• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Мамыр, 2021

Майдангердің өнегелі жолы

315 рет
көрсетілді

Соғыс оты көптеген адамның өмірін қиды. Майдангерлеріміз Отан алдындағы борышын өтеп, бүгінгі азат күннің ақ таңын атыру жолында қаны мен терін төкті. Қан кешіп, қиянкескі шай­қас­та жауын жеңіп, артында қалған ұрпағына Жеңіс туын алып берген әкелеріміздің өшпес бейнесі мәңгілік ел жадында қалады.

Әкеміз Қалтан Құсайынов 1913 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Кейін ер жетіп, хат таныған ол Кеңес өкіметі құры­лып жатқан тұста қазақ мек­тептерінде араб тілінен сабақ бер­ді. Бұл тілдің қолданыста болмауын көздеген саясат реңк бере бастаған кезеңі болатын. Содан ол шарасыздықтан қазақ сыныптарына орыс тілінен сабақ жүргізеді. Жер-жерде қуғын-сүргін дүмпуі қызғандықтан, білімге құштар, ізденімпаз ол Көк­шетау педагогикалық учи­лищесінде білімін одан әрі арттыра түседі. Бұл кезде анамыз Ба­диға Құсайыноваға үйленген. Бауыр­ларында 2 баласы және ата-әжеміз бар еді. 2-курста оқып жүргенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Ендігі міндет – елін, жерін жаудан қорғау болғандықтан, өз еркімен әскер қатарына қосылады.

Ерекше ерлігімен көзге түсіп, фашистердің алдыңғы қатарын ойсырата жеңіп, 1941 жылы 26 маусымда кіші сержант атағына ие болады. Ал 1941 жылы 15 қыр­күйекте 700-ші атқыштар полкінде ант қабылдайды. Әу бастан-ақ, әке­міз соғыстың дүлей айқастарына қатысқан. 1941 жыл­дың шілдесінен 1942 жылдың тамызына дейін 700-ші атқыштар пол­кінде болса, уақыт өте 494-ші атқыштар полкінде 1942 жыл­дың тамызынан 1944 жылдың шіл­десіне дейін мерген болып әскери міндетін орындайды. Кейін 202-ші резервтік атқыштар полкіне ауыс­тырылып, ол жерде 1944 жыл­дың шілдесінен 1945 жылдың нау­рызына дейін полк мектебінің курсан­ты болады. Сол жылдың науры­зынан шілдесіне дейін 208-ші атқыштар полкінде қызмет етеді. Сонымен қатар әскери билетінде баяндалғандай, сол жыл­дың маусымында 100-ші жеке атқыштар батальонында болған.

Осы жылдар ішінде әкеміз үш жері­нен жарақат алады. 1945 жылдың 1 наурызын­да сол жақ аяғындағы жарақаты ауыр бол­ғандықтан, бір айдан артық госпитальда ем қабылдайды. Майдан шебіне қайта оралғаннан кейін сол жылдың 14 қазанында, 1945 жылы Жоғарғы Кеңес Прези­диумының 25-ші бұйрығымен «демо­билизацияға» ілігеді. Тағы бір естеліктерінде соғыстағы ерен ер­ліктерін: Сталинград, Украи­на және Балтық жағалауы елдерін жаудан қорғау­мен өткіз­генін, соғыстың соңғы легін Ке­­нигсбергте (бүгінгі Калинин­град)­ аяқтағаны туралы баяндайды.

Сұрапыл соғыста жанқияр­лығымен көзге түскен ардагер­леріміздің саны өте көп. Жеңіс отының алауын жаққан сәттен бастап, батыр жауынгерлеріміз ма­дақталды. Азаппен келген со­ғыстың бал дәмін татпай кеткендер қаншама? Солай болса да, ешкім мойымады, дұшпаннан елді азат етті. Олардың қатарында болған әкемізді әрдайым мақтаныш ете­міз. Біз үшін аса құрметті әрі баға жетпес марапаттары: III дәре­желі «Даңқ» ордені болатын. Бейбіт өмір орнап, әр жылы медальдармен ма­дақ­талып отырды.

Әкемнің аты-жөні Ақмола облысы бойынша 1941-1945 жыл­­дар­дағы Ұлы Отан соғысы ар­да­гер­ле­ріне арналған жинаққа ен­гізілген.

Соғыстан кейін жаңа дәуір орнаса да, үйде қол қусырып жатпай, жұмыс істеуін тоқтатпады. Өте намысшыл еді. Ешкімнен ешнәрсе сұрамайтын. Елден оза туған дарынымен әрдайым алда жүретін. Соны­сымен сыйлы ардагерге айналды.

Бойында ерекше қасиетте­рінің бірі – жастайынан спортқа жақын болғандықтан, жаман әдет­терге жоламады. Осы жақ­сы қасиеті біз үшін үлгі бол­ды. Әкенің үлгі­лі жолы ұрпақ­тарының тәлім-тәрбиесіне әсер етіп, саналы азамат болуына сеп­тігін тигізді. «Мек­тепке  барған сайын балалармен жеке-жеке сөйлесіп, барлық мәсе­лелер жайында әңгіме-дүкен құра­тын. Әсіресе, Жеңіс күні медальдарын костюмінің кеудесіне тағып алып, мақтанышпен оқушыларымен кез­десуге баратын. Әкеміз Же­ңіс­­­тің 50 жылдығын атап өтіп сол жылдың күзінде о дүниелік бол­­ды.

Ал бір жазбада анамыз бы­лай­ша ой өрбітеді: «Отаға­сы екеу­­міздің он баламыз бол­ды. Бар­лығына мүмкін болған жағ­дайда білім беруге жәрдемдестік. Қыздарымызды – қияға, ұлдары­мызды ұясына қондырдық. 1962 жылы «Батыр ана» атағына ие бол­дым. Отағасымен 50 жылдай отастық. Шүкір. Мен неме­реле­рім мен шөберелерімді көр­дім».

Бүгінде алтын құрсақты анамыздан өрбіген 26 немере, 56 шөбере, 23 неменесі бар. Анамыз 68 жасында өмірден озды.

Біз «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деген тәмсілдің орын­ды екенін айта аламыз. Ендігі кезекте біздің міндетіміз – еге­мен­­ді елді орнатуға күш салған ардагерлерімізді құрметтеу.

 

Сақып ҚҰСАЙЫНОВА,

майдангердің қызы

 

Нұр-Сұлтан