• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Оқиға 05 Мамыр, 2021

Кенжалин кеңістігі

320 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі журналист, ғалым, саяси ғылымдар кандидаты Жұмабек Кенжалинді еске алуға арналған «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: БАҚ менеджменті мен маркетингі және PR» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған іс-шараны ЮНЕСКО, Халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы І Кенжалин оқулары аясында ұйымдастырды.

Көзі тірісінде Ж.Кенжалин Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да PR, БАҚ менед­жменті мен маркетингіне байланысты бірнеше халықаралық ғылыми-тәжіри­белік конференцияларды өткі­зіп, жиі-жиі тәжірибесімен бөлісіп тұрды. Оның «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен бай­ланыс мәселелері» атты оқу құра­лы, ақпараттық менеджмент пен мар­ке­тинг салаларына байланысты зерттеу мақалалары бүгінде журналис­ти­ка факультеті студенттерінің игілі­гіне қызмет етуде. Ж.Кенжалин атын­да­ғы «Баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасы да бо­лашақ мамандарды ұлағатты ұстаз­дың адалдығы мен кісілік болмысына сай тәрбиелеу мақсатында ашылған болатын.

 Конференцияның шымылдығын ҚазҰУ Әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Әлия Мәсәлімова ашып, бұқаралық ақпарат құралдарының еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуындағы орасан зор рөліне тоқ­тал­ды. Сондай-ақ Президенттің көп­теген мәселеге қозғау салып, қа­лың ел тарапынан қол­дау тапқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы жур­на­листердің алдына зор міндеттер жүк­­теп отырғандығын, қазақ қа­лам­герлерінің қара шаңырағы – Қазақ ұлт­тық университеті де осы мін­дет­­тер үдесінен шығуды мақсат тұта­­­тын­ды­ғын баса айтып, «Ақпа­рат­­тық менджмент сынды жаңа ғы­лы­ми бағыттың негізін қалап, шә­кірт тәрбиелеген мұндай тұлғаны кейінгі жастарға өнеге ете отырып, болашақ мамандарды тәрбиелеу – біздің басты парызымыз», деп сөзін қорытындылады.

Жиын барысында журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек Мемлекеттік хатшы Қырым­бек Көшербаевтың, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның құттықтау-лебіздерімен таныстырды. 

Одан кейін қабырғалы қаламгердің қысқа ғұмырында қалдырған мол мұрасы мен атқарған орасан істері туралы көркем фильм көрсетілді.

Әсерлі кешті әрі қарай Парламент Мәжі­лісінің депутаты Сауытбек Абдрах­манов жалғады.

«Тамыры терең оқу орны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті болар елдің баласына жарасатын мінез – асылдарды ардақтау дәстүрін берік ұстанып отыр» дей келе, ғалымның тазалық, тәрбиелілік, кі­шілік, кісілік ұстанымдарына адал болу арқылы өз бойындағы қасиеттерін үлгі еткендігін мақтанышпен жеткізді. Ал «Тұлға» журналының» бас редакторы Марат Тоқашбаев өз сөзін «Бұл шара ұлттық мәдениетіміз бен журналистикамыздың ақыл­дас­атын алаңына айналады. Жү­кең­нің бүкіл шығармашылық өмірі менің көз алдымда өтті. Адами қасиеттерінен үлгі алуға тырыстық. 2018 жылы Жұмабек Омарұлының құрметіне және оны еске алу мақсатында жарық көрген «Серке сөздің сардары» кітабындағы ақтарылып жазылған пікірлер арқылы Жүкеңнің өзге де қырларын таныдым», деп түйіндеді.

Әрі қарай әріптес-достары Жұмабек Кенжалиннің өмірі мен шы­­­­ғар­­­­ма­шы­лығы, қоғамдық қызметі тура­лы тебі­ре­ніске толы есте­лік­те­рі­мен бө­лісті. Оның адами болмы­сын, ел алдын­да жүрген көш­­бас­шы­лық қа­сие­тін, ерек­ше қабі­ле­тін, еңбек­қор­лы­­ғын, аза­мат­тық тұл­ға­сын айқара ашты.

Айта кетейік, Жұмабек Кен­жа­лин оқуларын ұйым­дас­ты­ру­дағы бас­ты мақсаты: таным сабақтастығын жал­ғастырып, аяулы азаматтың сәу­ле­лі ғұмыры арқылы ұрпақ бойына үлгі-өнеге сіңіру, тарихи тұлға ре­тін­де дәріптеу. Болашақта бұл жиын дәстүрлі түрде жалғасын табады.