Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Адия Ағеділова мен Әсем Амангелдина жасаған жылқы қиынан қағаз алу жобасы халықаралық INSPO ғылыми жобалар байқауында ІІІ орынға ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл жарысты 2007 жылдан бері Түркия мемлекеті ұйымдастырып келеді. Оралдық жас зерттеушілер табиғи қорды сақтау, қалдықты қайта өңдеу мақсатында жылқы көңінен қағаз алу жолын ұсынды. Жас ғалымдар жылқы көңінің негізінен ағаш құрамында кездесетін целлюлозадан тұратынына назар аударған. Бұл бағалы және сұранысқа ие материалдарды синтездеу үшін жануардың қиы, қажетті ағаш массасын бөліп алу үшін бірнеше химиялық зат қана керек екен.
Авторлардың айтуынша, қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіліп, жобаның теориялық және эксперименттік бағыты талданған.
Зерттеу жұмысы қазылар алқасы мүшелерінің ерекше қызығушылығын тудырған. Өйткені бұл жоба қағаз жасау технологиясы, оның орман қорына әсері, баламалы шикізатты қолдану мүмкіндігі және қағазды үнемдеу мәселелері туралы білімді біріктіреді. Осыған орай байқаудың қазылар алқасы Әдия мен Әсемге арнайы сыйлық – MILSET халықаралық іс-шарасына шақыру берген.
– Қағаз үлгілерін алуда механикалық әдістер қолданылды, сондықтан арнайы қағазды бастыру құралдары мен желім, қоспаның көмегімен сапасын әлі де жақсартуға болады. Ал мына үлгінің сапасы майлық пен дәретхана қағаздары сипаттамалары бойынша қанағаттанарлық,– дейді Әдия.
Алдағы уақытты жылқы көңінен қағазды алу кезеңдерінде толықтырғыштар, желімдер арқылы оның қасиеттерін жақсарту, жыртылуға төзімділігі, ылғалды ортада ісінуі, оптикалық қасиеттерін стандартты сынамалар арқылы тексеруді көздеп отыр. Сонымен қатар жылқы көңінен алынған целлюлозаны ыдырату арқылы биогаз алу жолын зерттеу және оның экономикалық есебін шығару да алдағы күннің еншісінде.
Батыс Қазақстан облысы