• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Мамыр, 2021

Түркістанның жаңа дәуірі

2415 рет
көрсетілді

Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығы етіп жариялаған тарихи шешіміне бірер айда үш жыл толады. Жаһанға жария етілген хабарды алғаш естігенде отандастарымыз ақ түйенің қарны жарылғандай сүйіншілеп, Жаратқанға шүкіршілік айтып, Мемлекет басшысының кемелдігіне, көрегендігіне тамсанып, «тілден, көзден сақтасын!» деп тебіренген.

Тәуелсіз еліміздің рухани астанаға бет бұруын барынша жақсылыққа жорыған. Бұл – елдік рухани дәстүріміздің шырақшысы, бірлігін тірлігімен бекемдеп, ынтымағын ырысымен арттырған, табысын маңдай терімен молайтқан түркістандықтардың қуанышын еселендірді. Ал, жеті атасы «Әзірет Сұлтан» деп Түркістанды әз тұтып қадірлеген Қазақ елі өңірлерін одан сайын шаттандырды. Ғасырлар бойы ата-баба аманатындай болған арман-тілектің оңынан шешілгеніне мыңдаған, миллиондаған қөрші-қоңсыларымыз, түркітілдес бауырларымыз да елеңдеп, үміттері оянды. Маңызды қадамға бүгінде әлем жұртшылығы да көз тігіп отырғаны белгілі.

Жалпы, қазақ үшін Түркістан – қаладан да, облыс орталығынан да биік, асқақ әрі кең ұғым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Тарихы бай, та­ғылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол – бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осын­да жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы».

Ал «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» саммитіндегі тарихи сөзінде еліміздің Президенті Қ.Тоқаев Түркістанның барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт екендігін еске салып: «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз», – деді.

Ұлы дала елінен шыққан әлемдік ғұлама Әбунасыр әл-Фарабидің: «Дұрыс әрекет мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады» деген дана сөзі бар. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннен бері Елбасы Түркістанды бір де мезет назардан тыс қалдырмағанын жақсы білеміз. Өйткені, ол – ұлт тари­хы­ның бір ұстыны, руханияттың алтын діңгегі, береке-бірліктің адалбақаны, екі дүние алдындағы жауапкершіліктің іргетасы. «Мың өліп, мың тірілген» Қазақ елінің, түркі жұртының аңсары қашанда азаттықты кие тұтқаны белгілі. Сондықтан да Түркістан – әрбір отандас, әрбір мұраттас, әрбір тамырлас үшін киелі. Түркістан – түркі жұртының рухани қазан-ошағын сақтап қалған қара шаңырағы. Ал қара шаңырақ – түп-тамырға адалдық, адамгершілік пен ар-намыстың отауы, имандылық пен дәстүрдің өресі, тәлім мен тәрбиенің, білім мен өнердің ошағы, бардың баяндысы, жоқтың жоқшысы.

Байырғы қазақ жеріндегі екі дүние байлығына кенелетін әрі сыналатын байтақ мекеніміз. Тәуелсіздікке қол жетіп, есімізді жиған сәттен бастап-ақ ескі шаһарымыздың бірегей рухани орталық ретіндегі орны айқындала түсті. Осы қасиетті қалада егемен мем­лекетіміздің бауырлас, тілдес, діндес елдермен жаңа замнға сай ынтымақтастық, достық байламы жасалды. Ер түріктің бесігі қайта тербеліп, қазақтың құтты құшағы айқара ашылды. Солай өрісіміз кеңейді, қанатымыз жайылды.

Мысалы, дамыған Түркия елімен бірігіп Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетін ашу, оған 25-тен аса түркітілдес этностың ұл-қызын оқуға тарту – үлкен мақсат-мұратты арқа­лаған ұлттық және ұлысаралық жоба болды. Экономикалық жағдайдың қиындықтарына қарамастан, сонау 2000 жылы елдің тұмары сынды қасиетті шаһардың 1500 жылдығын атап өтуге де Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бастамашы болды. Қала мерейтойы қарсаңында мемлекетіміздің рухани орталығын әуелі өз халқымызға таныту үшін бірқатар сауапты шаралар қолға алынды. Кесенені, оның маңын жөндеу жұмыстары барысында хан-сұлтандардың, батыр-билердің асыл сүйектері анықталып, ата-баба дәстүрімен, діни жоралғымен жер қойнына қайта жайғастырылды. Діндарлардың арнайы пәтуасы осы мәселеге байланысты көпшілікті ма­за­лаған сұрақтардың жауабындай болды. Кесененің «Кіші Ақсарай» бөлмесіне сағана жасалып, 350-ден астам адамның сүйегін жерлеу тәртібі құжат, видеоға рәсімделіп жүзеге асырылды. Өкінішке қарай, кезінде кесенеге тиесілі киіз кітаптар қолды болып, мұнақып жазылған бірқатар белгілер мен қабіртастардың ауысқаны, кейбірінің жоғалып кеткені белгілі болды. Сөйтіп, жүйеге келтіру жұмыстары қиынға соқты. Соған қарамастан, арнайы құрылған комиссияның арқасында әруақ алдындағы мұсылмандық парыз негізінен орындалды деп айта аламыз. Әрине, ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстарын үздіксіз жалғастырып, жолға қою үшін әлі де көп міндеттер күтіп тұрғанын ұмытпауға тиіспіз. Ол үшін дамыған елдерде арнайы мамандар даярлау, шетелдік тәжірибелерге сүйеніп, сүйек иесін ДНК сараптамасы арқылы анықтауды енгізу, тиісті ғылыми-танымдық бағдарламалар түзу керек. Әйтпесе, ғылыми ортада әлі де болса дәлелдерден гөрі болжамдар айту тыйылмай келеді. Антрополог ғалымдарымыз қашанғы Мәскеудің М.Герасимов атындағы зертханасына барып, қорытындысына жүгінеді? Тиісті министрлік осы саланы қолдап, бет-бейненің пластикалық реконструкциясын жасау жөнінде отандық лаборатория немесе орталық ұйымдастыруының кезі келген сияқты. Өйткені еліміздің кең аумағында әлі зерттелмей жатқан сағаналар мен кесенелер баршылық. Әуелі ғылыми зерттеу кешендерін сайлап алмай, аз уақыттың ішінде тарихи ескерткіштеріміздің ізінен, мұрамыздың жұрнағынан адасып қалуымыз да мүмкін.

Бүгінгі Түркістан мен тарихи Түркіс­танды салыстыру та­нымдық тұрғыдан маңызды. Дей тұрғанмен жаңа ұрпақтың міндеті – өткеннің ғибратты тұстарын жаңа заман контексінде лайықты көрсете алу. Сонымен бірге тарихи шаһарларды жаңғыртудың өркениетті концепциясы болады. Біздіңше, Елбасы идеясымен жаңарған бү­гінгі Түркістан осы бағытты қатаң, жүйелі ұстанып отыр. Мұны көріп-білу үшін, әрине, бүгінгі облыс орталығын – тарихи қаланы тамашалаған дұрыс.

Өзгерген, түрленген сыртқы келбеті бір бөлек, экономикалық, әлеуметтік, мәдени әлеуеті, халықаралық туризмнің бо­лашағы үшін көп мүмкіндік туғы­зы­лып, батыл жобалар қолға алынған.

Шындығында, ол үш жыл бұрын қандай еді, қазір қалай?

Бұрын шаршап-шалдыққан, дәурені өткен кейіптегі қалада Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ғана көзтартар еді. Ма­шина, көліктер маңына дейін шаң­датып барып тоқтайтын. Одан басқа көріп, тамашалайтын орындар жоқтың қасы еді. Тіпті, жанға жайлы, ел тынығатын мейманханаға, дұрыстап тамақтанатын мейрамханаға да мұқтаж болатын. Тіпті бір жылдары сырт елден келген таныстарымыз «аяқ бассаң, «туалет платный» деген шала жазу алдыңнан жиі шығатын қала екен» дегенде, қатты қысылған шағымыз да есте. Мұның сыртында жәпірейген тұрғын үйлер, қырық жамалған жолдар мен ала-құла аулалар, иқы-жиқы қора-қопсылар, сусырап, қурап жатқан ағаштар көштен қалған жұрт­ты елестететін.

Қазір мүлдем басқа қалаға айналып, көркемделіп-түрленіп шыға келді. Жасампаздық рух жұрттың кеудесін көтертіп, жаңа тынысын ашқандай. Қайтсе де «жаңа жеңбек, ескі көнбек» деген. Ең бастысы – қала тұрғындары мен облыс орталығына келген меймандардың көзқарасы, сана-сезімі өзгере бастады. Жастар түркі елдерінің рухани астанасы деген атқа лайық білім алып, харакет жасауға бел байлап отырса, еңбек жасындағылар қазірдің өзінде қоғам мен қауымға пайдалы жұмысқа араласа бастаған. Жаңа кәсіп үйрену мен керек істі оқу мен меңгерудің маңызы артып келеді. «Жүк түйеге келмейді, түйе жүкке келеді» деген аталы сөздің астарын да күні-түні атқарылып жатқан нақты, болымды жұмыстар мен толымды өзгерістер, халықтың көңіл қанағаты ұқтырғандай.

Елбасының маңызды жарлығы жарияланған шақта түгел түркінің төрі - ежелгі Түркістанды енді «рухани жаңғыру қаласы» ретінде көргіміз келгенін жазғанбыз. Әрине, ұсыныс, тілек айтуға әркімнің шамасы жетеді, ал шаһарды заманға лайық түлету – нағыз ерлердің ісі екенін мойындамасқа лажымыз жоқ.

Аз уақыт ішінде атқарылған мың сан шаруаны, төгілген тердің нәтижесін көп іздеу қажет емес. Ол көзге ұрып, тамашалауға, зиярат етуге сұранып-ақ тұр.

Ең әуелі бізге ұнағаны – Фараб кітапханасы. Ол – Түркістанның кеше­гі­сін бүгінімен жалғап, ертеңіне көз салуға мүмкіндік беретін мәнді нысан. Мұнда жинақталған, әлі де жиналатын көне кітаптар мен орнатылған заманауи құралдар – кемелденудің бір көзі. Өз заманында төрткүл дүниенің тетігін түгел білген ғұлама ғалым, ақын - Қожа Ахмет Ясауидің «Нағыз ғылым иесін көрсем, бас иіп тағзым етер едім» дегені осы күнге дейін көкейкесті емес пе?

Бабаларымыздың асыл мұратынан бастау алған білім қазынасы соңғы үлгіде жасақталыпты. Кірсеңіз, қайта шыққыңыз келмейді.

Бірінші қабатта Fab-lab орналасқан. Мұнда кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Төменгі қабатта ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монускриптілер сақтаулы. Сонымен қатар, мұндағы зерттеу орталығы құнды дүниелерді сақтаумен бірге бүлінген жерлерін қайта қалпына келтіріп, цифрландырады. Кітапханада алған білімді іске жарату мүмкіндіктері ұсынылады. Заманауи технологияларды қолдана отырып, өнер туындысын жарыққа шығару үшін дыбыс жазу студиясы, бұйым өндіруге арналған алуан түрлі шеберханалар мен қолөнер дүкендері ұйымдастырылған. Тағы бір ерекшелігі – көнерген құжаттар мен кітаптарды қалпына келтіретін Орталық Азиядағы жалғыз цех осында жұмыс істейді. Сондай-ақ, жасанды зерденің көмегімен тарихи кітаптар мен материалдардың үлкен дерекқорын қалыптастыратын өндірістік зертханасы іске қосылған. Әзірге елімізде теңдесі жоқ, бірегей кітапхананы көргіңіз келсе,Түркістанға тура тартыңыз.

Рухани мәдени орталықты Vizit орталық, «Ұлы дала» орталығы, Ясауи музейі, Түркістан музыкалық драма театры, еліміздегі тұңғыш Халықаралық туризм және қонақжай университеті, «Hampton by Hilton» қонақ үйі, тағы басқа маңызды нысандар толықтырып тұр.

Соңғы жылдары бүкіл түркітілдес елдер үшін орны бөлек қала қайта өрлеудің арқасында дамудың жаңа деңгейіне қадам басты. Қожа Ахмет Ясауи кесе­несіне келіп, зиярат етушілерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында оның аумағы жаңаша мәнермен толық абаттандырылған. Рәбия сұлтан бегім кесенесін, тарихи орын – Күлтөбені қалпына келтіру-жөндеу жұмыстары ерекше бақылауға алынған.

Одан басқа, ел игілігіне берілген «Конгресс Холл» көпсалалы кешені, «Ақжайық» өнер мектебі, Оқушылар сарайы, «Алатау медиа» орталығы, «Rixos Turkestan» қонақ үйі, Керуен сарай кешені, «Жібек жолы», «Парасат» саябақтары мен су айдындары мен Ботаникалық бақ, дендропарк заман талабына сай қаланың өзіндік кескін-келбетін аша түсіпті.

Алдағы кезге жоспарланып отырған «Қылует» мешіті де киелі қаланың дәстүрлі архитектурасын бүгінмен сабақтастыратын бірегей нысан болары сөзсіз. Негізінен коммуникация, жерасты жұмыстарын, жол тармақтарын реттеуге көп мән берілгені аңғарылады. Құрылысшылардың тілімен айтқанда, барлық жұмыстардың сексен пайызы сәтті жобалау, төменгі құрылыс тізбектерінен өту - асу алғаннан да асып түсетін көрінеді. Кейінгі кезеңдері қол байламайды, қарымды іске тек қарқын қоса береді.

Кез келген құрылыс салу үшін әуелі концептуальды көзқарас қалыптастыру маңызды. Осы тұрғыдан қарағанда, Орталық Азияда теңдесі жоқ, атақты зерттеушілердің бағалауы бойынша Ая-София мешітімен ыңғайлас кесене ғимаратына қатысты барлық халықаралық ережелер мен қағидалар сақталған. Қаланың жеті бұрышынан қарасаң да киелі орынды жанарыңа жақындата түсетіндей кеңістік қарас­ты­рылған. Жалпы әлемде, соның ішінде шығыс елдерінде мұндай киелі, қасиетті орындар бау-бақшамен, саялы бақпен, гүлзармен, көгалмен көмкеріліп жатады. Осы бағытта жасалған жұмыстар көз қуантады. Тарихи Әзірет Сұлтанның ауқымы, аурасы мен әсер-қуаты (энергетикасы) даралана, айшықтала түскен. Әйтпесе, көліктен түсе сала кесене ішіне ене салсаңыз, ойыңызды да жиып үлгермейсіз, тереңіне бойлай алмайсыз. Шыққанда да солай, дұға-тілектер бағышталған тұлғалар мен әулиелердің әруағы қолдап, сенім ұялаған ниетіңізге сол жердің ауаны табиғи жарасым тауып жатса, оңашадағы ой-арманыңыз да хақпен үйлесімделмек. Міне, енді зияратшылардың осындай сырлы сәттерді бастан кешуіне, мейлінше әсер алуына толық мүмкіндік бар десе болады.

Иә, үш жыл бұрын Түркістанның жаңа дәуірі басталды. Бүгінде өсіп-өнемін деген мемлекет үшін дәрежесі ерекше, дүние жүзіне танымал, өз халқы тәу ететін киелі, рухани орталықтарының болуы соншалықты жаңалық емес. Алайда бұл жасампаздықтың елге ғана емес, өңірге, тіпті әлемге жақсылық әкелетінін ойласаңыз, толайым табыстың әсері еселене түседі.

Қазір көз алдымызда тәуелсіз елі­­міз­дің жаңа шежіресі жазылып жа­­тыр. Сонау 1872 жылы генерал Кауфман «Түркістан альбомын» арнайы әзір­ле­тіп, Ресей империясы патшасына сыйлық ретінде ұсынғанын тарихтан білеміз. Соның түпнұсқасы, басқа да бірегей құжаттардың бәрі қазір Санкт-Петербургтегі шығыстану музейінің қорында, енді бірқатары көршілес ел­дер­дің мұрағаттарында шашырап жатыр. Осы жағдайларды ескеріп, түркі дүниесінің рухани астанасының қазіргі жай-күйін, келбетін ашып көрсету үшін арнайы тарихи-документальды, сондай-ақ, қазақстандықтардың отансүйер сезімі мен ерен еңбегін бейнелейтін, түркітілдес бауырластардың тілеуқорлығын паш ететін кино түсірілсе, жаңа заманның «Түркістан альбомы» жарық көрсе, келешек ұрпаққа орайлы аманат болар еді.

Атқан таңдай ақиқат: түркітілдес мемлекеттердің одағы ең әуелі руханият арқылы бекемделмек. Ол – ортақ яки үйлескен білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, тіл мен дін, дәстүр мен салт, тарихи тұлғалар мен оқиға-құбылыстар. Бұл ретте жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрлі білім, өнер, спорт жарыстарының орны бөлек. Түркістан саммиті, Түркістан форумы, Түркістан симпозиумы, Түркістан конференциясы, Түркістан конкурсы, Түркістан семинары – әлем өркениеті тоғысындағы жаңа да жасампаз сұхбат­тасу алаңдары. Осы аяда Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының басын қосатын үрдіс секілді неге Түркістанда түркітілдес елдердің дінбасылары жиналып, келісетін маңызды тақырыптар таппасқа? Дүние жүзі түркітанушылары ғылымның кез келген маңызды мәсе­лесін Түркістан конференцияларында тал­қылауына да мүмкіндік көп. Бүгінгі Түркістан – әлемдік сын-қатерлерді рет­­теудің, ауқымды елдік істерді жүйе­леу­дің айнасы.

Жаңа дәуірдің көкейкесті мәселелері осылай айқындалып, істің барысында кеңесіп шешіледі. Бұған да дәуірге лайық бірлік, мүдделестік, ықпалдастық, ең бастысы - тарихи тәжірибе керек. Түркістан дәуірі осы салмақты көтере алады.

Ғұламалардан қалған сөз бар: «Өз заманымен ғана өмір сүретіндер заманы өткенде жетім болып қалады». Арқа төріндегі астана – Нұр-Сұлтан қа­ла­сы, тарихи тұран-түркі өркениеттері тоғысындағы жаңғырған Түркістан Қа­зақ­станның өткенді, бүгінді, бола­шақ­ты сабақтастырған жаңа дәуірін айқын­дай­ды.

 

Дархан Мыңбай