Жайық-Каспий су бассейніндегі табиғи байлық – бекіре тұқымдас бағалы балықтар түріне қырғидай тиетін браконьерлердің аптығын басатын бұғау табылмай тұр. Әрине, браконьерлікке қарсы жыл сайын 1 сәуір – 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында кең ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясы өтеді. Аты дардай болғанмен, бұл акциядан кейін су маржанына суық қолын көтерген браконьерлер қатары азайған жоқ. Неге?
Бұл сауал жұртшылықты толғандырғалы қашан? Алайда, дәл қазір оның жауабын дөп басып айтуға ешкімнің дәті бармайтын секілді. Әйтпесе, құқық қорғау органдары браконьерлерді осы заманғы байланыс құралдарымен, жүрдек қайықтармен қамтушыларды анықтап, теңіздің төрінде бекіре тұқымдас балықтарды баудай түсіріп жүрген суық қолдыларды қолдаушылардың атын атап, түсін түстер еді. Қандай «құдіреті» бар екені белгісіз, браконьерлерді қолдайтын астыртын топтар әлі күнге анықталар емес. Сол себепті «баяғы жартас, бір жартастың» керімен «Бекіре» акциясын өткізушілер тек тәркіленген бағалы балықтар мен құқық бұзушыларға салынған айыппұлды тізбелеумен ғана шектеледі.
Мәселен, «Бекіре-2020» акциясының нәтижесінде 759 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 33 қылмыстық іс қозғалған. Балық қорғау заңдылығын бұзушыларға 13 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салыныпты. Ал заңсыз айналымнан 13,9 тонна балық тәркіленген. Оның ішінде 943,6 кило бекіре тұқымдас балық түрлері, 16,34 кило бекіре тұқымдас балық уылдырығы, 439 аулау, 20 жүзу, 7 көлік құралы бар.
Мұндай дерекке биыл да қанық болғалы отырмыз. Өйткені «Бекіре-2021» акциясы басталғалы бері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдарының және шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 730 дерегін анықтап отыр. Соның нәтижесінде 495 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 63 іс әкімшілік сот органдарына жолданды. Браконьерлікпен, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерімен заңсыз айналысу дерегіне байланысты 37 қылмыстық іс қозғалды. Заң талабын бұзушыларға 8,1 млн теңге айыппұл салынды.
Заңсыз айналымнан алынған 25,5 тонна су маржанының 4 тонна 305,2 килосы бекіре тұқымдас балық түрлеріне жатады. Сондай-ақ 710 балық аулау, 18 автокөлік пен 48 суда жүзу құралы тәркіленіп отыр. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті сүзудің нәтижесінде су қоймаларынан 2031 заңсыз балық аулау құралы табылыпты.
– Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Атырау қаласына таяу орналасқан Көкарна ауылындағы саяжай тұрғындарының бірінен 812 кило болатын 247 дана бекіре балығын тәркіледі. Күдіктінің бағалы балықты үйінде заңсыз сақтап келгені анықталды. Ал Исатай ауданының 21 жастағы тұрғыны үйінде жалпы салмағы 29 кило 800 грамм болатын бекіре тұқымдас балық сақтаған. Бағалы балық қорына заңсыз қол сұққан екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Міне, «Бекіре-2021» акциясының алғашқы айында браконьерлікке қатысты осындай деректер белгілі болып отыр.
Атырау облысы