Кез келген ақын-жазушының жүрек түкпірінде бүлкілдеп жүрген бір ойы, яки тақырыбы болса керек. «Бәрін түгесіп, тауысып жаздым» деген ешкім жоқ. Қалам ұстаған әр жанның көзінің тірісінде, әйтеуір бір жазары бар.
Әдеби сауалдамамыздың кезекті авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай. Дәстүрлі сұрақ: «Не жазып жүрсіз? Һәм не жаза алмай жүрсіз?»
– Бір апта бұрын «Алтын орда» атты сценарийді аяқтадық. Аты айтып тұрғандай, бұл киножоба қазақ мемлекеттігінің бастауында тұрған алып империя – Алтын Орда туралы. Сол алып қағанаттың құрылғанына 750 толуын атап өту жөніндегі Президент Қ.Тоқаев көтерген бастаманың бір парасы еді. Осы сценарийді аяқтар алдында ашаршылық тақырыбына арналған «Ақ боз үй» сценарийінің 8-ші нұсқасын тәмамдадым. Алдағы аптада түсірілімі басталмақ.
«Нені жаза алмай жүрсіз?» дейсіз. Соңғы көркем шығармамыз «Ақ боз үй» трилогиясы 1982 жылы басталып, 2000 жылы аяқталған еді. Сол жылдан бері, мінеки, жиырма жыл өтіпті, негізінен кинодраматургия саласындамын. Оның басты себебіне келсек, шынайы шығарма жоғарыдағы Иеміздің құдіретімен көкірекке құйылады. Оны жазбасаң, жер басып жүруің қиын болады. Ол шығарманы жазудан сізді қарынның аштығы да, жағдайдың жоқтығы да тоқтата алмақ емес. Жоғарыдағы Иеңізден бұйрық келгенде сондай халде боласыз. Қағаздан бас көтермей қаласыз. Сонда ғана шынайы шығарма тууы мүмкін. Әйтпесе, жазушы – жазушы дегенге жаза берер болсаңыз, кітаптың сапасы емес, саны көбейе беруі мүмкін.
Алайда кинодраматургиядан басқа жанрда тиіп-қашып қалам тартып жүрген жайым бар. Соның бірі – теологиялық ой-толғаулар. Осы жанрда «Қиямет-Қайым ғасыры» атты кітап шықты. Ол шығарма 2016 жылы жарық көрген 2 томдық таңдамалыларға кірген. Кітап небәрі 2000 данамен кітапханаларға ғана тарады. Сондықтан «Қиямет-Қайым ғасырын» жақында ғаламторға салуды жоспарлап отырмын.
Көсемсөз, яғни публицистикада да үзбей жазып келемін. Бұл жанрдың ұтқырлығы – оның ұшқырлығында. Зымыраған уақытқа, уақыт тудырған күйіп тұрған мәселелердің ізін суытпай табан астында үн қосу. Азаматтық көзқарасыңды ашық білдіріп отыру. Сондықтан мақала жазудан ешқашан бас тартпақ емеспін. Онсыз, қоғамдық келеңсіздіктермен майдандасу мүмкін емес. Қалам ұстаған қазақтың бір үлкен қыры болса, ол – оның күрескерлігі емес пе? Халық сөзін сөйлей білуі емес пе? Қалам бізге сол үшін берілді емес пе?!
– Шығармашылық құпияңызбен бөліскеніңізге рахмет.