• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Сәуір, 2021

Жаңа әдебиеттің атасы – ескі әдебиет

1191 рет
көрсетілді

Әдебиеттің әңгімесі ешқашан таусылып көрген емес. Қаламды қасиет тұтқан әр қаламгердің ол жайында өз көзқарасы мен айтары бар. Осы орайда біз «Әдебиет –ардың ісі» деген ұлы ұғымға адалдық танытып келе жатқан жазушы Қуандық Түменбаймен жүздесіп, қазіргі көркем сөз өнері мен шығармашылығы туралы әңгіме өрбіткен едік.

Қазақтың табиғатына шабуыл басталды

– Аға, биыл тәуелсіздігімізге отыз жыл толып отыр. Осы азаттық ал­­ған­­­нан бергі қазақ әдебиетінің да­муы­на көңіліңіз тола ма, толмайтын тұс­тары болса оны да айтыңыз?

– Әдебиет дегеніміз – тіл. Өз тілім­ді, өз әдебиетімді көкке көтеремін. Тәуелсіздік дегеніміз – асау ат секілді, оны бас білдірту де оңай емес. Отыз жылда не­бір дүниелер жазылды, атын атап айтуға уақыт та, көлем де көтермейді. Менің қазақ әдебиетінің насихатына көңілім толмайды. Даму дегеніміз – насихат, жақсыны көре білу. Еңбек – насихатымен құнды, кетпен шапқан диқан дәнін күз келгенде таразыға салмай ма? Жазушы алақаны қажалып жазған дүниесі оқырманына жетпей жатса, «дамымай қалу» деген осы. Оның әртүрлі себептері мен шешілмеген түйіндері бар. Оп-оңай шешіп ап жатқандар да бар. Қаптың аузы шешілмей қалмайды, бірақ оның ішіндегі күріш пе, күрмек пе? «Күріштің арқасында күрмек су ішіп» жүрмей ме? Бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр.

– Кеңес заманында қазақ әдебиеті дәуірледі, ал егемендіктен кейін жа­зыл­­ған әдеби шығармаларда сондай өсу бар ма?

− Бір сәл оқығандау, қарны шыққан кісі: «Осы Әуезов табиғатты суреттегенде езіп кетеді ғой», – дейді ешкімнен ықпай. Сөзінде астындағы «Джип» пен қалтасына салған көкала қағаздың да буы бар. Менің жауабым: «Абай жолын» Маркес те, Мураками де, Хэмингуей де жаза алмайды. Толстой жазуы мүмкін, өйткені ол «Соғыс және әлемді» (бейбітшілік емес) жазды ғой. Ал Шолоховыңыз қайдам, «оның «Тынық Донындағы» мягкий знак (ь) пен твердый знакті (ъ) алып тастаса революциядан түк қалмайды», деп орыстардың өзі тиісіп жүр ғой», – дедім. Ол үндемеді, ар жағына ештеңе жетпеді. Менің қатарларым «Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр, ауада дымқыл сыз бар» деп «Абай жолының» бастауын жатқа айтады. Олар осы жолдарды айтқанда табиғат аясында жүргендей бір демалып қаласың. Қазір қазақтың табиғатына шабуыл басталды. Ең қиыны, қой баққан қара қазақ әдеби планнан қалып барады. Өйткені қара қой маңырап «аренаға» шығуды қойды. Бізге дала табиғаты да, жан табиғаты да қажет. Әдебиеттің соңғы өкілдері өзі аз қалған қойға әрең бас ие боп отырған сорлы қазақтан гөрі Байқоңырдағы стратегиялық бағыттағы зымыран бөлімшесінде отырып ап бір нүктені нысанаға алған шала қазақты суреттеуге құмар. Кеңес әдебиетімен өстік, сол қоғамның өзіне де, әдебиетіне де топырақ шашу – өз көзіңді өзің шұқумен бірдей. Жаңа әдебиеттің атасы – ескі әдебиет. Қай кезеңнің шығармасы болмасын әдебиет теориясының ережесіне бағыну керек. Тәуелсіздік алғалы айта алмай іште сақтаған «сырымызды» еркін айтып, цензураның бетіне бақы­райып қарайтын болдық. Оның да сан­қилы әдеби тәсілдері бар. Өткен жылы Мемле­кеттік сыйлық алған Тынымбай Нұрмағанбеттің «Рухтар жерден кетеді» романы тәуелсіздігіміздің алғашқы жетіс­т­ігі дер едім.

– Бүгінде түрлі әдеби ағымдар пайда болды, содан ба, әдебиетке қойы­латын талап та өзгеріп барады. Мұны сіз қалай қабылдайсыз?

– Талап біреу – төрт аяғын тең басқан көркем шығарма жазу. Әдеби ағым көп, біздің «көкеміз» – соцреализм. Ол ағымнан әзір алыс көше алмаймыз. Еліктеп, екі ортада қалғандар да аз емес. Моэм мен Муракамидің жаңалығын үйренген дұрыс-ақ, бірақ өзіңе-өзің топы­рақ шашпа. Жапонның сакурасына қарап сілекейімізді шұбыртқанша, үй түбінде өсіп тұрған шеңгелдің гүлін иіскейік те. Тікен болса да табанымызға майдай жағады. Модерн мен постмодернді алға ұстаған кейінгілерде тамылжыған тіл жоқ, тіл болмаған жерде сурет қай­дан болсын. Белгілі философиялық кон­текс­терді бұрмалап алып, шығарма идея­сына тықпалағанда қара оқырман түгілі сол саланың докторлары әрең есін жияды. «Ночь в царстве крокодила»-ны оқып алып, крокодилмен ойнаған қазақты жазамыз. Ол біздің ұлттық мен­талитетке кірікпей жанды қинайды. Кейіпкер, Асқар Жұмаділдаев айтпақшы, «Запа­рожецтің» дөңгелегін «Джипке» сала алмай тоңқаңдап жатады. Сол үшін біздер, әсіресе жастар, қараша үйіміз­дің түңлігін желмен желпілдетпей, жөн­деп жабуымыз керек. Ең әуелі, өз әдебиетіміздің жетістіктерін игеруіміз керек. Бізде жетістік аз емес.

 

Әйелдің жан-сезімі

ережеге бағынбайды

– Бір сұхбатыңызда «Қазір тоқ­етерін айтатын әдебиет қажет» деп еді­ңіз, осының аражігін ашасыз ба?

– Бұл – қысқалық алға шықты деген сөзім шығар. Стокгольмде өткен қысқа әңгімелер байқауында «Мен де адамша өмір сүруім керек, бағдарламамды неге өзгертпейсің?!» деп, кейіпкер қожа­йы­нына қол көтерген «Роботтың соты» де­ген әңгімем бәйге алды. Көлемі 1,5 бет. Соның да әсері болар. Қазір Шығыс пен Батыс прозасында қысқа жазу белең алды. Құрғақ баяндау мен құрғақ сурет – көздің жауы әрі уақыт шіркін де асау аттай жер тарпып тұр. Қазіргі финал бұрынғы финалдардай емес, көп күттірмейді. Шығарманың концовкасы да сайт пен интернеттен ирелеңдеп көрініп қалады. Электронды әдебиет те жағадан алып тұр. «Киіз үйдегі таңғы шайды ұзақ-сонар суреттеудің не қажеті бар?» деп бір кездесуде оқырман сұрақ қойды. Ол мәселені плащ-палатканың ішінде бір шыны кофемен шешкісі келеді. Не десек те әдебиет уақыттың уысында. Айналамыздан «Сөзіңнің тоқетерін айт» деген асығыс адамдарды көреміз. «Краткость – сестра таланта» деген сөз де, сірә, осы жағдаяттан шыққан болуы керек.

– Жалпы, сіз «Бекеттегі бей­кү­нәлар» деген жалғыз ғана роман жаз­­дыңыз. Бұл шығарманың бас кейіп­кері өмірде бар адам, сонау 60-70 жылдары кеңес өкіметіне қарсылық көрсетіп, біраз қуғын көрген. Бірақ осы туынды туралы әдеби орта мен оқырмандар арасында көп айтылмайды, себебі неде деп ойлайсыз?

– «Бекеттегі бейкүнәларды» он жыл жаздым. Әуелі «Қанаты күйген қызғыш құс» деген деректі хикаят жазылды. Бұл – тәуелсіздік үшін жас өмірін пида еткен қазақтың бет-бейнесі. Жарық көрмей біраз жатып та қалды. Әдебиет теориясына сай келгенмен тақырыбы заманға сай келмеді. Оның бағасын Елен Әлімжанның пікірімен былайша түйіндейін: «Бекеттегі бейкүнәлар» ке­ңес­тік кезеңде жарық көрмеген болар еді. Себебі ол коммунистік жүйенің ішінде жүріп күрескен саяси диссиент туралы роман. Романның кейіпкері тәуелсіздік үшін тікелей және ашық күрескен қаһарман. Ендеше, ондай қаһарманның көркем бейнесі қазіргі жастарға нағыз үлгі және мақтаныш. Кітапханада көп оқылған кітап екен. Өзге кітаптарға қара­ғанда мұқабасы көне­ріп қалыпты. Демек, біздің жас­тарымыз өзінің өткен тарихын, айтылмай келген ақиқаттарын білуге құмартады деген сөз». Қалған пікірді басқа оқырман айта жатар.

– Бірқатар хикаят пен әңгіме­ңізде әйелдің жан-дүниесін майдан қыл суырғандай етіп суреттейсіз, кейде өрескел қылықтар да бай­қа­лып қалады...

– «Әйел – дұшпан», «Қыздың қырық жаны бар». Төмен етектіні суреттеген­де оның бар сұлулығын әспеттеп, сұрқиялығын бетіне баспасаң болмайды. Әйелдің жан-сезімі ережеге бағынбайды. Сенің айтпағың, «Бесіктен бейітке дейін» мен өзіме шоқпар боп тиген «Адам» деген әңгіме ғой. Іңкәрлікке тоқтау жоқ, нәпсі деген зымиян бар, оның арбауына түссең әкеңді де ұмытып кетесің.

Әңгімелерімде әйелдік зымиян­дықтың қыр-сырын ашуға тырыс­тым. Қоғамның қателігін, Ауғанстан соғысының шын­ды­ғын «Адам» ар­қылы бердім, сол шын­дықты әйел-ананың (әрине, ол мұ­сыл­ман нәсілінен емес) жарымжан ұлы­ның нәпсісін тежеуге амалсыз жол табуы арқылы көрсеттім. Әңгіме үлкен резонанс алды, «үш әріпке» барып, «қа­телігімді мойындап» қол қойдым. Жа­расқан ағамның «Мопассан сынды мәңгіге, Қалам деп, бәлкім, ойлады, «Адам» деп жазып әңгіме, Сотталып кете жаздады» деген эпиграммасы удай шын­дық. Байқасаңыз, ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы Ш.Айтматовтың жаралы солдат гимнастеркасын иіскеп, жан ләззатын алатын Жәмиласы басқа да, ХХІ ғасыр басындағы айырпланмен арлы-берлі зырғыған кәсіпкер әйел жан-дүниесі басқаша. Кім не жазса да, ер-азаматтың қадірін білген әйелді жазса екен. Бір таңғалатыным, тәуелсіздік алған тұста тарап кеткен АХБК тоқымашысы – қазақ қызы туралы «Еңбек Қызыл Ту орденді жезөкше» деген проблемалық газет материалын жаздым. Осыған бір сыншы «жақсы әңгіме екен» деп пікір білдірді. Жақсы оқылды, жұртшылыққа әсер етті. Бірақ ол әңгіме емес қой. Айт­пағым, баланы бесікке бөлеп, шүмек саларда жынысын анықтап алмай ма? Кім болса да жанрды жаңылыстырмағаны дұрыс қой.

 

Газет мақаласы мен көркем әңгіменің арасына қада қақпаса болмайды

− Әдебиеттегі шағын жанрдың ше­бе­рісіз, қазіргі жазылып жүрген әңгі­мелерге көзқарасыңыз қандай?

– Әңгіме – шағын да шымыр әрі қытымыр жанр. Оның қайтымы да тез, көз алдыңа аз сөйлеп, көп іс тың­дыратын болымды кісіні елестетеді. Әңгіме шы­дам­сыздардың жанры десек те болар. Бір романның айтарын бір әңгімемен жеткізуге болады. Көп қабатты үй көрер көзге көрікті, ал бір қабатты жер үй жанға жайлы. Заманға сай қазіргі әңгіме жанры да өзгерді. Философиялық диалогтар ұшы-қиы­ры жоқ монологқа ұласып жатады. Маған Бейімбеттің Мырқымбайының қазақы тілі мен бір қимылының өзі бір құбылыс болған эпизодтар керек. Қазір де жігітшілік жасап жүрген Мырқымбайлар мен охран бастығы болған күні әкесін қамап тастаған Қорғанбектер аз емес. Тіл шіркін де сол философиялық ұғымдардың астында басын көтере алмай бұғып жатады. Оқыған, сауатты кейіпкерлердің диалогы да ала-құла. Әсіресе әңгіме атау­лары «бөтен сөзбен былғанып» барады. «Бильярд», «Лифт», Подъезд», «Секунд», «Бюрократ», «Квант» деген атаулар заман көші өзгеріп, әдебиет аясы кеңісе де, «Көксерек» пен «Шұғаның белгісін», «Қылау» мен «Көкек айын» еске сап тұрады. Мейлі, қаламгер өмірге жынды мен нашақордың көзімен қарасын, бірақ ұлттық табиғи болмыс бар емес пе? Онсыз әдебиетке қиянат. Муракамидің «Дети из камеры хранения»-сын оқып отырғанымда көз алдымда жылт-жылт етіп Тәкен Әлімқұловтың «Қара жаяуы» келе жатады.

Журналистикада очерк, корреспонденция, суреттеме, репортаж деген жанр­лар бар. Газет-журналдардағы бі­раз әңгімелер осыған ұқсап кетіп жүр. Атап айтар нәрсе – газет мақаласы мен көр­кем әңгіменің арасына қада қақпаса бол­майды. «Әңгімеге жан керек, – дейді про­фессор Бекен Ыбырайым. – Тілі бар, бас-аяғы бүтін, бірақ жып-жылтыр жаны жоқ әңгімелер көбейіп кетті». Ашы­нып айтқан сөзде ащы шындық бар. Біз әңгімені Сайын Мұратбектің «Қыла­уындай» ғып алақанға сап аялауымыз керек.

– Жас жазушылардың шығарма­ларын оқып жүрген боларсыз, олардан жаңа өріс, соны леп байқала ма?

–  2008 жылы «Қазақ газеттерінің» аясында «Үркер» деп аталатын қазақтың тұңғыш роман-газетін шығардық. Ең әуелі Бейімбет Майлиннің «Оспан Олжабаев», «Күлегеш жеңгей» хикаяттары, Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романы, Сайын Мұрат­бектің жарияланбаған әңгімелері жа­рық көрді. Сонан кейін «Роман-газеттің» қажеті жоқ» деген нұсқаумен жарғысын жас­тардың әдеби-мәдени, қоғамдық-сая­си журналы етіп қайта жасадық. Он жыл редактор болғанда талай жастың тұмылдырығын сыпырдық, «Үркер-Үміт» бәйгесінде талай-талай талантты қаламгерлер биікке самғады. Талантты жас көп, бірақ солар өздері жарқ ете қалған басылымға жазылуға келгенде кері айналады. Интернетті алға тартып, сайтқа сілтеме жасайды. Өзіміз «Жалын» шыққанда үш түбіт мұрт қосылып, бір журналды сатып ап, кезекпен оқитынбыз.

Жаңалыққа келсек, көбісі Моэм, Мураками, Хэмингуйше жазғысы ке­леді. Жазып та жүргендер бар. Әлем әде­биетіне еліктемей тұра алмайсың. Шал­­дар балаларға «тірлікті біліп істе» деп ақыл айтатын. Түсініп оқып, те­реңіне үңі­ліп, еліктеу керек. Әбіш Кекілбай жас жазу­шылардың бір кеңесінде «Шетел әде­биетін көп оқу керек, бірақ түсініп оқу керек, түсінбесеңдер бір-біріңнен сұраңдар, білмегенді сұрағанның айыбы жоқ» деп лұғат айтқан. Шетелше әңгіме жазып отырып, кім болса да Тәкеннің «Көкек айын» көңілден шығармағаны жөн. Тәкен де Мәскеуде қалың орыс пен шетелдіктің ортасында жүріп «Ақбоз атты» жазды, ұлттық нақыштан ажыраған жоқ. Жастарда қазір мүм­кіндік мол, білім дегенің ұшан-теңіз. Ең бастысы, диапазон кең, көркемдік те соған сай болуы керек-ақ.

 

Біздің буын екі ортада қалды

− Әдебиетке өткен ғасырдағы жет­пістің аяғы мен сексенінші жыл­дардың басында келген буынның өкілісіз. Осы буын көркем сөз өнерін­дегі орны мен рөлін ала алды ма, әлде алдыңғы тол­қын­ның тасасында қалып қойды ма?

– Біздің буын екі ортада қалды, 60-жыл­ғылар мен 80-жылғылардың ара­сын­да тығылып жүрміз. Әлемнің 6 тіліне аударылған антологияға Т.Мәмесейіт, Т.Сәукетай, С.Асылбек, Н.Ақыш, С.Бай­хон, Қ.Жиенбай, Н.Қапал­бекұлы секілді прозашылар енбей қалыппыз. Сонда осы аралықта қазақ прозасында толқын болмағаны ма? Жауабым осы. Айту – парыз. «Айтпаса сөздің атасы өледі».

– Кейде жұртшылық ақын-жазу­шылар қоғамда дүмпу туғызған оқи­ға­ларға, өзгерістерге ашық көз­қарас білдірмейді, білдірсе де санаулы ғана қаламгер ой-пікірін айтады, ал көбісі үнсіздік танытып жүреді деп айтады, бұған не дейсіз?

– «Айтылған сөз – атылған оқ». Қаламгер пікірін іркіп қалған кезі жоқ, оның бәрі уақыттың уысында. Қазір «үндемеген үйдей бәледен құты­ладының» кері. Мұның да себебі бар.

Бұрын, жалғыз партияның кезінде, Коммунистік партияның кезекті бір құ­рылтайында М.Шолохов Бас хатшыға қарап: «Біз шын жүрегімізбен жазамыз, бірақ жүрек шіркін партияға бағынышты ғой» деп әзілге шаптырып айтқаннан кейін көркем әдебиетке деген цензуралық үстемдік сәл де болса бәсеңсіген еді. Қазір қаламға да, «ауызша әдебиетке» де цензура жоқ. «Ұялмаған әнші боп» жүр.

Бізде бір-ақ дүмпу бар еді, ол – тіл мәселесі, енді оған жер қосылды. Тілге келгенде жазушылар алдына жан салмай жүр, бірақ тіліміз әлі же­тім бала­дай жалтақ күйінде. Олар да шар­шайды, «қайран сөзін қор қыл­ғысы» келмейді. «Нағыз қаламгер кешені емес, ертеңді емес, бүгінді жазу керек» демей ме Пушкин. Бүгінді жазу да, айту да оңай емес, сөзіңді сөйлейтін біреу керек. Жазушылар – өмір схематизмінен шаршағандар, олар айналасына секем алып, сескеніп те қарайды. Жазушының көңілі алаң. Ол сөйлеп тұрып қаламақыны ойлап тұрады, жер басып тұрып, «осы жерге ертең кімнің аяғы тиер екен?» деп қан жұтып тұрады. Заман жекеменшіктің заманы болғанымен кітап халықтікі ғой. Дүмпуді сырттай бақылаған жазу­шының көкірегінде жазғанымды осы­ларға қалай жеткізсем екен деген қиял тұрады. Осыны айтып жүргендер бір күн жазушы боп көрсінші.

− Оқырмандарыңыз сізді өнімді жазушы деп бағалайды, өзіңіз осы пікірге қосыласыз ба?

– Өндіріп жатқаным шамалы. Біраз әңгіме, хикаяттар жаздым. 2014 жылдан кейін кітап шығарғаным жоқ. Сол 6 том кітабыма жеті жылда бір ауыз пікір естімеппін. Жым-жырттықтан құлақ керең боп қала ма деп те қорқам. Олжас ағамыз айтпақшы «запаста» жүрміз.

Қазіргі ұсынылып отырған кітап шы­ғару бағдарламасын құптаймын. Қолжазба бұрынғыдай жабық рецен­зияға берілсе, жақсы кітап та, өндіріп жазба­са да өтімді жазушы көбейер еді. Кітап оқитындар саны артып келеді. Оларға «от-жалында басталған» өмірбаян емес, көркем шығарма керек. Бәріміз де Ұлықбек Есдәулеттің «Қандай кітап оқып жатырсыз?» атты эстафетасына қосыламыз. Кітап оқу дегенің көңілің көкке көтері­лер бір ғажайып дүние емес пе?

– Әңгімеңізге рахмет.