• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2010

АЛЖАСУ

838 рет
көрсетілді

Саябақтың іргесінде тұрған­дықтан ба, мен құстар әнін жүрегім елжіреп тыңдаймын. Әсіресе, таң ағарып келе жатқанда қанаттылар дүние-думанын тіпті қыздыра түсе­ді. Күн ақбас Алатауда иек артып, нұрына Жер-ананы бөлей баста­ғанда дала жаршылары шырқау шегіне жетеді. Қай құстың қандай үнмен сайрайтынын білмеймін. Тек біреуі ғана... “Көкек, көкек” деп өз атын өзі шақырады да отырады. Бірде әжемнің көрсеткені бар еді, бала кезімде. Әп-әдемі. Түсі қоңыр, жүні жып-жылтыр, маңдайында айдары бар екен. Табиғат неге оны бөлекше жаратты екен? Балапан шығарып, оған аузымен жем тасып, балапанының қанатын қатайтып, ұшыратындай түйсік бермеген ол жұмыртқасын басқа құстың ұясына тастап кете береді екен. Халық өз перзенттерін туа тас­тап кеткендерді “Көкек-ана” са­най­ды. Ал мен болсам, “Түп­тің тү­бінде ондай әйелдер жетім бала­лары­­ның көз жасының кәріне ұшы­рай­ды” дегенге сене қоймай­тын­­мын. Адам тағдырын таразыға са­лып өлшеп-пішіп жүргендер мына алмағайып заманда бар ма дегенім де бекер екен. Көксу ауда­ны “Қы­зыл­арық” ауылындағы арыстай бір азаматтың тауқыметі халық айтса қалт айтпайтынын дәлелдеді. Жә, бәрін де басынан бастайын. Өмірдің өзі жазған шежіресін қаз-қалпында баяндап берейін. ... Оқиға 1970 жылдары болған. Қарапайым ғана қазақ ауылы. Таң­ның атысы, күннің батысына ше­йін дала еңбегі қызған шақ. Кер жолдың жағасындағы қараша үйдің алдында қазанға от жағып шүйке­дей қара кемпір отырған. Жасы 70-тен асқан. Есіктің алдына көгілдір “Жигули” тоқтағанда байғұс кейуана қатты қуан­ды. Мәшинеден аққұба, тол­қынды қара шашты, көзі танадай жайнаған сұлу келіншек түсті. – Қарағым келдің бе? – деп Әсима әже ұшып тұрып құшағын аша ұмтылды. Кира келін тіл қатпай, ала сөм­ке­сін бұлғаңдатып, үйге енді де шифонерді ашып, киімдерін сала бастады. Қасындағы енесіне көз қырын да салмай, оны-мұнысын түгендеп болған соң, далаға шығып көлікке беттеді. Сол сәтте көшеде ойнап жүрген үш қызы жүгіріп келіп, етегіне жармассын. – Мама, мама кетпеші. Кет­пеші, – деп үшеуі ботадай бозда­сын. – Кетемін, – дейді Кира екі­леніп. – Мәңгілікке... – Біз ше?, – деді 5 жасар Гүлайы. – Сендер Секеннің қызы­сың­дар. Қаласыңдар. Апаларың бар емес пе? – Не деп тантып тұрсың, Кира?! Бұларға мен ана бола ала­мын ба? Төрімнен көрім жуық емес пе?, – деді Әсима әже. – Мама, деп 5 жасар Гүлай шаужайына қайта жармасқанда сұлу әйел аяғымен теуіп құлатты да шопырға иек қақты. Көгілдір мәшине асфальт жолға түсіп шаңды шұбыртып ұзай берді.  Қара кемпірдің үміті үзілді. Бұрында да кетуші еді. Туыс­қан­шылап апта жүріп, қайта ора­латын. Бұл жолы екі айдай жоға­лып кеткен. Қапал ауданының “Көктума” совхозында жүргенін ұзынқұлақ жеткізген. Ең болмаса балаларына оралар деп үміттенген. Ботадай боздаған үш қызға көз қырын да салмады. Неткен қытыгездік. – Оу құдай, енді қайттым, – деп қара кемпір жерге отыра қалып, басын қос қолымен ұра бастаған. – Ел-жұртқа қай бетіммен қараймын? Жетпістен асқанда жеткізген жерің осы ма?! Жетімдерді өсіруге, ғұмырым жете ме, менің. Үш балалы Секенге кім тиеді? Егіс даласынан механизатор баласы түскі асқа келгенде үш қыз, бір кемпір бірін-бірі құшақтап жылап отырған. – Жылама, апа, – деді Секен. – Кираның кезекті саяхаты болар. Әпкем Аққайшаға хабарлайын. Іздеп бармаған соң көрсеткен қыры шығар. Әсима әже жалғыз ұлына Кираның 5 жасар Гүлайын теуіп жібергенін айтқан жоқ. Жаман ырымға балап, ішіне түйді. Ұлының көңілін суытқысы келмеді. Ат айналып қазығын таппай ма? Үшқайыңда тұратын Аққайша­мен қызметтес едік. Ұзақ жыл мем­лекеттік мекемені басқарып келеді. 1991 жылдан соң өтпелі кезеңде жалғыз бауырын аудан орталығына көшіріп алды. Үй сатып әперді. Бауыры мен екеуінің сыйластығы ғажап еді. Бір күн тілдеспей, көріс­пей тұра алмайтын. Алғашқы соқ­қыны да Аққайша әпкесі қабылдап еді. Секен мырза оған Кира сұлуын алып келуді тапсырған ғой. – Мен қазақ әйелдеріне табы­натын едім. Өз шешем Ұлы Отан соғысына аттанған ері қайтыс болғанда 28 жаста ғана екен. Сонан екеумізді бағып, қағып, өмірін жесірлікте өткізген. 1950 жылы Алматы облысы Шұбар ауылында туып, Кеңес мектебінде он жылдық білім алып, ата-ана тәрбиесін көр­ген Кира келінді жамандыққа қалай қиямын, – деп бастады әңгімесін Аққайша замандасым. – Он жылдай тату-тәтті тұрып, үш қыз туды. Қара кемпірдің қа­тал­дығына, бауырымның міне­зіне де шыдады. Қызылша алқабында жұмыс жасады. Ел қатарлы тірлік жасап жүрген соң анда-санда туысқаншылап қыдырып кететініне кешіріммен қарағанымыз рас. Аяқ астынан айрандай ұйып отырған отбасы бұзылады деп ойламаппыз. Тамағы тоқ, көйлегі көк адам жы­лы орнынан қозғала ма? “Іздеу сал­мадыңдар” дегені еркелігі бо­лар деп Қапал ауданына іздеуге аттан­дық. Қасымда жеке шопы­рым­мен қоса бір бауырым мен туыс апайды ертіп алдым. Ұзын бойлы, толықтау, аққұба, көзі қарақаттай өңді келінімнің мінезі де тым жұмсақ болатын. Жұбайымен дәл сол жолы жүз шайыспапты. Үш баласын қия ма деп ойладым. 200 шақырым жол жүріп, “Қарақұм” совхозына да жеттік. – Кира деген әйелді білесіз бе?, – деп сұрадық жолыққан жаннан. – Е е, білеміз ғой. Ол Қабыш деген азаматтың үйінде тұрады. Анау мәшине тұрған ақ үй. Бүгін үлкен келіні босаныпты, – деді. Еңселі ақ үйдің ауласына еніп, “Құдайы қонақпыз” деп кіріп бардық. – Төрге шығыңыздар, – деді бір әйел. Кең бөлмедегі ұзынша үстелге ас мәзірі қойылған екен. Төрге шы­ғып, жайластық. Кираның қарасы көрінбейді. Осы үйдегі жұбайы қайтыс болған азаматқа тұрмысқа шығыпты деген сыбысты естіген едім. Анық-қанығын өзім білмек болып, бауырыма да, шешеме де тіс жармаған болатынмын. – Бұйымтай айтыңыздар, – деді бір кейуана. Бүгін бұл үйде ақтүйенің қарыны жарылып жатыр. Қабыштың келіні ұл туды. Мына дастархан басқарып отырған жаңа туған сәбидің әкесі Қанат, – деді. – Бауы берік болсын, – дедік. Артынан: – Жоқ іздеп жүрміз. Кираны қуып келдік, – дедім. Оны “Қызыл арық” совхозынан алып кеткен кім? Сіз бе? – дедім Қанатқа қарап. – Мен едім, – деді Қанат. – Әкең қайда? – Қой бағып кетті... – Ендеше тыңда, Қанат. Жаңа туған сәбидің шілдеханасында отырғандықтан, ақ сөйлейін. Кира біздің келін. Некелесіп қо­сыл­ған жұбайы, үш қызы бар. Туыс­­қаншылап, қыдырып жүрген әйел­дің кім екенін анықтамай, әке­ңе қос­­қаның не? Кираның туған қы­зын теуіп кеткенін көріп тұрып, көңілің неге суымады? Әлде сол қыз­дың анасы екенін білмедің бе? – Білмедім. Баланы ұрғанын көрдім. Күйеуі бар екенін айтпады, – деді Қанат қызарақтап... – Әкей екеуі бірін-бір ұнатып... – Тоқтат, – деп айқай салдым. Далаға шыққан соң Кираны ша­­қырттым. Оңаша бөлмеде жолық­тық. – Бақытымды таптым, – деді ол сәлемімді әзер алып. – Бақытыңды жоғалттың, – деймін. – Қабыштың әйелі өлген. Ке­ліп-кетіп жүргенде... – дейді көзін төмен салып. – Бұл күйеуіңнің көзіне шөп салғандық. Шариғатқа қарсы әрекет. – Шариғат махаббатты жақ­тайды, – дейді беті шімірікпей. – Ол махаббат – перзентке деген сезімнен артық па? Тіл қатпады. – Сен Секенді сүйдің ғой? – Сүйдім. Енем қатал қарады. – Сол қатал қарайтын енең үш қызыңды алақанына салып аялап отыр. Айына неше мәрте той-тойлап, араққа ауызданғаныңды да кешірді. Мына құштарлығың есіңді алған есірткі, Кира, – дедім істің насырға шапқанын байқап. Алдымнан көлденең өтпеген келінім Кираның түсі суып, бет әлпеті көгеріп барады. Үш қыз – Гүлім, Гүлай, Сәулеттің хал-жағдайын сұрамағаны қорқы­ныш ұялатып, төбе шашымды тік тұрғызды. Иілген басты қылыш шаппас деп ең соңғы жалынышты тілегімді айттым. – Сенің күйеуге шыққаныңды Секенге айтпайын. Құпия болып қалсын. Үш қыздың бақыты үшін күнәңді кешірейін. Ақ босағаңа, ақ некелі жарыңа қайт. Бай болмаса да аштан өліп, көштен қалып жат­қан жоқсыңдар. Көппен көрген ұлы той емес пе? (Ол басын шайқады). – Сонан соң, – деп сөзімді жалғадым. Жаңа жұбайың қой бағып кеткен екен. Ақиқатты бала­сы айтар. Ол ақылды болса, сенің біреудің некелі әйелі, үш қыздың анасы екеніңді білсе ұстай қоймас. Балалы-шағалы адам екен, Құдай­дан қорқар. – Бәрібір қайтпаймын, – деді ол сазарып. – Махаббатым... – О. Құдай махаббаттан садаға кет, – деді қасыма ерген туыс апамыз. – Салдақы. Жазаңды тартарсың әлі. – Мен сені қарғамайын. Үш жиенімнің анасысың ғой. Мына әлемде әділет бар болса бір өкінер­сің, – деп көзімнен аққан жасты тия алмай далаға шықтым. – Қашан оралсаң да есік ашық, – дегеніме әлі өкінемін. Құдайдан Кираны көзіме көр­сетпе деп тілеп едім. 20 жылдай хабар-ошарсыз кетті. Ұзынқұлақ жет­кізіп тұрды ақпаратты. Жас сұлуға кім қызықпайды. Қабыштан да кетіп, тағы тұрмыс құрады. Олардан да кетеді... Үшқайыңда Секеннің үш қызы бойжетіп, тұрмысқа шыға бастады. Кенже қыз Сәулет Көксу ауда­нына, Гүлім Талдықорған қаласын­да тұра­ды. Тек ортаншы қызы Гүлай ғана әкесі Секеннің қас-қабағын бағып, оң босағада отырып қалды, біраз жыл. – Секен бауырым, екі әпке­сінен кейін 13 жылдан соң туған екен. Ол үш жасында қатты ауы­рыпты. Сонда әкесі Сәду мен оның әпкесі Зағипа екеуі мойын­дарына  киізден есілген көгенді салып, жаң­быр жауып, күн қатты күркіреп тұрғанда қарашаңы­рақ­ты айналып, Тәңірге жалбарынады: – Жалғыз ұлды алма. Оның орнына мені ал, Құдай, – деп тілек тілеген екен. Секен тәуір болғанша олар мойын­дарынан қылбұрауды алма­ған. Ақыры Ұлы Отан соғысының Сталинград шайқасында Сәду хабар-ошарсыз кетті де, Зағипа әже немерелері Аққайша мен Секеннің тілеуін тілеп өтті өмірден. Сөйткен Секеннің қу тізесін құшақтап өт­кені-ай. Қара басы болса бір сәрі, үш жетім қыз бен қара кемпірді айтсаңшы. Алған әйелдерімен жұлдызы жараспады. Өле-өлгенше Кирасын аңсады-ау деймін, – деп ағынан жарылған еді Аққайша. Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы. “Азат өмірдің” еркесі 50 жастан асқанда Гүлай қызын іздеп келіпті. Үштөбеге... Мәкен ӨСЕРБАЕВА, журналист. ТАЛДЫҚОРҒАН.