адамының бірі – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының кеңесшісі Алмас Ержан есімді азамат. Арбаға байланғанына қарамастан, өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған осы бір қайсар жанның әрбір ісіне сүйсініп отырады. «Пандемияның күрделі заманында сау адамның өзі сергелдеңге түсіп кетеді, – дейді ол. – Ал осы бір ғана Алмас Ержанның өзі талай мүгедек жанға шарапатын тигізіп жүр».
Кейінгі кезде Ермек әлеуметтік желілерде мүгедек жандардың сан қилы мәселелерін көтеруді қолға ала бастады. «Кезінде өзімізді қатал тағдыр шыңдады. Бір сөзбен айтқанда, басты тауға да, тасқа да соғып, өмірдің қылкөпірінен аман өттік. Ал қазір жағдай басқа. Ерекше қажеттіліктері бар жандарды тағдырдың талқысына тастауға болмайды. Мен бастан кешкен қиындықтарымды енді жан баласы көрмесе екен деп тілеймін. Осы жолда, осы мақсатта тағдырдан теперіш көрген жандарға барынша қызмет етсем деймін», дейді ендігі бағытын айқындап алған ол.
Қазақ және орыс тілдеріне бірдей жүйрік әрі сауатты жазатын Ермек Әбетайұлының республикалық және облыстық деңгейдегі басылым беттерінде мүгедектер мәселесін көтерген өткір мақалалары шығып тұрады. Мысалы, ол үлкенді-кішілі кәсіпорындарда мүгедектерге арналған арнайы квота болуы керектігін жиі қозғап келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты бұдан басқа да проблемаларды, атап айтқанда, зейнетақы тағайындау, мүгедектік дәрежесін алу сынды шаруалар барысында кездесетін қиыншылықтарды тиісті органдарға жеткізуде аянып қалған жері жоқ.
Кей-кейде Ермектің мына бір ойдың шырмауына жиі түсетіні бар: осы өмірінде Салтанат Қалиасқарқызындай адал жар кездеспегенде, тағдыр жолы қайда апарып соғар еді? Талайдың арманы болған Салтанаты мұны қорсынбады ғой: ұсынған қолын қабыл алып, тілекке тілек қосты. Адал махаббаттың айғағындай қылып, бір ұл, бір қыз сыйлады. Бүгінде бұлар ұлдан екі немере, қыздан жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже. «Қабырғаға шеге де қаға алмайтынымды, баланы да көтеруге қауқарым жоқтығын біле тұра, маған тұрмысқа шыққаны Салтанаттың ерлігі еді. Барлығын да өзі саналы түрде көтеріп алды. Есесіне, балаларымыз соның бәрін көріп өсті. Кіп-кішкентай кездерінің өзінде шешелеріне көмектесіп жүруші еді», дейді Ермек өткен күндерді еске алып.
Мектепте жүргенінде, студент кезінде шахматты бір кісідей шебер меңгеріп ойнады. Тіпті қалалық біріншілікте чемпион болғаны да бар. Осы шахмат тақтасында шыңдалған зейін-зерденің көмегін күрмеуі қиын тірліктің пенде баласының басына салған небір қиын есептерін шешуде көп көрді. Әдебиетті сүйіп оқыды. Бала кезінде Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» деген кітабы жастығының астында жатушы еді. Оралхан Бөкеевтің шығармаларын студент шағында талдағанда, филолог достарының өзін таңғалдыратын. Әлі де сол қалпынан айнымаған. Жақсы кітап көрсе, жата-жастана оқиды. Ішкі әлемінің бай, рухының мықты болуы осы әдеби әлемнің руханиятынан алған күш-қуаттан екендігін өзі де жақсы сезінеді.
Жалғыз қолмен темір тұлпарын жүйткітіп келе жатып, өзіне атан түйе көтере алмас салмақ артқан тағдырына, жіберген сынақтарына тәубе айтатыны да бар. Осы жасқа келгенінше жарымжан жүріп он екі мүшесі түгел сау талай жанға қолұшын берген екен. Мұны ол қатал тағдырдың талай сынға төтеп берген талайына берген сыйы ретінде қабылдайды. Ендігі бар мұраты – өмірдің өрті шарпыған өзі сияқты жандарға шарапатын тигізу.
Иә, өзінің басындағы қиындықты жеңіп қана қоймай, өзгеге қолұшын созып жүрген Ермек сынды қайсар жанның бұл ісін қалайша ерлік демейсіз!
ҚАРАҒАНДЫ