Ән әлемінің жарық жұлдызына айналған Димаш Құдайбергеннің орындауындағы қазақ әндері шетелдік тыңдарман үшін ұлы дала музыкасының антологиясы секілді. Өнерпаздың орындауындағы қазақы әуен халқымыздың ұлттық құндылықтарына, бай мәдениеті мен көркем өнеріне талайды еліктірді. Бізбен қуана тілдескен Димаштың шетелдік тыңдарманының қазақ халқына деген ізгі ілтипаты мен ықыласын бір мақаланың көлеміне сыйдыру әсте мүмкін емес.
Адамның саналы ғұмырында естіп, біліп көрмеген ұлттың тарихы, мәдениеті мен бүгінгі тіршілігіне кенет қызыға кетуі қаншалықты сирек құбылыс екені айтпасақ та белгілі. Ал бір дарынды тұлғаның шығармашылығы арқылы бүкіл бір елдің болмысын ашып, ұлттық өнерін әйгілі ету тіпті қиын. Алайда, мүмкін екен.
Димаштың табиғи дарыны, орындаушылық мүмкіндігі, бұлбұл үні, әуезді әні мен біртуар қабілеті осыған дейін де талай айтылды, алдағы уақытта да айтыла береді. Өзі жастайынан аңсаған «Қазақтың атын әлемге танытқым келеді» деген арманы бүгінде шындыққа айналды. Әншінің шығармашылығын жіті бақылайтын тыңдаушысы оның ана тіліндегі әндеріне деген ықыластың ерекше екенін бірден аңғарады. Ұлттық әуендердің ырғағы мен иіріміне қызыққан талай шетелдік Ұлы даланың тілі, ділі, мәдениеті мен өнеріне құштарлық танытып, меңгере бастады.
Аргентиналық Ирма Ледесма шығыс мәдениеті мен дәстүрін Димаш арқылы тани бастағанын айтады. Өз елінде жойылуға жақын ұлттық құндылықтарға ол Димаштың өнерімен сусындай бастаған.
– Мен қазақ елінің музыкасын, ұлттық аспаптарын, биін, сондай-ақ өмірге, отбасына қатысты ұстанымдарын, өзгелерге құрмет көрсетуі және Отанын сүюі секілді асқақ құндылықтарымен таныстым. Димашты – қазақ мәдениетінің үздік үлгісі деп білемін. Біздің қазақтардан үйренеріміз көп, – деп сөзін түйіндеді И.Ледесма.
Ағынан жарылған тыңдаушылардың бірі малайзиялық Роузин Чери Димаштың Қазақстанға деген ғажап сүйіспеншілігі өзіне берілгенін айтып, күлдіріп алды. Черидің ұлы үйінде теледидарда үздіксіз қосылып тұратын киіз үй, жылқылар мен кең-байтақ даланың бейнесіне тіпті таңқалмайды екен.
– Димашты алғаш көргенде оның орындаушылық шеберлігі ерекше елітіп әкетті. Осындай дарынды әншінің қайдан шыққаны, қандай тәрбие алғаны қызық болды. Оның өз ұлтына деген ерекше сүйіспеншілігін байқамау мүмкін емес. Қазақстанның туын құрметпен сүюі, әр әнінің соңында «Welcome to Kazakhstan» деп қонаққа шақыруы сахналық қойылым емес, оның табиғи болмысы екенін көрсетіп тұратын. Өз ұлына осыншама сүйіспеншілікті дарытқан қандай ел болды екен деген сұрақ туады. Осылайша өзіме бейтаныс халықты жақсы көріп кеттім деуге де болады, – дейді малайзиялық тыңдарман. Роузин қазір қазақ тілі сөздігін сатып алып, онлайн топта тіл үйреніп жүр. Орталық Азия, Қазақстан туралы да көп оқиды. Алматыда өткізген бір күнін жиі еске алып, қайта оралуды армандайды. Домбыраның үнін бірден ажырата алатынын айтады.
Димаштың өнері арқылы қазақ тіліне қызығушылық танытып, оны меңгере бастаған жалғыз Роузин емес. АҚШ тұрғыны Эмили Тремблей қазақ жазушыларының шығармасын оқып, өзге әншілермен де таныса бастапты. Сұхбаттарында Димаштың «Абай жолы» романын бірнеше рет айтқанын естіген ол шығарманың ағылшынша нұсқасын тауып, оқуға кіріскен. АҚШ-тың Индиана штатының тағы бір тұрғыны Руф Барклей Абайдың өлеңдерін оқып, қазақ тіліндегі әндердің мәтінін түпнұсқада түсінгісі келетінін атап өтті.
Осыған дейін қазақ тіліне Латын Америкасында сұраныс артып, Димаштың жанкүйерлері елшілік жанынан курс ашуды ұсынғанын естіген едік. Бұл қазақ тілінің дамуының жаңа көкжиегі, жаңа белесі секілді.
Бразилия әдебиетін зерттеуші, профессор Стелла Монт қазақ тіліне деген қызығушылығы «Дайдидау» әнінен басталса, «Самалтаудан» кейін қазақ мәдениетіне көңілі біржола құлағанын айтады.
– Әнге арқау болған туған жерін қимай соғысқа аттанған бозбаланың қасіреті менің Африкадан Бразилияға күшпен айдалған ата-бабамның тағдырын еске түсірді. Осылайша қазақ даласының тарихын зерттей бастадым. Менің ендігі арманым – Қазақстанның Нұр-Сұлтан мен Алматыдан басқа Арал теңізі, Балқаш көлі секілді көп біле бермейтін көрікті жерлерін аралау, – дейді Стелла Монт.
Димаштың АҚШ-тағы тыңдаушысының бірі Иви Делакур жоғары оқу орнында Ұлыбритания әдебиетіне, ағылшын тіліне маманданған. Ескі ағылшын-саксон, француз тілдерін қосымша меңгерген ол қазақ тілін де үйренгісі келеді. Алайда, оны меңгеру қиынға соғып жатқан көрінеді. Арасында өлең жазып қоятын Иви Димаштың әндерінің ағылшынша аудармасына көңілі толмайтынын айтады. Себебі аударма жеткізе алмайтын қазақ тіліне тән кейбір сөздердің мағынасы тәржімалағанда өзгеріп кетеді.
Талғамы биік тыңдаушы Димаштың қазақ тілді туындыларында ұлттық музыкалық аспаптардың үнін жиі естиді. Осылайша ол ұлттық музыканы дамытып қана қоймай, оны заманға сай қолданып, шетелге насихаттап жүр. Бұл дара Димаштың шығармашылық миссиясының үлкен бөлігі деуге болады. Әншінің мұндай музыкалық шешімін тыңдарманы да өз деңгейінде бағалап жатады. Мәселен, жазушы Ева Бауман еуропалық оқырманы үшін жазып жатқан фэнтези жанрындағы романына қобызды қосқан. Ол Димаш арқылы қазақтың ұлттық аспаптарымен танысқанын, шығармашылығына үлкен шабыт алғанын баса айтты.
– Алғашында Қытайда өткен жарыста «Дайдидау» әнін сүйемелдеген өзгеше, өзіме жат аспаптардың үнін естідім. Кейін «Қайран елім» әнінде қобыздың даусына сүйсіндім, ерекше әсер қалдырды. Сол үнді қиын сәтте жалықпастан қайталап тыңдай бердім. Жеті айдан кейін жазып жатқан туындыма қобызды қосуды ұйғардым. Романның басты кейіпкеріне Димаштың музыкасы мен өмірлік құндылықтары шабыт берді. Қобыздың ерекше үні менің еуропалық оқырманым үшін экзотикалық деуге болды және фэнтези жанрына құйып қойғандай, – дейді жазушы. Қазақтың ұлттық аспаптарын терең зерттеген ол жаңа туындысын аяқтап, оқырманға ұсынуға асық.
Әнші үшін музыкасы арқылы тыңдарманының шығармашылығына әсер етіп, шабыт бергенін естуден асқан бақыт жоқ болар, сірә. Димашты сүйіп тыңдайтын әрбір жанмен сөйлескен сайын үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдарды біріктірген музыканың бірегей тіліне, құдіретіне таң қаласың, таңданасың.
Алма жемісінің Исландияға келу тарихын зерттеп жүрген антрополог Хельга Огмундардотир ғылыми жұмысына жаңа серпін, тың бағыт алды деуге болады. Мамандығы бойынша Ұлы даланың ежелгі тарихына, көшпелі халықтың ғұрпына және посткеңестік кезеңге қызыққан маман Димашпен таныстығынан кейін Қазақстанға ерекше назар аудара бастаған. Ол алдағы уақытта тарихта алманы алғаш үйде өсіре бастаған аймақ – Алматы тауларын көруді армандайтынын жеткізді.
Димаштың шетелдік тыңдаушыларымен тілдескен сайын ол қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін ғана емес, әдебиеті мен ғылымын да насихаттап жүргендей әсерде қаласың. Расымен, музыкада шекара жоқ қой. Ғалымның да, спортшының да, зауыт қызметкерінің де, саясаткердің де жан дүниесі музыка дегенде құлпырып шыға келеді, әуезді әнмен емделіп, әдемі әуенмен сусындайды, шер тарқатып, рухани байи түседі.
Әдетте белгілі тұлғаның шығармашылығы ғана емес, болмысы да үлкен рөл атқарады. Сол тұрғыдан алғанда Димаштың сахнадан тыс өмірлік ұстанымы, отбасына, жақындарына деген қарым-қатынасы, адами қасиеттері, өмір салты мен ұлтына деген риясыз көңілі көпке үлгі болады. Әншінің колумбиялық тыңдаушысы Эльза Патриция Димаш үшін ұлттық кодын, ерекшелігін көрсету, әлемге таныту маңызды екенін түсінеді.
– Димаштың әр әрекетінен қазақтың исі аңқып тұрады. «Қайран елім» туындысы – толығымен қазақы өнім. Осы әнге түсірілген бейнебаянның америкалық MTV арнасынан көрсетіліп жатуы – үлкен жетістік, бұл – белгілі музыкалық арнадан берілген тұңғыш қазақ тіліндегі ән. Димаштың концерттері «Дайдидаусыз» өтпейді. Ол шетелдік тыңдарманының ана тіліндегі әнді бірге шырқағанын қалайды. Биылғы онлайн концертінде экранға қазақ суретшілерінің туындысын қойды. Әлеуметтік желідегі парақшасында халқының ұлы тұлғаларын, ұлттық мерекелерін, салт-дәстүрін насихаттап, бізге шетелдік жанкүйерлеріне түсіндіруден жалықпайды. Біз Димаш арқылы қазақтың үйінде болып, дастарқанынан дәм татқандай әсерде боламыз, – дейді Эльза Патриция. Ол тіпті қазақтың ұлттық тағамы наурызкөже мен ет асуды да өнерпаздың әжелерінен көрген екен.
Иә, Димаш өзінің қарапайым болмысы мен қазақы өмір салты арқылы бүкіл әлем алдында халқымыздың айнасы болып отыр десек, артық айтқандық емес. Әншіні еліміздің тұрғындары ғана емес, Қазақстанда туып, шетелге қоныс аударған бұрынғы отандастары да мақтан тұтады. Бізбен тілдескен Фара Лапико Алматыда дүниеге келген, қазір Канадада тұрады. Ол бұрын алматылық «А студио» тобын сүйіп тыңдаса, қазір жерлесі Димаш Құдайбергенді ерекше құрметтейтінін жеткізді. «Канадада тұратын орыс тілді бір миллионға жуық адам Димашқа жанкүйер деуге болады», дейді Ф.Лапико.
Қазақ әншісінің шығармашылығын Германияда насихаттап жүрген жандардың бірі – Бетина Древенсек Димаш қазақ тілінде ән салғанда басқа қырынан ашылып, ерекше жарқырайтынын алға тартты.
– Оның даусы кез келген әнге үйлесе кетеді. Алайда, ең қызығы, қазақша әндерге келгенде екінші тынысы ашылатын секілді, рухы көтеріліп, бірден түрленіп сала береді. Шынымды айтсам, қазақ халқына қызыға қараймын. Тарихтың қанша соқпағынан өтсе де, дәстүрі, ұлттық құндылығы мен мәдени байлығынан айырылмаған. Біз, немістер ұлттық ән-биіміз бен әдет-ғұрпымызды ұмытып барамыз, – деп сөзін түйіндеді әншінің неміс жанкүйері.
Қазақтың ұлттық құндылықтарының, тілінің, мәдениеті мен өнерінің, өмір салтының, отбасына негізделген тәрбиесінің шетелдіктерді қызықтыра бастауы Димашпен қатар, технологияның да жемісі екені белгілі. Тыңдаушыларымен еркін тілдесіп, пікір алмасу да осы заманауи құрылғылар арқылы мүмкін болып отыр. Ұлы дала мәдениеті қазақтың өнері арқылы әлемге танылуының символикалық мәні ерекше. Өйткені дүйім түркі жұртының ежелгі Отаны – Қазақстанның мәдени мұрасының тамыры тереңде. Бұл баға жетпес мұраны әлем жұртына Димаш секілді ерекше мақтанышпен, сүйіспеншілікпен таныстыру тәуелсіздік ұрпақтарына бұйырған бақ екен.
P.S. «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтылмаса керек. Оның айқын дәлелі – Димаштың дара үні болып жер дүниені дүр сілкінткен музыканың шексіз мүмкіндігі, өнердің түпсіз терең тұңғиығы. Ұлттық құнардан нәр алып, қиянға қанат қаққан қазақтың қаршадай ұлының туған елі мен өскен ортасына, Отанына деген риясыз сүйіспеншілігі, әлбетте, кез келген жанды селт еткізбей, тебірентпей қоймасы анық. Өйткені музыка – күллі адамзаттық құбылыс болса, ән – көңіл кілті. Ендеше, ұлттық өнер өрнегі арқылы шартараптың назарын өзіне – ұлы даланың ұлық мұрасына бұрғыза алған Димаш өнері – шын мәнінде қазақ һәм адамзат мәдениетіндегі құбылыс! Ал біз өз кезегінде сүйікті әншісіне, оның туған жері мен халқына деген ыстық ықыласын риясыз төккен шетелдік талғампаз тыңдаушыға басымызды иіп, шын жүректен алғыс білдіреміз!