Жер бетіне бояу төгерде, алдымен Тәңір суретшінің жаңарына ұзақ үңілгендей. Оның талғам-таразысы, ой-қиялы, таным-түсінігі ерек боларын о баста ойласа керек. Әрине, бұл біздің өзіндік балаң пікіріміз. Десе де көрмедегі көркем картиналар адамды әртүрлі ойға жетелейтіні белгілі. Содан да болар, шебердің ішінде бір шындықтың бұғынып жатқанын айтпақ болғанымыз. Қалайша қылқалам құдіретіне қайран қалмайсыз!
Көңілді еліткен Қазақстан және Ресей Суретшілер одағының мүшесі, UNESCO, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Бейнелеу және дизайн» факультетінің доценті Камила Жапалованың «Өмір өрнек» атты көрмесі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған іс-шара оқырманды елең еткізді. Ұлттық музейде топтасқан қалың қарашаның қылқалам шеберіне деген қошеметі бөлек болды. Жаһандық індеттің салдарынан көптен бері мұндай ғажап туындыларды көрмеген халықтың өнерге деген сағынышын сол кеште сездік.
Аталған көрменің алғашқы сөзін Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин алды.
«Ұлттық нақышта бейнеленген батик өнерінде ерекше қолтаңбасы бар Камила Жапалованың сұлулық әлемі, құдіретті қылқалам арқылы дүние жүзін таңғалдырған еңбектері музей қонақтарының жүрегінен де ерекше орын алатынына нық сенімдімін», деді А.Сатыбалдин.
Ізгі тілектен кейін өнер иесіне арнайы Алғыс хат пен төсбелгі табысталды. Сонымен бірге елордадағы Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов та әсерімен бөлісті.
Осынау ерекше қолөнері арқылы қазақтың ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап келе жатқан Камила Әбенқызының қайталанбас туындылары соның айғағы», деді Ө.Исмаилов. Одан әрі рухани кешке арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткерлері ақ тілекті жалғап, суретшінің шығармашылығын жоғары бағалады.
Камила Жапалова картиналарының өзіндік сипаты мен ерекше стилі бар. Картиналардың сюжеттері әртүрлі, көбіне фольклорлық нақышта және лирикалық абстракцияда құрылған. Бірақ барлығын біріктіретін элементтер – ұлттық реңк пен композицияның ішкі ырғағы.
Автор батик техникасын қолдана отырып ерекше өнер туындыларын дүниеге әкелген. Кенеп бетінде де батик дәстүрін қолданады. Шынында ол батик техникасында 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді екен. Қанша уақыт өтсе де бұдан шығармашылық ләззат алатынын жасырмайды.
Суретшінің туындыларынан ыстық батиктің «кракле» сияқты дәстүрлі тәсілдерін қолданатыны, түстерді мінсіз әрі дәл таңдай білетіні байқалады. Табандылық пен қажырлы еңбегінің, ізденісінің арқасында бүгінде көптеген марапат пен атаққа ие болған.
Айта кетейік, суретшінің қоржынында ұлттық киім үлгілері де бар. Көрмеге суретшінің кескіндеме және батик үлгісіндегі 100-ден астам туындысы ұсынылды әрі авторлық ұлттық киімдердің сән үлгісі де көрсетілді.
Жасампаз өнер иесінің шығармашылығын өркендету арқылы жалпы суретшілердің мәртебесін көтеруді көздеген ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта атаулы көрмедегі батик өнерінің ерекше туындыларын елорда тұрғындары мен қонақтары бір ай бойы тамашалай алады.