«Сырт көз – сыншы» ғой, Омбы қаласында тұратын бір ағайын бертінде жеңіл көлігімен Петропавлға келе жатып, жолшыбай кездескен елді мекендердің атауларына назар аударғанда жағасын ұстағанын айтқаны бар. Сөйтсе Омбыдан Қазақстанның мемлекеттік шекарасына жеткенше қазақ тіліндегі көне атаулар жиі кездесіп, біздің елдің аумағына өткенде Булаево, Полудино, Николаевка, Явленка, Заречное, Новоникольское болып, жалғаса берген екен.
Сол бауырымыздың сөзінің жаны бар. Бір жылы атышулы Владимир Жириновский пойызбен Ресейдің Оңтүстік-Орал темір жолына қарайтын Петропавл стансасына келіп тоқтағанында перронға шығып, вокзалдың маңдайшасындағы «Петропавл» деген жазуға қарап: «Міне, бұл дұрыс!» деп сүйсінсе, Омбы облысындағы Есілкөл стансасына келгенінде «Исилкуль» деген жазуды көріп: «Мынау атау дұрыс емес, дереу өзгерту керек!» деп, бұлқан-талқан болған екен. Бұл патша заманы мен Кеңес өкіметі тұсында қазақ жеріне қоныс аударғандар қазығын қаққан елді мекендерге тек орыс тіліндегі атаулар қойылғандығын, сондай-ақ империяның отарлау саясатын жүргізгендер Ресей аумағындағы қазақ және түркі атауларын ауыстыруға мән бермегендігін аңғартады.
Ал «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл ретте ел тәуелсіздігі жылдарында елді мекендер атауларын қазақыландыруда қыруар іс тындырылғанымен, әлі де ойсыраған олқылықтар бар. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар аудан атауы өзгертілгенімен, омбылық ағайынымыздың жағасын ұстатқан елді мекендер атаулары әлі міз бақпай тұр. Бірақ бұл үшін жергілікті шенеуніктер мен тіл жанашырларын кінәлау қиын. Кілтипан елді мекен атауларын өзгертуге, яғни ономастикаға қатысты қолданыстағы заңнамада болып тұр.
Жалпы, кең-байтақ Қазақстанның оңтүстігі мен теріскейіндегі ономастика саласында қалыптасқан ахуал бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Қазағы қалың облыстарда бір кезде «атасына – ауыл, көкесіне – көше» беру үрдісі үдеп кеткен соң, қолданыстағы заңнамаға осы мәселені көп болып кеңесіп шешуді міндеттейтін түзету енгізілген болатын. Сөйтіп көше атауын өзгерткіміз келсе, сол көшеде тұратын тұрғындардың, ал елді мекеннің атауын өзгерткіміз келсе, сол елді мекеннің тұрғындарының пікірін ескеруге көштік. Мұны демократиялық өзгеріс деуге болар, әрине. Алайда көпэтносты еліміздің ерекшелігі естен шығып, солтүстік-шығыс өңірлердегі елді мекендер мен олардағы көшелердің патша империясы мен кеңес заманынан мұра болып қалған мыңдаған атауын өзгерту қиындап кеткені, мұның өзі жергілікті қазақтар мен өзге этнос өкілдері арасында кейде түсінбеушілік туындатып отырғандығы мәлім.
Мысалы, Петропавл қаласындағы ағайындардың Совет көшесін – Қызылжар өңірінен шыққан белгілі қаламгердің, ал Попов көшесін атақты балуанның есімдерімен қайта атау жөніндегі ұсыныстары өзге этнос өкілдерінің ашық наразылығын туғызып, қабылданбағаны мәлім. Тіпті Петропавлдан астанаға қарай шығатын күре жолдың бойындағы Чапаево ауылын Болашақ деп атауға жергілікті тұрғындар келісімін берсе де, бұл мәселе бір ұлты басқа «мықтының» ықпалымен облыстық мәслихаттың күн тәртібінен алынып тасталғандығын білеміз. Соның салдарынан ел ішінде неше түрлі анекдоттың кейіпкеріне айналған қызыл командирдің тегі ауыл атауында әлі күнге ардақталып тұрғандығы әрілі-берілі ағылған жолаушылардың езулеріне күлкі үйіріп, бастарын шайқатпай қоймайды.
Тоқетерін айтсақ, 1993 жылғы 8 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңға сәйкес жергілікті өкілді және атқарушы органдар 2013 жылға дейін тұрғындардың пікірін сұрамай-ақ, ономастикалық комиссиялардың қорытындылары негізінде елді мекендер мен көшелердің атауларын өзгерту мәселелерін қарап, тиісті шешімдер қабылдап келген. Ал 2013 жылғы 21 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң елді мекен мен көше атауларын өзгерткен кезде «тиісті аумақ халқының пікірін ескеруді» міндеттеген. Ономастика саласында бітпес дауға бастаған «Дайрабайдың көк сиыры», міне, осы болып тұр. Парламент депутаттарының құлағына «алтын сырға».