«1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстаг ғимаратына шабуыл басталды. Ғимараттың төбесіне алғашқы Қызыл туды 150-атқыштар дивизиясының 674-атқыштар полкінің жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тікті». Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасында жақында осындай жазба пайда болды. Бұл – Ресейдің 76 жыл өткеннен кейінгі ресми мойындауы!
«Берлиннің жүрегінде орналасқан Рейхстаг Гитлер Германиясының басты символдарының бірі болды. Сол себепті де жау бұл ғимаратты қорғауға мұқият дайындалған еді. Рейхстагты қорғауға қарулы күштердің ең мықты бөлімдері мен таңдаулы армия бөлімшелері жұмылдырылды.
Рейхстаг баспалдақтарымен жоғарыға көтерілген алғашқы кейіпкерлердің қатарында 20 жастағы лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен 19 жастағы қызыл әскер Григорий Булатов болды. Жауынгерлердің қолдарында ол кезде қарапайым алқызыл жаймадан жасалған жалауша ғана болған еді. 150-ші дивизияның соғыс журналындағы жазбаға сәйкес, сағат 14:25-те олар «ғимараттың орталық бөлігіне жер бауырлап жылжып жетіп, негізгі кіреберістің баспалдақтарына қызыл жалаушаны ілген». Бұл Рейхстагқа жұмылдырылған азат етуші жауынгерлердің тіккен алғашқы туы болатын.
Рейхстагтың баспалдақтарында желбіреп тұрған Қызыл ту біздің жауынгерлерге жігер берді. 30 сәуірдің кешінде-ақ 674 және 756-шы полктердің негізгі күштері фашистердің қарсылығына төтеп беріп, ғимаратқа басып кірді. Түнде лейтенант Берест, сержант Кантария және қызыл әскер Егоров неміс мергендері жаудырған оқтардың ысқырығына қарамастан, фашизм ордасының үстіне Жеңіс туын орнатты. Рейхстагтың жертөлелері мен дәліздеріндегі қызу шайқастар 2 мамырға дейін жалғасты.
Рейхстагты алу кезінде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қошқарбаевқа ескерткіштер оның Отаны – Қазақстанның Ақмола облысында және республиканың астанасы Нұр-Сұлтан қаласында, ал Булатовқа Киров қаласында орнатылды». Ресей Сыртқы істер министрлігі жариялаған жазбаның толық мәтіні осындай.
Рейхстаг ғимаратына тігілген Қызыл тудың жанында тұрған қос батырдың суретімен байланыстырылып берілген осы жазбаға санаулы күннің ішінде он мыңдаған адам лүпіл басқан. Пікір білдірушілердің дені сан жылдар өткеннен кейін тарихи шындықтың өз биігіне қонғанын айтып сүйіншілесе, біраз жұрт «ақыры мойындадыңыздар-ау» деп барша қазақстандықтар үшін көптен күткен қуаныш екенін аңғартты.
Дәл 30 сәуір – Рейхстагқа ту тігілген тарихи күні жарияланған постты отандастарымыз «қазақ тарихының тағы бір даңқты күні» деп қуана қабылдады. Енді бірі көзі тірі кезінде ерлігі еленбей қалған «қазақ солдатының аруағы риза болған шығар» деп шаттанды.
Көзі тірі кезінде телебағдарламалардың біріне берген сұхбатында Рақымжан Қошқарбаевтың өзі бұл сұрапыл оқиғаны: «Рейхстагқа ту тігу тапсырмасы болды. Бірақ оған кім барады? Ерікті түрде бәрімізден сұрады. Ешкімді күштемеді. Оның себебін кейін білдік. Себебі бұл нағыз өліммен тең тапсырма еді. Ол жерден аман келу екіталай болатын. Мен, шынымды айтсам, осы жолы тірі қаламын деп те ойламадым», деп еске алады. Оқ пен оттың ортасында жер бауырлап жылжып, фашизмнің ордасы, құзғындардың ұясы болған Рейхстагқа жеңіс туын тігу үшін қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовқа 350 метр жерді жеті жарым сағат бойы еңсеруге тура келген. Осылайша ажалмен арпалысқан екеу бекінісі мығым, бар фашистік күш жұмылып, берілмеуге бел шешкен ғимаратқа әрең жетеді. Бас көтертпей бораған оқ пен отқа қарамастан, барша елдің ыза мен кегін арқалаған қос сарбаз жаудың апанына осылайша алғаш болып Жеңіс туын тігеді. Көзсіз ерлік. Жанкештілік. Алайда бұл ерлік еленбеді. Анығырақ айтсақ, қасақана еленбеді. Бұл батырлықты тіпті мүлде болмағандай тарих беттерінен сызып тастауға тырысты...
Кеңес әскерлерінің арасынан Рейхстагқа жетіп, алғаш болып Жеңіс туын тіккендерін қос батыр – Рақымжан Қошқарбаев та, Григорий Булатов та өз заманында «дәлелдей» алмаған. Кезінде осы ерліктері үшін олар Кеңес Одағының Батыры атағына да ұсынылады. Алайда екеуі де жоғары марапаттан құр қалған. Мәселе тіпті марапат пен сый-құрметте де емес еді. Тарихи шындықтың бұрмалануы, нағыз ерліктің елеусіз қалып, батырлықтың қалтарыста қалып қойғаны ащы ақиқат болатын. Себебі бертінге дейін тарих беттерінде Рейхстагқа ту тіккен деп басқа адамдардың аты-жөндері жазылып келді. Сұрапыл соғыстың аяқталуына көзсіз ерлігімен үлес қосқан қазақ жауынгерінің бұл ерлігі өзгелерге телініп келді.
Осыдан 14 жыл бұрын Ресейдің Әскери тарих институты бірінші Беларусь майданындағы 150-атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны ресми түрде растаған болатын. Алайда ол кезде де Ресей Сыртқы істер министрлігі жұмған аузын ашпаған-тын.
Тарихта Рейхстагқа ту тігіп, соғыстың соңғы нүктесін қойған қазақ батыры болып қалған Рақымжан Қошқарбаевтың қаһармандығы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жаңғырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Енді, міне, қазақ батырының өшпес ерлігі қайтадан әйгіленді.
Ақмола облысының Қырыққұдық ауылында кіндік қаны тамып, Тайтөбе дейтін аядай ауылда буыны қатқан, жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татып өскен қазақтың қарадомалақ баласының жау ордасының биігіне шығып, Ұлы Жеңістің жалауын желбіреткен жанкешті ерлігін әлемге әйгілеуге мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың қосқан үлесі зор. Ол қазақтың жаужүрек ұлының ерен ерлігін алты Алашқа талай жылдық еңбегі – журналистік зерттеулері арқылы танытты.
Ал ол кісінің аманатын тәуелсіздік жылдары жалғастырып әкетіп, сұрапыл соғыста ұлт намысын қолдан бермеген қазақ жауынгері туралы жеріне жеткізе жазған журналистің бірі – Жанболат Аупбаев. Алдымен ол 1999 жылдың 1 қаңтарында «Халық ала алмаған қамал» атты мақала жазды. Бұл республикада үлкен қоғамдық пікір туғызды. Редакция жұртшылықтан келген құптау хаттарды ай сайын топтап беріп отырды. Қоғамдық пікірдің нәтижесінде жаудың ордасына айналған Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс жалауын алғаш тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа Елбасы ең жоғары ерлік белгісі – «Халық Қаһарманы» атағын берді. Осымен бір мезетте Жанболат Әлиханұлы «Ел таныды өзінің хас батырын» атты редакциялық мақала жазып, одан соң бұл тақырыпты журналист Нұрхан Мыңбай екеуі бірігіп «Халық алған қамал» деген мақаламен қорытындылады.
1945 жылы 30 сәуірде қазақ жауынгері Рахымжан Қошқарбаев пен ефрейтор Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен Жеңіс туы бүгінде Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Орталық музейінде сақтаулы тұр.
Жетпіс жылдан кейін қазақ солдатының ерлігін мойындаған жазба кезінде Кеңес Одағы бермеген марапаттан бағалы болып тұр. Себебі Рахымжан Қошқарбаевтың қаһармандығы қазіргі жастардың есінде Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ жауынгері болып қалғаны маңызды.