Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қазақстан жазушылары кітапханасында «Ел қуаты – бірлікте» тақырыбында онлайн сабақ өтті. Жиын қатысушыларын мереке күнімен құттықтап келген Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов бірлігі мен ынтымағы жарасқан этнос өкілдерінің ел дамуындағы рөлі, қандай да болмасын қиындықтарды еңсерудегі бірлескен күш-жігері еліміздің әрі қарайғы дамуында маңызды рөлге ие деп атап өтті.
Кітапхана меңгерушісі Елена Ағайса қатысушыларды таныстыра келіп тәлім-тәрбиесі зор осындай мазмұндағы жиындардың өскелең ұрпаққа керек екенін жеткізді. Мемлекетіміздің өркендеу жолындағы саясаты бүгінде көптеген мемлекетке үлгі. Халықаралық кеңістікте мойындалуы, жүзден астам этнос өкілінің татулығы мен бірлігі Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев саясатының арқасы. Ел экономикасын көтерудегі қазақ халқының ықпалдастығы тыныштық пен берекенің нәтижесі екендігін өз сөзіне арқау еткен Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ҚХА кафедрасының меңгерушісі Болысбек Батталханов бірлігі жарасқан қоғамның тарихына қатысты бірқатар деректі ортаға салды.
Халықтар бірлігіне арналған шараның өтуіне Қазақстан Жазушылары кітапханасы, «Қоғамдық келісім» РММ Достық үйі қызметін қамтамасыз ету бойынша басқармасы және Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы ұйытқы болып отыр.
Көпэтносты қоғамның ықпалдастығы, Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеру мәселесін көтерген Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚХА ғылыми сарапшылар тобының мүшесі Мендығаным Шаймерденова ел тарихын оқытуда студенттер үшін ғаламтордан гөрі кітапханалардың маңызды екенін атады. Өз сөзінде ҚХА институтының қоғамдық-саяси маңыздылығына тоқталып, Қазақстан этностарының өкілдері арасындағы еңбегі елеулі тұлғалар жайында тың деректер жинақталған «Өнер мен мәдениеттегі Қазақстан этностарының өкілдері: есімнамалар энциклопедиясы» басылымын таныстырды. Энциклопедияның студенттер ғана емес, қалың көпшілік үшін де ақпараттық-танымдық маңызы зор екенін атап өткен ғалым әрі қарай да осы бағыттағы жұмыстардың жалғасатындығына тоқталды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Асылы Осман адамзат тарихындағы кітаптың рөліне ерекше мән бере сөйледі. Әрдайым мінберлерден қазақ тілінің сойылын соғып сөйлейтін тіл жанашыры бұл жолы да көпшілікке сын айтпай кетпеді. Өйткені тәуелсіздіктің отыз жылында әлі күнге дейін тіл мәселесі шешілмеген қоғамда сөз бен істің үйлеспей жатқандығы қынжылтады. Ал халықтың бірлігінде тілді меңгеру, ұлттық рух пен құндылықтарды игерудің мәртебесі жоғары. Мұндай келелі істе кез келген қоғам мүшесінің ұлтжанды құлшынысы аса қажет.
Өзін көпшілікке Қызылорда облысында туып өстім деп таныстырған «Вайнах» Қазақстан чешен-ингуш қауымдастығының мүшесі Зура Ахмадова «Қандай ұлттың өкілі болмайық, бәріміз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан бір ағайынбыз», деді. Жүзден астам этнос өкілін бөліп-жармай, дастарқанын жайып, мейірім шуағын төгіп, қайырымын білдірген қазақ халқына алғыстан басқа айтарым жоқ деген З.Ахмадова қазақ халқына басын иіп, құрмет көрсетті.
Бүгінде Достық үйі халықтар достығының ұйытқысына айналған мәдени орталық. Мұнда ұлт өкілдері арнайы мерекелік жиындарды ғана емес, күнделікті мәдени шараларды өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Достық үйінің жетекшісі Нұрсәуле Әлтекова карантин кезінде кездесулердің сиреп қалғаны болмаса, алдағы уақытта мазмұнды шаралар жалғасын табатын болады деп атап өтті. Осы жиында сөз алған Әуезов ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Кәмшат Тұрдыбаева, Достық үйі қызметін ұйымдастыру бойынша бас сарапшы Раушан Исмаилова халықтар бірлігі мен достығының еліміз дамуындағы маңыздылығына, осы бағыттағы кәсіби шараларды ұйымдастырудың ерекшеліктеріне тоқталды.
Ал «Филия» Қазақстан гректері қауымдастығының төрағасы Георгий Иорданиди қатысушыларды ел бірлігі күнімен құттықтап, ҚХА институты құрылған алғашқы жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Гректердің Қазақстанға келу тарихы жаппай репрессия кезеңімен тығыз байланысты. Күштеп жер аударылған басқа да көптеген халық ішінде грек халқы қазақ елін паналаған қасіретті ұлттардың бірі. Тағдырдың қиын-қыстау кезеңінде Қазақстанды қорған етіп, пана жасаған грек халқының бүгінгі тағдыр-талайы тәуелсіз елдің тарихымен тығыз байланысты. Осылайша қазақ жері гректердің екінші отанына айналды. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері тәрізді гректер де қазақ тілін үйреніп, мәдениетін бойына сіңірді. Бүгінде гректердің тағдыр-талайы ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізіне айналған. Осы орайда Георгий Иорданиди тіл мен тарихқа қатысты жарыққа шыққан бірнеше кітапты таныстырып, қауымдастық құрылған жылдардан бергі аралықтағы маңызды шаралар жайында көпшілікті құлағдар етті.
Жиын соңында «Вайнах» Қазақстан чешен-ингуш қауымдастығының бишілер тобы лезгинка биін билесе, З.Ахмадова «Сарыжайлау» әнін көпшілікке тарту етті. Қатысушылар мерекелік көңіл күймен бөлісіп, кітапхана залдарымен танысты.
Алматы