Қызылорда облысында сексеуіл орманы алқабы жыл сайын ұлғайып келеді. Тұқымы күзде себілетін дала өсімдігін егу желтоқсанның ортасына дейін тоқтамайды. Шөл даланың шырайын кіргізіп тұрған сексеуіліңіздің бұдан басқа да ерекшелігі көп.
2018-2020 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Корея Республикасының орман қызметі және биоәртүрлілікті сақтау қорымен бірлесе отырып, Арал теңізінің табанындағы 13,300 гектар аумаққа 5 млн түп сексеуіл көшетін отырғызды. Жобаға Кореяның орман қызметі 1,7 млн доллар инвестиция бөліпті. Белгіленген норматив бойынша егілген сексеуілдердің шығымдылығы 30-35 пайыздық көрсеткішке жетіп, оны Кореядан келген арнайы өкілдер жоғары бағалаған екен.
Жалпы, теңіздің тартылған табанына галофитті өсімдіктер отырғызу жұмыстары көп жылдан бері жалғасып келеді. Отыз жылға жуық уақыт ішінде 190 мың гектар жер орманға айналды. Алдағы 5 жылда тағы 213 мың гектарға сексеуіл егу жоспарланып отыр.
Жуырда облысқа жасаған сапарында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арал теңізінің құрғаған табанындағы фитоорманмелиорациялық жұмыстармен танысты.
Кезінде ұшан судың асты болып, бүгінде құрғаған аумақ көлемі – 4,6 млн гектар. Оның 2,2 млн гектары біздің жерде, 2,3 млн гектары Өзбекстан территориясында жатыр. Ежелгі алып айдын табанынан жыл сайын ұшқан 100 млн тонна тұз бен құм мыңдаған шақырымға жетіп тұр.
– Теңіз табанының тұзы мен құмын тұрақтандырудың экологиялық тиімді және қауіпсіз жолы – байырғы өсімдіктер егу. Бір түп сексеуіл 4 тонна құмды тоқтата алады. Сондықтан республикалық және жергілікті бюджет есебінен, Дүниежүзілік банк, Ғаламдық экологиялық қор көмегімен теңіз табанын желекке айналдыру ісі жалғаса береді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында тұрған маңызды бастама, – деді М.Мырзағалиев.
Министрдің айтуынша, биыл «Арал маңының экологиялық бағдарланған аймақтық дамуы» атты жоба басталды. Германияның экономикалық әріптестік және даму федералды министрлігі 8 млн еуро бөлген жоба 2024 жылдың маусым айына дейін Өзбекстан аумағындағы Қарақалпақстан мен Хорезмде, біздегі Қызылорда, Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылады.
Сонымен қатар алдағы уақытта Арал табанында сексеуіл отырғызудың арнайы бағдарламасы қабылданбақ. Көршілес Өзбекстан мемлекетімен тәжірибе алмасу шаралары жалғасып, экспедициялар ұйымдастырылады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының мәліметінше, аймақта ормандарды молықтыру мен көлемін ұлғайту шаралары үздіксіз жүргізіліп келеді.
Биыл орманды молықтыру жұмыстары 14,3 мың гектарға жүргізілмек, оның 3 мың гектары Арал теңізінің құрғаған ұлтаны. Сонымен қатар облыстағы сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін орман тұқымбақтарының көлемі 22 гектардан 100 гектарға ұлғайып, оларда 1 млн-ға жуық саялы ағаш көшеттері дайындалып жатыр.
Жалпы, елді мекендерді көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары аясында алдағы 5 жылда 467,7 гектар жерге 1,1 млн-нан астам жергілікті климатқа бейімділген ағаш көшеттерін отырғызу жоспарда тұр.
Биылғы Наурыз мейрамының қарсаңында Мемлекет басшысының 5 жыл ішінде орман қорында 2 млрд, қалалар мен елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі бастамасын іске асыру басталды. Шара шеңберінде «Мекенім – жасыл елім», «Бұл менің ағашым» акциялары өткізілді. Ал «Мекенім – жасыл орманым» жалпыұлттық ағаш отырғызу акциясында Арал теңізінің ұлтанында 180 мыңнан астам сексеуіл көшеті отырғызылды. Осы акцияға қала, аудан елді мекендерінен 7 270-тен астам тұрғын қатысып, жергілікті топыраққа жерсіндірілген 20 мыңнан астам Сыр талы, қара ағаш, жеміс көшеттері тігілді. Өскелең ұрпаққа табиғатты аялауды және қорғауды үйрету мақсатында мектеп оқушылары арасында «Бұл – менің ағашым» атты челлендж ұйымдастырылып, мектеп аулаларында 8 070 түп ағаш егілді.
Қызылорда