• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Мамыр, 2021

Қазақ дегеніміз – Бауыржан...

1651 рет
көрсетілді

Эссе

Әуелі аты-жөні таңғалдырған. Қыс кезінде Мәскеу «Момыш­ұлы» деген атты естіпті: Волоко­лам шоссесі, 1941 жыл.

Содан кейін аңыз басталды, аты-жөні қазақы адам жайында. Кейде маған – отыз жеті өзімен бірге алып кеткен қазақы ой­лау жүйесі, мінез, жүрек Бауыржан ата­мызбен алпысыншы, жетпісінші, сек­сенінші жылдары қайта оралған секілді көрі­неді... Бүкіл қырғынды басынан өт­керіп: Екінші дүниежүзілік соғыс, Ста­лин қазасы, Хрущевтің мұжықтық заманы, Брежневтің ұйқылы-ояу уақыты, әрі қа­рай... сексен алтының қарлығаштары ұшып жеткен шақ. 

Елін қалтқысыз сүйді. Ірі мінезі кей уақ сол халық рухын сақтау үшін бойына біткен сияқты. Көріңдер, бабаларың қандай болды: айтатынын айтып салған, бір уыс топырағы, бір қадақ жері үшін жауымен алысты, солай! Кеудесіндегі жұдырықтай жүректе, сөйтіп, тұтас Дала ғұмыр кеш­ті. Бүкіл қазақы әлем шүберектей түйіліп көкірегінде жүретін: Мәскеу­дің аязды шайқастарында, дұш­панның ызғарлы шабуылдарында. Батыс­қа жылжығанда, кейін Балтық бойын азат ет­кенде... ірі мінез аңыздарды тудырды. Бауыржан Момышұлын білмейтін қа­зақ жоқ, о бастан ауыз әдебиетінің атасы атанған халық күні бүгінге дейін отба­сындағы бір ұрпағына Бауыржан есімін береді. Солай!

1. Әскери ақиқат пен әдеби аңыз

Бауыржанды ел Баукең деп ерке­летті. Алматыға оралған соң әдебиет­пен айналысты: жазатын нәрсе көп еді. «Ақиқат пен аңыз» кітабында Әзіл­хан Нұр­шайықов: «Бауыржан Момыш­ұлы ер­лігі мен батырлығының теңдесі жоқ. Ол 1 418 күн мен түн бойы ер­лік көрсетті»,  деп­ жазды.

Әдеби орта жаңа аңыздар шығарды. Шынына келсек, аңыздарды айту оңай еді, ал жасаған қылықтарында ірілік мінез жатты, тіпті, ірі сөйлегені де ірі қы­лығы еді.

Тек мұның бәрінде бір мұң бар-тұғын: Бауыржан Момышұлының мінез-құл­қы, орыс орман-тоғайла­рында, кең жа­зық­тарында көрсет­кен ерлігі, әскери кө­регендігі мен май­дан жүргізудегі енгізген жаңа­лық­тары жалпақ елге жетпей жатты. «Момышұлы спиралі» деп ныспыланған әскери тактикасы да дүние жүзі академияларына бұрынырақ тарап, училищелерінде жеке пәнге айналып, арнайы дәріс ретінде оқылды. Біз мұны кеш білдік. Бауыржан Момышұлы атындағы әскери оқу орындары Израильде, Кубада ашылды, тек солардың ізін ала Алматыға кезек келді.

2. «Бауыржан Момышұлы: ақи­қат­ пен аңыз – әскери ғалымның көз­қа­расы»

Леонид Құсманұлы Бақаев еңбегін осылай атапты. Кезінде докторлық диссертациясын қорғап, Қазақстандағы саяси ғылымдар үшінші докторы, әскери зерт­теулердегі бірінші доктор болды, Қазақ КСР-нің соңғы Әскери комиссары, ал док­торлық диссертациясына ғылыми пікір­­ді жазған – М.Гареев, әскери ғылым­дар­ докторы, профессор, армия генералы.

Мұндай кәсіби терең білімі бар адам Бауыржан Момышұлының әскери жаңа­лықтарына кеңінен тоқталған: «Ұлы Отан соғысы Кеңес тарихындағы ауыр жылдар болды. Қиын шақта біздің әкелеріміз бен аталарымыз қайталанбас ерлік, қайрат және батырлық көрсетті. Қазақстан майданға 1 млн 196 мың 164 адамды ат­тандырды, әрбір үшінші адам қазақ (Қазақстан) еді, әрбір төртінші адам сұрапылдан оралған жоқ. Ұлы Отан соғысына 11 қазақ ұлттық бөлімдері қа­тысты, соның ішінде 3 кавалерия дивизиясы, 2 атқыштар бригадасы бар еді. 104 қазақ Кеңес Одағының Батыры ата­ғын алды, ал Талғат Бигелдинов – екі мәрте Батыр атанды... Бауыржан Мо­мышұлы – Бас штаб Академиясының қазақ­тар арасынан шыққан тұңғыш түлегі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында дивизияға әмір еткен аз қазақтың бірі – командир болды. Б.Момышұлы жайлы бірінші рет Мәскеу түбіндегі шайқастан кейін айта бастады... Волоколам бағытын 16-армия (әмір еткен К.К.Рокоссовский) қорғауға алды, құрамында генерал Пан­филовтың 316-шы атқыштар дивизиясы бар еді. 1941 жылы 15-18 қарашада Вер­­махтың «Орталық» армиялар тобы 316-шы атқыштар дивизиясы мен генерал Л.М.Доватордың кавалерия тобы ұштасқан тұсқа басты соққыларын бере шабуылға шықты, өте қиын ұрыстар жүргізілді, мұндай ауыр шайқастар кешегі КСРО әскери тарихында ешқашан болмап еді... Немістер астанаға асық­ты, күш жағы басым болса да, панфи­ловшылардың қатарын бұзып өте алмады. Дивизияның 70%-ы Орта Азия халықтарының өкілдері еді, адам құрамының көбісі қазақтар екен... Гитлершілер 316-дивизияны «тағы дивизия» деп атады... Сол кезде батальон қолбасшысы Бауыржан Момышұлы үлкен әскери құбылыс ретінде танылды. Ол 19-шы (кейін 1 073-ші деп өзгер­тілген) атқыштар полкін аға лейтенант дәрежесінде басқарды. 1942 жылдың ақпан шайқастары тұсында Бауыржан Момышұлы капитан дәрежесінде еді: «Өліктің бас сүйегі» атты эсэс дивизиясы ұрыс жүріп жатқан аймаққа Бауыржан Момышұлы полкі жібермей ұстап тұруға тиіс бағыт та кірді. Эсэс тобы көне Русса жағынан танк, артиллерия және жаяу әскер қатысқан шабуылды бастады. Бірнеше сағатқа созылған ірілі-ұсақты шайқастар тоқтаусыз жүрді. Архивтен мен Бауыржан Момыш­ұлының әскери есеп-хатын тауып алып, оқыдым: «Порково тракті мен шоссе фашист өліктеріне толды... 1941 жылдың 12 ақпанында 1 073-ші полк бөлімдері жылдам қозғала отырып, Новолок және Каменка селоларын алды. Дұшпан күш­тері қару-жарағы мен көліктеріне ие бола алмаған күйі шосседен біржола айы­рылып, батысқа қарай шегінді. Қарсы тұрған топтары жеке-жеке соққыға түсіп, жойып жіберілді, тек аз ғана бөлігі қашып құтылды. Бауыржан Момышұлы полкі жаудың шебін бұзып, 200 км дейін жау ішіне тереңдеп енді. (Архив документтері куә бола алады: екі жыл ішінде 1 073-ші полк, яғни Момышұлы полкі, 18 мың жаудың көзін жойып, 84 елді мекенді азат етті)... 1944 жылы полковник Бауыржан Момышұлы Бас штаб академиясын тәмамдап, 9-шы гвардия атқыштар дивизиясын қол астына алды. (Оның алдында дивизияны басқарған Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Белобородов).

Балтық бойын азат еткенде неме­се Курляндия тобын жою ұрыста­рын­да Бауыржан Момышұлы қолбас­шы­лық қабілетін жақсы таныта білді... Бауыр­жан Момышұлы, меніңше, ірі әскери ғалым. Оның жедел стра­тегиялық өнері, тактикасы, майдан ашқан амал-әдісі, басқарғаны, қол, жауынгер құрамын оқыту, үйрету және әскери дайындығы, офицер қадрларын даярлау жүйесі терең зерттеуді қажет ететін жайттар».

3. «Момышұлы спиралі»

Бұл тақырып «Менің ғұмырымдағы Бауыржан Момышұлы» атты кітаптан алынды. («Қазақстан» бас­пасы, 1995 жыл). Авторы – Ким Серікбайұлы. Қазақ тарихындағы әскери ғылымдар тұңғыш кандидаты.

Ким Серікбайұлы Баукең спиралі жайында кеңінен әңгімелейді, оның ар­тықшылығын әскери ғалымның шебер­лігімен ұғынықты дәлелдеп береді. «1941 жылдың жазында Қызыл Әскер шекараны тастап, кейін шегінді. Ал күзде қиын жағдайларға тап болды, – деп жазады Ким Серікбайұлы. – Соңғы ше­бін қорғай отырып, Қызыл Әскер болат спираль тәрізді бірде жиырылып, бірде серпіліп тұрды. Кейде қатты жиы­рылғанда спираль – шектеуге, кермеуге шыдай алмай, сынып кететін сияқты көрінетін...Бірақ болат спираль сынған жоқ! Қызыл Әскердің соққысының ауыр болғаны соншалық, фашистерді қысқа мерзім ішінде Мәскеуден 200-300 шақырым алысқа қуып тастады. Мәскеу түбіндегі шайқастарды бақылап-қадағалап отырған ғалам жұртшылығы Қызыл Әскер күш-қуатына толықтай сенді, ол ұрысқа біздің жерлестеріміз де қатысып еді: 316-атқыштар дивизиясы мен басқа бөлімдер... И.В.Панфилов пен Б.Момышұлының аналитикалық ақыл-ойы, ұйымдастыру қабілеті және адамгершілік қасиеті кризистік ситуацияларда дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік берді, соның біреуі – «спираль – пружина». «Бауыржан спиралі» соғыс қимылдарын жүргізудің жаңа формасы екенін архив құжаттарын оқып отырғанда білдім. Бұл – жұмыс қарталары, схемалар, шайқас есеп-хаттары...  Шабуылдың бас кезінде артиллерия жауды соққының астына алады, танкіге қарсы танкі қиратар қару-жарақ атқылайды, атқыштар қаруын дүңкілдетіп жаяу әскерді еріп келе жатқан танкілерінен бөліп тастайды. Қорғанысқа бұзып-жарып кірген дұшпан тобын қарсы соққымен тосып алып, ілезде көзін жоя­ды. Бір жағынан, жақсы пысықталған, айқындалған аралас-құралас әскери қимылдар жауды күйретуде тиімді болса, екінші жағынан, батальонның негізгі күштерін әрі алып кетуге жағдай жасайды. Батальон тек қана дивизия не полк командирі бұйрығынан соң шегінуге рұқсат алады. Ұрыс даласынан түнде шегінеді. Әр рота белгіленген елді мекенге барып, батальон командирі бұйрығымен өздері қалаған бағытты бетке алады. Роталарды бір взводтан қалдырады, бұл – ту сыртынан келетін шабуылды тосып, қорғап отыру үшін... сөйтіп, Б.Момышұлы батальоны тек қана шегінген жоқ, «спираль» секілді жол бойымен сырғи отырып, жау әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасады, техникасы мен тірі күштерін құртып жіберді, дивизияның негізгі тобына жеткенше дұшпанды мезі қылды.. Бауыржан Момыш­ұлы маневрлік ұрыстардың ше­бері болды, ал оның «спиралі» тактика­дағы «тұтас қорғану» терминін айқын тү­сін­діретін түсінік деңгейіне дейін дамытты».

4. «Отанға қызмет етеміз»

Кейін армия генералы И.И.Чистяков былай деп жазды: «Панфилов Бауыржан Момышұлын ғажап ерлігі мен ауырт­палықты көтере білетін қасиеті үшін баға­лады. Мәскеу түбінде оның батальоны қоршауға түсіп қалып, күші одан да көп дұшпанмен алысты әрі ол бірнеше күн бойы полкпен байланыссыз қалып еді. Екі тәулік ішінде гвардиялықтар 400 фашисті жойып, Волоколам шоссесіне жасалар шабуылды тоқтатып, орман арқылы маневр жасайды да, өз полкіне қайтып оралады. Осы шайқастан соң Панфилов Момышұлы батальонын өз қасында ұстап, ұрыстың ең қиын тұстарына жіберіп отырды».

5. «Әкемнің аты үшін»

Бірде редакция тапсырмасымен Бақытжан Момышұлының үйіне бардым. Ұзақ әңгімелестік, ескі суреттерді көрдік, қайтарымда аға маған кітабын сыйлады. Маған кітаптың басталуы ұнады, сосын ешкім айтпай жүрген ойы: «Ел әкем туралы айтып беруімді сұрайды, сонда сол адамнан сұрағым келеді: «Тыңдауға сенде құлақ бар ма?». Егер «нағыз Бауыржанды» көрсетші» деп айтса, мен үнсіз қаламын, көкейіме бір сауал орала кетеді: «Оны көруге сенде көз бар ма?». Әкемді сәл болса да тыңдай білу үшін және көру үшін маған бүкіл ғұмырым аздық етті десем, сірә, ешкім сенбес еді. Оның нағыз бейнесі мен үшін әлі белгісіз деп ағымнан жарылсам, теріс айналып кетер, өйткені, мен енді ғана Әкемнің Абсолюттік Адамгершілік Идеясына біржола айналғанын түсіндім».

6. Сөз соңы

Қазақ халқы батырларға, қолбасшы­ларға бай болса да, ХХ ғасырда, дүниежү­зілік есеп бойынша, өзге халықтардан гөрі көбірек азап шекті: ғасыр басында 70%-ға жуық кеміді (эмиграция, аш­тық, қуғын-сүргін), тілі тек әдебиетте ғана қалды, аты-жөні орыс тілінің ілік септігіне бейімделіп жазылды (чей сын? – чей Иван? – Сидоров Иван), сөйтіп, діліне, ақыл-ойына, санасына, жеріне жат қасиет-құндылық бойына сіңген дүбәра ұрпақ өсіп-өнді. Сондай қиын-қыстау кезеңде ділін де, тілін де, жерін де сақтаған Бауыржан Момышұлы, оның есімі қа­шанда қазақтықтың символы ретінде есімізде мәңгі жаңғырып тұрады, жарқын бейнесі қашанда көзімізге жылыұшырап көрінеді. Рас, өткен дәуірден бүгінге жеткен, аруағы бірде еліне ренжіп, бірде еліне сеніп келе жатқан Баукең түнде түсімізге енеді, күндіз ойымыздан кетпейді. 6,5 миллионнан отызыншы жылдары 2,5 миллионға дейін азайған қасіретті Қазақ халқының, Көкте желбіреген Тәңір түстес Көк байрақтың қазіргі таңда құрған салтанатына арнап және Алатаудың етегінде топырақ жамылып, мәңгі ұйқыға кеткен арысы жатқан жерінде бір аунап түссін деп осы естелік, бұл сағыныш мақаланы жазып отырмыз. Бәріміз де ғасыр соңына талай-талай қайғы-қасіретті басымыздан өткеріп жеттік, бірақ біз, Қазақ халқы, бәрібір, жаңа ғасырға жететін едік, Баукең атамыз айтты емес пе: «Әділдік асықса да – кешігеді, бірақ келетіні – сөзсіз».

 

Дидар АМАНТАЙ