• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Технология 03 Мамыр, 2021

Tastamat-қа тастай сал!

437 рет
көрсетілді

«Індет жұқтырып аламын-ау» деп көңілді әркез күдік пен үрей билеген күрделі кезеңде адамдардың арасындағы байланысты мейлінше шектейтін, сөйте тұра шаруаңызды шашау шығармай тындыруға септесетін тың жобалардың маңызы артқаны рас.

Онлайн дүкендердің айы оңынан туып, ІТ-жобалардың жолы болғаны да осы шақ. Шынында да, бұл кезеңде төтенше жағдайды тиімді мүмкіндікке айналдыра білгендердің ұпайы түгел болды. Тastamat-ты жасаған топты да осы қатарға жатқызуға болады.Tastamat деп отырғанымыз – «Қазпошта» компаниясына тиесілі постаматтың отандық баламасы. Яғни, сәлемдемелерді жедел әрі тиімді жеткізуге арналған терминал. Атауы қазақтың «таста», «қалдыр» деген сөзінен алынғаны айтпаса да түсінікті. Онлайн-дүкен­дердің оң жамбасына келе­тін бұл терминалды өзіміздің жігіт­тер ойлап тапқан. Ойлап тапты дегенде, постаматтың негізін­де жасап шыққан. Бұл 2018 жыл болатын.

– Сол жылдары постаматтың бағасы тым қымбат еді. Оның біреуі 10 мың доллар тұратын. Біз осы терминалдың отандық түрін жасап көргіміз келді. Тер­миналдың эскизін өзіміз дайын­дадық. Сөйтіп, ішкі нарықтан құрылғыны істей алады-ау деген компанияларға іздеу салдық. Темірден түрлі дүниелер жасай­тын алматылық компанияға көңіліміз ауды. Олар бір терминалды дайындауға 1 мың доллар жұмсайды екен. Бізге де керегі осы. Бірден келістік. Tastamat-тың қаңқасынан бөлек, ішіндегі бағдарламалық жүйесін жасау қажет. Мұны да өзіміздің жігіттер әзірледі. Осылайша, QR-код ар­қылы жәшіктерді ашып-жабу қызметі дайын болды, – дейді Tastamat компаниясының бас директоры әрі тең құрылтайшысы Әлішер Қоғабай.

Tastamat-ты ойлап тапқандар – Тимур Жүнісов және Данияр Аса­нов есімді жігіттер. Ал идея­ны сәтті жүзеге асырған топ­тың қатарында бұлардан бөлек тағы бірнеше жігіт бар. Үркердей топтың тың табысы BI-Group құ­­рылыс компаниясының бас­шылығына ұнайды.

– Осылайша, біз BI-Group-пен бірлесіп компания салған тұрғын үй кешендерін tastamat-пен қамтамасыз ете бастадық. BI-Group өз тұрғындарына tastamat-тың көмегімен тиімді қызмет ұсын­ғанды жөн көрді. Сөйтіп, компанияның үйлеріне 30 терминал орнаттық. Кейін жобаны коммерцияландыруды қолға алдық. 2019 жылы тағы 170 терминал жасап, әуелі Нұр-Сұлтан мен Алматыға, кейін тағы жеті қалаға орнаттық. Қазір біздің терминалдарды еліміздің тоғыз қаласынан кездестіруге болады, – дейді Ә.Қоғабай.

Деректерге сүйенсек, 2018 жыл­дан бері tastamat арқылы 150 мыңнан астам сәлемдеме өз иесіне тапсырылған. Жобаны тұрақты түрде пайдаланатын 29 серіктес компания бар. Олардың ішінде «Қазпошта», AliExpress, «Әлем-ТАТ», flip.kz, ЕМЕХ, IHERB, Poni Express, Boxberry, AVON, Oriflame, Биосфера, OZON, SATU, Leroy Merlin секілді курьерлік қызметті қажет ететін белгілі компаниялар мен дүкендерді атап өтуге болады. Сонымен қатар ұлттық пошта операторы – «Қазпошта» компаниясымен tastamat-тарды пайдалану туралы шарт жасалған. Сөйтіп, жоба пошталық есепке алу жүйесіне енгізілді. Бұл оны «Қазпошта» да, оның клиенттері де пайдалана алады деген сөз.

Жобаны жүзеге асырудағы түпкі мақсат сәлемдемені жөнелту мен жеткізу процесін жеңілдету екені анық. Әсіресе, 2020 жылдың наурызында басталған пандемия кезінде tastamat-қа деген қажеттілік күрт өскен.

– Пандемия басталған бас­тап­қы бір айда жұмыс өнбеді. Бұған бизнеске қойылған шектеу шаралары кедергі келтірді. Кейін отандық бизнес орын алған жағдайға икемделе бастады да, біз ұсынып отырған қызметке сұраныс артты. Серіктес компаниялар да көбейді. Расында да, tastamat сәлемдемені адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жа­самай-ақ алуына мүмкіндік бер­ді. Сондай-ақ курьерді күтіп, онымен кездесетін уақытты жос­парлаудың қажеті болмай қал­ды. Сондықтан біз қоғамға қа­жетті жобаны ұсына алдық деп ойлаймыз, – дейді Tastamat ком­паниясының бас директоры.

Tastamat қалай жұмыс істей­ді? Әлішер Қоғабайдың айтуынша, алгоритмі – қарапайым. Клиент­тің телефон нөміріне сәлем­де­менің tastamat-қа салынғаны туралы хабарлама түседі. Оны алып кетуге екі күн беріледі. Клиент осы аралықта алып үлгер­месе, сәлемдемені курерьлік ком­­пания кері алып қайтады. Алу­шыға хабарламамен бірге арнайы сілтеме де жолданады. Бұл – терминалдың «кілті». Сілтемеге өтіп, QR-кодты сканерлеген кезде жәшік ашылады. Егер клиенттің қолында камерасы жоқ қарапайым телефон болса, онда терминалға жабыстырылған QR-кодтың астындағы нөмірді sms-хабарламамен кері жіберу қажет. Сонда жүйе автоматты түрде жәшікті ашып береді.

– Әзірше tastamat-ты серіктес компаниялар ғана пайдалана алады. Өйткені, олармен шарт жасалып, терминалды қолдануға ресми рұқсат берілген. Қарапайым адамдардың да пайдалануына мүмкіндік жасалған. Бірақ ол үшін ұялы телефонға Tastamat мо­бильді қосымшасын жүктеп алу керек. Бұл негізінен ша­ғын және микро бизнеспен ай­на­лысатын­дар үшін тиімді және бұған ақы төлеудің қажеті жоқ. Бір рет тір­келген соң, тапсырыс­тарды орындай беруге болады, – дейді ол.

Tastamat көлемі әртүрлі 24 жә­шіктен тұрады. Оның төртеуі үлкен көлемдегі жүктерге арнал­ған. Сәлемдеменің жүгі 15 килодан аспауы керек. Бір сәлем­деменің құны – 200 теңге. Ал клиент серіктес компаниялардан тауар сатып алғанда, tastamat қыз­меті тегін ұсынылады. Бұдан бөлек түрлі жеңілдіктер мен бонустар да қарастырылған.

Терминалдар барынша қадаға­ланады. Жүйеге түрлі датчиктер орнатылған. Егер жәшікті күштеп ашып жатса, бірден жүйеге сигнал түседі әрі сол жерде дабыл қа­ғылады. Бұдан бөлек, әрбір тер­миналдың өз бейнекамерасы бар. Бүгінге дейін tastamat-тарға қа­тысты екі-үш құқық бұзу­шы­лық тіркелгенін де атап өткен жөн.

Жалпы, терминалды әзірлеу барысында Түркия, Польша се­кілді Еуропа елдерінің тәжі­рибесі назарға алынған.

– Біз бірінші кезекте өнім­нің бағасы қолжетімді болса дедік. Бірақ шетелдік терминал­дардың құны қымбат. Оны жасатудан бөлек, жеткізу шы­ғыны бар. Қы­руар қаржы жұмсала­тын­дықтан, өзімізде жасауды жөн көрдік. Алдағы жоспарымыз – tastamat тер­миналдарының санын 1 мыңға жеткізу. Бізге қызмет көрсетіп отырған компанияның бұған мүм­­кіндігі жетеді. Бұдан бөлек, Қа­­рағанды мен Нұр-Сұлтан қала­ларынан тағы екі компанияны қарастырып қойдық. Терминалды өте арзан бағаға жасай алатын қытайлық компания да табылды. Алайда біз отандық өндіріске баса мән береміз. Өйткені, tastamat-тың өзі – таза отандық өнім, – дейді Әлішер Қоғабай.

Сонымен қатар компанияның негізгі жоспарларының қатарында тапсырыстарды үлестіретін 500-дей пункт ашу міндеті тұр. Фран­чайзинг моделі негізінде tastamat-тың жүйесін шағын және микро бизнеске ұсынуға да дайын. Мұндай қадам кез келген тарап үшін тиімді көрінеді.

– Пандемия кезінде біраз идея туындады. Мәселен, біздің ком­панияның өз курьерлері пайда болды. Бүгінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында курьер­леріміз жұмыс істейді. Тағы бір­неше идеямызды жүзеге асыр­сақ дейміз. Мәселен, «Tastamat-тан tastamat-қа» қызметін ұсынуды көздеп отырмыз. Мәселен, бір затты қаланың анау шетіндегі мекен­жайға жеткізу керек. Курьермен салып жіберсе, орташа есеппен 1 мың теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ал тиімді жол – tastamat. Яғни сәлемдені өзіңізге жақын терминалға қалдырасыз да, бізге оны қайда жеткізу керектігі туралы өтінім қалдырасыз. Tastamat-тың курьерлері сәлем­демені алып, сіз көрсеткен ме­кен­жайға жақын орналасқан тер­миналға апарып салады. Бұл үшін төленетін ақы аса көп те емес, – дейді компанияның бас директоры.

Компания Astana Hub халық­аралық ІТ-стартаптар техно­пар­кінде орналасқан. Стартап жо­ба болғандықтан, технопарктің жеңілдіктерін барынша пайдалануда. Мәселен, қазіргі күнге дейін компанияға салықтық жеңілдіктер жасалып келеді. Мұнда әзірше 15 адам жұмыс істейді.

Ел Үкіметі ерекше басымдық беріп отырған электронды сауданы жаңа деңгейге шығаруға ұм­тылған жігіттердің жобасы қол­дауға лайық.