Әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермен қауым, оның ішінде Бразилия, Аргентина, Боливия, Венесуэла, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай, Чили, Эквадор сондай-ақ Ресей, Польша, Белгия, Сингапур, Швеция мен Австралияда тұратын отандастарымыз Қазақстан халқының бірлігі мерекесі аясында «Астана Опера» театрының спектаклін бір мезетте тамашалайтын болады, деп хабарлайды Egemen.kz
Опера және балет театрының спектакльдерінің онлайн көрсетілімі елордалық театрдың You Tube платформасындағы жеке каналынан көрсетіледі. Сондай-ақ таратылымның уақыты мен күні туралы мәліметтерді әлемнің 16 еліндегі Қазақстан Республикасының елшіліктері тарататын болады.
«Адамдарды мәдениет сияқты ешнәрсе топтастырып, біріктіре алмайды, сол себепті біз Қазақстан халқының бірлігі күні әлемнің әр қиырында спектакльдеріміздің онлайн көрсетілім жобасын жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Оған 16 ел қатысады деп жоспарлануда. Алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасының Ресей, Бразилия, Польша мен Швециядағы елшіліктері келісім білдірді. Онлайн афишаға 5 спектакль енді – 28 сәуір күні өтетін А.Аданның «Корсар» балеті, келесі күні жұртшылық назарына П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі» танымал балеті ұсынылмақ, операны сүйетін отандастарымыздың назарына 30 сәуір күні Дж.Пуччинидің «Турандот» спектаклін әзірледік. Ал 1 және 2 мамыр күндері халықаралық аудиториямызды әлемдік хореография жауһарлары – Л.Минкустың «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балеттерімен қуантпақпыз», деді «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.