Көктем шығып, жер кепкен соң өрт сөндірушілерден маза кетті. Қыстай пештен шыққан өртпен алысса, жаз шыға далалы, орманды жердегі өртті ауыздықтап әлек, деп хабарлайды Egemen.kz
Бүгін Риддер орманшылығының 2 гектардай алқабын қызыл жалын шарпыды.
Оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің орман шаруашылығы және өрт сөндіру қызметкерлері жетті. Өрт сөндіруге барлығы 6 техника және жеке құрамнан 100-ден астам адам жұмылдырылды.
Тілсіз жау лапылдап бара жатқандықтан, МИ-8 авиаорманқорғау тікұшағы да көкке көтерілді. Мамандардың пікірінше, өрт абайсыздықтан шыққан.
Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері табиғатта отқа аса сақтықпен қарау керектігін ескертеді. Мүмкін болса, от жақпауға кеңес береді. Айта кетерлігі, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.