• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 12 Мамыр, 2021

Қызылжар өңірі қалай Қазақ Республикасына қайтарылды?

846 рет
көрсетілді

РСФСР Совнаркомының 1919 жылғы 10 шілдедегі «Қырғыз өлкесін басқаратын Төңкеріс комитеті туралы» декретінде: «Қырғыз өлкесінің аумағы анықталғанша, Төңкеріс комитетінің ...қарауына Астрахан губерниясындағы қырғыз жерлері және Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары қарайтыны жазылған болатын.

Қазақ жерлерін түгендеу мә­селесі бойынша 1920 жылғы 18 мамырда Мәскеуге барған Әлімхан Ермековтің естелігінен:

«...Мен В.И.Лениннің төраға­л­ығымен өткен кеңеске қатысып, Қазақстандағы жағдайды баяндадым. Мен Столыпин реформасы дегеннің кезінде қазақтардың жері жаппай тартып алынғанын, Ертістің сол жағасындағы он шақы­рымдық жолақ 1904 жылы казак-орыстарға беріліп, қазақ халқының қуылып тасталғанын, Каспийдің солтүстік жағасына қазақтардың жолай ал­май отырғанын...айттым». (Ж.У.Қы­дыралина. Алимхан Ермеков. Алматы, 2012).

Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының жер аумағы мәселе­сінің оңай шешілмегенін көр­се­тетін құжаттар да баршылық. Мы­­салы, Петропавл уезі қазақ бо­лыс­тары қала-уездік сьезіне қаты­сушылардың Ресейдің Ұлттар ха­лық комиссариатына 1920 жылғы 4 тамызда жолдаған мына жеделхатында: «Біз, Омбы губерниясы Петропавл уезі 15 болысының қазақтары Петропавлдағы қала-уездік сьезге жиналып, болашақ Қазақ республикасының шека­ра­сын анықтауға арналған комис­сияның құрылуын қолдаймыз және этнографиялық, тарихи және экономикалық жағынан ты­­ғыз байланысты Петропавл уезі Қазақ Өлкесінің құрамына енуі керектігіне сенім білдіреміз. (ЦГАОР СССР, 1318-қор, 1-тізбе, 141-іс, 59-бет; «Образование Каз. АССР», стр. 244). Құжатқа қоса басылған түсініктемеде осы жедел­хатқа қол қойған өкілдер Келтесор, Сарыайғыр, Тайынша, Жамантұз, Еменәлі, Таузар, Смайыл, Аққусақ және Анастасьев болысының қа­зақ­тары екені көрінеді. Сонымен, 1920 жылғы 26 тамызда Ресейдің ең жоғарғы билік дәргейінде Қа­зақ автономиялы Советтік Со­циа­листік республикасын құру туралы жал­пыға мәлім құжат қабыл­дан­ды. Мұнда, Атбасар, Ақмола, Көк­ше­тау, Петропавл уездері және Омбы уезінің бір бөлігі Қазақ автономиясы деген дербес шаңырақтың астына қосылғаны туралы жазылды.

1920 жылғы 4 қазанда Орын­бор қаласында Қазақ АССР со­вет­терінің Құрылтайы ашылып, он­да 26 тамыздағы декреттің қағида­лары, оның ішінде қазақ­тың жерін түгендеу мәселесі қа­ралды. Бір ғажабы – Бүкілқазақ құ­рылтайы­на Петропавл уезінен тек қана қа­зақтар қатысқан. Бұл туралы Петропавлда шығып тұрған «Мир труда» газетінің 1921 жылғы 24 тамызда шыққан 175-санында анық жазылған. Орынборда Құрылтай жүріп жатқанда, съезд төралқасына Петропавлдан келген жеделхат мәтіні оқылды.

Онда былай делінген: «Біз, Омбы губерниясы Петропавл уезін­­дегі 15 болыстан сайланған қа­­­зақ депутаттары Қазревкомды ең­­бекші қазақ халқының басшысы деп мойындаймыз және езгідегі халыққа Совет өкіметі жариялаған бостандықты алып бергені үшін оған барынша қолдау көрсетеміз, қазақ автономиясы жүзеге асады, деп сенеміз». Бұл жеделхат сол кезде, «Известия Киргизского края» деген басылымның 1920 жылғы 9 қазандағы санында жарық көрді. (Кітапта: «Образование Казахской АССР», стр. 259).

Сьездің соңғы күні қабылдан­ған қаулыда: «Семей және Ақ­мола губернияларының Қазақ Рес­публикасы үкіметінің қара­уына бірден өтіп кетуі бұл губер­ния­лардағы жұмысқа қиындық тудыруы мүмкін екені ескеріліп, оларды әзірше, яғни 1921 жылдың 1 қаңтарына дейін Сибревком қара­уында қалдыра тұру ...ұйғарылды».(ЦГАОР Каз. ССР, ф. 5, оп. 1, д. 21, л. 266; «Образование Казахской АССР», стр. 294)

Құрылтай сьезінің шешімде­рі бірден орындала қойған жоқ, жаңадан құрылған Қазақ Респуб­ликасының шығыс шекараларына қатысты түйткіл мәселелерді шешу жайы созылып кетті. Айталық, Қазақстан Орталық атқару коми­тетінің (КазЦИК) төрағасы әрі Қазақстан шекарасын реттеу ту­ра­лы төтенше комиссияның төр­­ағасы Сейітқали Меңдешев бо­ла­шақ республиканың Сәкен Сей­фул­лин бастаған бір топ басшылары 1921 жылы 19 наурыз­да Петропавлға келіп, нақты жағ­даймен таныс­қаннан кейін, Мәс­кеуге жеделхат жолдаған:

«Құпия. Мәскеу. Қазақстан өкіл­дігіне. БОАК мүшесі Мыр­за­- ға­лиевке. Шекара жөніндегі пікі­рім мынадай: Семей губерния­сы, Ертіс және Павлодар аудандарын Қазақстанға қалдыру мәсе­лесінде табанды болыңыз. Ал Омбы қа­ласын Қазақстанға қосу жөнінде мәселе қиындап кететін болса, күштемей-ақ қойыңыз. Ертісті иемдену (яғни Ертіске қол жеткі­зу.-З.Т.) туралы біздің ұсынысы­мыз­ды өткізу қажет. Ең болмаса, Омбы уезінің қазағы басым бөлігін алып, Ертіске қол жеткізумен шек­­телуге болар. Есіңізде болсын, бұл мәселені федералдық билік­­тің алдына қойғанда, «Бұл қа­зақ­тар Омбы уезінде қалса, сөз­­сіз қырғынға ұшырайды, біз олар­­ды аман сақтап қалуға күш са­лып отырмыз» дегенбіз, осыны айқын жеткізіңіз. (СҚОММ, 43-қор, 1-тізбе, 7-іс, 1-парақ.)

Сақталған құжаттардағы шын­дық осындай. Ол – бүгінгі барымыз бен жоғымыз туралы. Барымызды көріп отырмыз, танимыз, білеміз. Кең байтақ Қазақстанның жері, ата қонысымыз, байлығымыз осы. Осының көбі – Кеңес заманында жасалған іс болып көрінгенімен, Алаш көсемдерінің жанқиярлық еңбегінің жемісі екендігін біреу білсе, біреу білмейді.

Қазақтық Ақмола губер­ния­сы­­ның құрылуы 1921 жылғы 21 сәуір күні Петропавл қаласындағы Луначарский атындағы театр үйін­­де өткен Петропавл қала-уез­дік ІІ партия конференциясы­нан бас­талады. Конференция төр­алқа­сына сайланған жеті адам­ның ішін­де жергілікті коммунис­терден Айса­рин мен Бейсенов бар. Де­мек Қазақ автономиялы рес­пуб­лика­сының құрамында Ақмола губерниясын құрған және губер­ниялық партия ұйымы мен губ­ревкомның ұйымдасқанын жа­риялаған осы жиын болып табылады.

Солтүстік Қазақстан облы­сы­­­­ның, оның ішінде Петропавл уезі­нің Ресей мемлекетінен бөлініп, Қазақ Республикасының құрамына енген күнін дәл осы 1921 жылғы 21 сәуір деп салтанатты түрде атап өтуге болады. Партия конференциясын Орынбордағы Қазақ облыстық партия комитеті атынан Қазақстан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары Смағұл Сәдуақасов құттық­тап, «Қазақ Республикасы және қазақтар арасындағы жұмыс туралы» баяндама жасады.

Жаңа құрылған губерниядағы бүкіл әкімшілік билік Әбдірахман Әйтиев басқарған губерниялық төңкеріс комитетіне (губревком) берілді. Оның құрамына Барлебен, Коротков, Шарипов, Иванов және Асылбеков сайланды.

1921 жылы 26 сәуірде Пет­ро­павлда шығатын «Мир труда» га­зетінде ҚазЦИК төтенше өкілетті комиссиясы мен Бүкілқазақтық кеңестердің бірінші съезінің қау­лылары және Ресейдің Сібір ревкомымен келісім-шарт жарық көрді. Бұл құжат бойынша:

«1. Петропавл, Көкшетау, Ақ­мола және Атбасар уездері Омбы губерниясының құрамынан шы­ғып, Россия Советтік федерациясы­ның Қазақ Социалистік Советтік Республикасына кіретін Ақмола губерниясын құрайды.

Жаңа құрылған Ақмола губер­ниясының орталығы Петропавл қаласы болып табылады». Мәс­кеуден шығатын «Известия» газеті бұрынғы уездік деңгейдегі ғана шағын қала Петропавл ұлан-байтақ губернияның орталығы болды деп жазды.

1921 жылғы 28 сәуір күні ҚОАК төрағасы С.Меңдешевтің «Пет­­ропавл қаласының еңбекші жұртшылығына» деген Үндеу-хаты «Мир труда» газетіне басылып шықты. Қаланың Қазақстан құрамында қалуына байланысты мерекелік мәдени шаралар өткізілді. Мысалы, «Мир труда» газетінің 13 мамыр күнгі санында Петропавл қаласындағы Қазақ клубының музыкалы-драма тобының күшімен қазақ авторларының «Жебір бай», «Әйел бостандығы», «Алтын сақа» деген пъесаларының қойылғаны хабарланды.

1921 жылғы 2 маусымда губер­ниялық кеңес партия ұйымдары­ның қаулысымен Петропавл уезінде 5 әкімшілік ауданы құрылды. Олар: Булаев, Явленный, Жаңа Пав­­лов, Новорыбинский және Прес­­ногорькое аудандары еді. Қау­­лыда олардың барлығы да бұ­рын­­ғы орыс болыстары екені атап көрсе­тілді. Осылайша қазіргі Сол­тү­стік Қазақстан облысы орна­лас­қан аймақта кеңестік тәртіпке негізделген әкімшілік-аумақтық бөлініс қалыптаса бастады.

Осыдан кейін Ақмола губер­ниялық І халық ағарту конферен­циясы өтті. Конференцияда Бай­ділдин Әбдірахман, Бейсенов Мұха­метжан, Қазыбеков Смағұл сөз сөйледі. Жиында уезд бо­йын­ша бірінші басқыш мектептер саны 106 және екінші басқыш бір мектеп бар екендігі көрсетілді. Әбдірахман Байділдиннің баяндамасында қа­зақ­тарды оқыту, олардың мәдени дәрежесін көтеру жөнінде айтылды. «Ұлттардың теңдігі қамтамасыз етілсін, отаршылдық пиғылдар мен көріністерге жол берілмесін» деген айқын мәлімдеме жасалды.

1921 жылғы 11 қыркүйек. Сол күні кешкі сағат бесте Петропавлда губерния кеңестерінің тұңғыш құрылтай съезі болды. Қазақ рес­публикасы халық комиссарлары Кеңесі мен губревком атынан съезді Әбдірахман Әйтиев ашты. Съезге қатысушыларды Қазақ Орталық атқару комитеті атынан Смағұл Сәдуақасов құттықтады. Мұрағатта сақталған хаттамада Смағұлдың сөздерінің мазмұны тезис түрінде беріліпті, сірә, алдын-ала дайындалған жазбаша мәтіні болмағанға ұқсайды: «Қыр баласы өзін ғана, малын ғана ойлап еркімен жүрген шақта, Ресейдің отаршыл билігінің шеңгеліне тап болып еді... Енді бас еркі өзінде, өз елін өзі билейтін болады...» деп бастаған екен.

1921 жылы 17 қыркүйекте губревком доғарылып, советтердің губерниялық бірінші сьезінде сайланған Ақмола губерниялық атқару комитеті іске кірісті. Жаңа сайланатын атқару комитетінің міндетін С. Сәдуақасов былай бел­гілеп берді: «Төңкеріс комитетінен атқару комитетіне ауысу – заңды уақыт талабы. Әскери-төңкеріс тәр­ті­бінен бас тарту керек. Жеке-дара билеп-төстеуге жол берілмесін».

Ақмола губерниялық атқару комитетінің басшылығы мынадай болып бекітілді: Әйтиев – төраға, Шумский – оның орынбасары және экономика комиссиясының төр­ағасы, Патрикеев – азық-түлік комиссары, Бейсенев – әкімшілік кеңестің төрағасы, Қазыбеков – іс басқарушы. Атқару комитетінің құрамына: Сабыр Шәріпов, Ғаббас Тоғжанов, Жұмағали Тілеулин, кандидаттығына Жанұзақ Жәні­беков сайланды.

«Мир труда» газетінің сол күнгі саны: «Жеке бақырды ортақ қазанға айырбастайық!» деген со­циалистік ұранмен шықты.

 

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері,

М. Қозыбаев атындағы

СҚУ профессоры