Шет ауданындағы археологиялық-этнографиялық музейде сақтаулы тұрған қалақ домбыраның қызғылықты тарихы бар. Қарағайдан шауып жасалған бұл аспап әйгілі күйші Әбікен Хасеновке тиесілі екен.
Музей директорының міндетін уақытша атқарушы Динара Аханованың айтуынша, бұл домбыраны аталған мекемеге 2007 жылы Тұрсын Мұқанұлы есімді кісі тапсырыпты.
Дәулескер күйші Әбікен Хасенов бұл азаматтың Өспен ауылында тұрған әкесі Мұқан Мақажановпен заманында қатты араласып, сыйласқан екен. Сол достықтың белгісі ретінде бір келгенінде өзінің домбырасын сыйға тартып кетіпті.
Бұл турасында Тұрсын Мұқанұлы айтқан естелікті Шет музейінің директоры болған марқұм Зәрубай Сүйіндіков былай деп хатқа түсірген: «1942 жылы Әбікен Хасенұлы біздің үйге келген еді. Ол – біздің жақта өте танымал домбырашы. Әбікен ауылға келді дегенді естіген жұрт біздің үйге жиналатын. Кедей отбасы болсақ та, біздің үйге ғана түсуші еді. Бір келгенде екі-үш күн қонып кететін. Халық оны жібермейтін. Менің есімде қалғаны – ол ұзын бойлы, қараторы кісі болатын. Көзі үлкен, қыр мұрынды, шашы қара, артқа қайырылған, кең маңдайлы, сымбатты адам еді. Жас шамасы 40-45 жаста болатын. Менің әкемнің де анда-санда домбыра шертіп қоятыны бар еді. Сол келгенде Әбікен өзінің қолындағы домбырасын әкем Мұқанға сыйға тартып кетті. Сол домбыраны әкемнің көзінің қарашығындай сақтап осы күнге жеткіздім. Балаларымның жасы кіші кезінде сындырасыңдар деп ұстатпайтынмын».
Қарағанды облысы,
Шет ауданы