• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Мамыр, 2021

Бала өмірі бәрінен қымбат

1328 рет
көрсетілді

Татарстанның Қазан қаласындағы қайғылы оқиға көпшілікті ойлантқаны анық. Әсіресе ата-ананың алаңы артты. Онсыз да індеттің ілмегіне ілініп қалмаса деп жанын шүберекке түйіп, ұл-қызын мектепке жіберіп отырған жұрт жантүршігерлік жағдайдан кейін тіпті екіұдай ойда қалғандай. Әрине көзінің қарашығындай қорғап жүрген бауыр еті баласына қауіпсіз ортаның бірі саналатын білім ұясында оқ жаудырылса, сенімге селкеу түспей ме? Осындайда «Біздегі білім беру ұйымдары қаншалықты қауіпсіз?» деген сауал кім-кімді де мазалайды.

Бар камераның өзі талапқа сай келмейді

Осы жайт бізге «Балалардың қауіпсіздігі мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспеуі тиіс» деген ескерту секілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын», деген еді. Содан бері осы тапсырма қалай орындалып жатыр?

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова 2020 жылдың қазан айында аталған жұмыстың әлі де толық орындалмағанын мәлімдеген.

«Біз республика бойынша мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының бейнебақылау камераларымен жабдықталу жайына мониторинг жүргіздік. Зерделеу нәтижесінде бірқатар өңірде аталған жұмыстың әлі де толық орындалмағаны анықталды. Мониторинг жүргізуге 7 127 мектепке дейінгі ұйым қамтылды. Соның ішінде 2 747 мемлекеттік балабақшаның 20-сы бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілмеген. Камералармен жабдықталмаған мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның 18-і Түркістан облысында, 1-уі Батыс Қазақстан облысында, тағы 1-уі Ақмола облысында орналасқан. Ал 4 380 жекеменшік балабақшаның 507-сі бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілмеген. Оның ең көбі – Шымкент қаласындағы ұйымдардың (227 балабақша) үлесінде. Сондай-ақ елордадағы 85, Алматы облысындағы 83, Алматы қаласындағы 62, Түркістан облысындағы 41, Ақтөбе облысындағы 5, Шығыс Қазақстан облысындағы 2, Батыс Қазақстан облысындағы 2 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда бейнебақылау камералары жоқ. Орта білім беру ұйымдарына қатысты көрсеткіштерге келсек, назарға алынған 6 971 мемлекеттік мектептің 72-сі бейнебақылау камераларымен жабдықталмаған. Камералар орнатылмаған оқу ошақтарының 34-і Түркістан облысында, 27-сі Батыс Қазақстан облысында, алтауы Ақтөбе облысында, екеуі Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында, біреуі елордада орналасқан», деді Г.Көбенова.

Камералар көбінде орнатылған делік, бірақ бізге саннан гөрі сапа маңызды ғой. Сондықтан камералардың қаншасы талапқа сай екеніне көңіл бөлген жөн-ақ. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің басшысы да осыған назар аударған сыңайлы. Себебі жоғарыда аталған мониторингте Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен талабына сай келмейтін мектептердің тізімін бөлек жасапты. Тізімде тағы Түркістан облысы көш бастап тұр, онда 687 орта білім беретін оқу ошағының камералармен қамтамасыз етілуі белгіленген талаптарға сай емес. Алматы облысы 492, Алматы қаласы 205, Қостанай облысы 154, Батыс Қазақстан облысы 72 камерасы жоқ мектеппен жоғарыдағы тізімді жалғастырады. Байқадыңыз ба, біз осы тізімдегі мектептердің бәрінде бейнебақылау камералары бар деп қабылдаймыз, ал шын мәнінде 1 700 оқу ошағындағы жабдықтар талапқа сай емес.

 

Бәрі бірдей сапалы ма?

Бұл – енді 1,5 жыл бұрын айтылған дерек. Одан бері оң өзгеріс бар ма? Білім және ғылым министрлігінің биылғы сәуірде таратқан ақпаратына сүйенсек, еліміздегі балабақшалар мен мектептердің барлығы дерлік бейнекамералармен қамтамасыз етілген. Бейнебақылау жүйелері меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік, сондай-ақ жекеменшік мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында орнатылған. Бірақ соның бәрі бірдей сапалы ма? Жоғарыда аталған 1 700 мектеп орнатылған камераларын талапқа сай қайта жабдықтады ма? Міне, бұл – әлі шешімін таппаған мәселе. Оған тағы мониторинг жүргізілуі керек.

Айтпақшы, мониторингтің өзі көңілге күдік ұялатады. Себебі Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылы 7 желтоқсанда таратқан мәліметі бойынша, елімізде барлығы (мемлекеттік, жекеменшігін қосқанда) 10 583 балабақша бар. Ал Г.Көбенова айтқан мониторингте 7 127 мектепке дейінгі ұйым қамтылған. Мектептер мәселесінде министрліктің жақында берген дерегіне қарағанда, республикада барлығы 7 440 мектеп (оның 6 957-сі – мемлекеттік) бар. Бірақ комитет жүргізген мониторингте 6 971 мектеп назарға алынған. Сонда 3 мыңға жуық балабақша мен 400-ден аса мектептің камерамен жабдықталған-жабдықталмағаны белгісіз. Осы мониторингке ілінбеген 3,5 мыңдай мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымында қаншама бала тәрбиеленіп жатыр...

 

Сұрақтан сұрақ туады

Бейнекамералар, министрлік мәлімдегендей, дерлігінде бар делік. Бірақ бұл қандай қауіптің алдын алып отыр?

Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина: «Білім беру ұйымдарында орнатылған бейнекамералардың нәтижесінде біз балалардың құқықтарын бұзу және оларға қатыгездік таныту фактілерін дер кезінде анықтап, жедел шара қолдана аламыз. Соңғы уақытта балаларға қатысты мұндай фактілер көбейген сияқты болып көрінуі мүмкін, алайда жағдай олай емес. Шын мәнінде, көпшілік мұндай мәселелер туралы орнатылған камералар арқылы біле бастады. Өткен жылдың өзінде балаларға қатысты 9 жағдай анықталды, негізінен бұл мектепке дейінгі мекемелердегі балаларға қатысты қатыгездік таныту фактілері. Қолда бар бейнежазбаларды пайдалана отырып, тиісті органдар балалардың құқықтарын қорғау бойынша жедел шешімдер қабылдап жатыр», дейді.

Ю.Овечкинаның сөзінен байқағанымыздай, фактілер көбіне мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетін балаларға қатысты. Балабақшада тәрбиешілер балдырғандарды көзден таса қалдырмайды, әдетте бірге жүреді. Ал мектепте мұғалім 45 минутына ғана жауап береді. Сабақ уақытынан кейін оқушыларға ата-аналары жауапты болады. Ал олар сабақтан тыс уақытта да мектепте жүрсе ше? Сол кезде қауіпсіздігіне қауіп төнсе, қайтпекпіз?

 

Қауіпсіздіктің басында да тәрбие тұр

Кейбір қалалардағы білім ошақтары қажетті жабдықпен қамтамасыз етілмей отырғанда, ауылдағы жағдай қалай екенін білмекке бел будық. Сөйтіп бейнебақылау камераларымен жабдықталмаған мектептері ең көп Түркістан облысына хабарластық. Отырар ауданының Темір ауылындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Қаракөз Елеуованы сөзге тартқанымызда, ол өзі еңбек ететін мектепте камераның бар екенін айтты.

«Мектебіміз ауылда орналасса да заманауи камералармен жабдықталған. Тек бір ғана аппарат тұрған жоқ, камера ғимараттың ішінде де сыртында да, қанша бұрышы бар – соның бәрінде орнатылған. Бізде әжетхана аулада ғой, соған барар жолда да бейнебақылау камералары қойылған. Негізі балалардың қауіпсіздік мәселесі тек камера қоюмен түбегейлі шешіле салмайды. Әрине бұл белгілі бір деңгейде қауіптің алдын алады немесе оқиға орын алған жағдайда шара қабылдауға септігін тигізеді. Бірақ көп нәрсе тәрбиеде жатыр. Мен 20 жылдан бері педагог болып жұмыс істеп келемін. Бұдан кейін де болмай-ақ қойсын, оқушыларымның өміріне қауіп төніп көрмепті. Бұл үшін педагог, әсіресе бастауыш сыныптың мұғалімі оқушыларға өткізетін тәрбие сағатын түсінікті, қызықты етіп ұйымдастыруы керек. Бала өміріне қауіп тек оқтан, атыстан ғана келмейді ғой, адамдардан да, тіпті ауыл көшелеріндегі құтырған жануарлардан да, болмаса оқушылардың өздерінен де, көліктерден де келуі мүмкін. Сондықтан жол ережелерін сақтауды, өзін-өзі қорғауды үйретіп, орынсыз соқтықпау секілді тәрбие үлгілерін бойына сіңіру қажет», дейді мұғалім.

Расымен педагог тек білім бермей, тәрбиемен де айналысуы керек. Қ.Елеуованың айтуынша, қазірдің өзінде мектепте білім алып жүрген балалардың өмірі қауіп-қатермен бетпе-бет келіп тұр. Оның басты себебі – коронавирус. Пандемия жағдайында балаларды санитарлық талаптарды сақтауға да үйрету, тәрбиелеу маңызды болып отыр. Балаларға жаңа дағдыны игеруі үшін күнделікті тәрбие жұмыстарын жүргізген жөн. Оған да сөзсіз мұғалімнің жанашырлығы мен кәсібилігі, сондай-ақ өз шәкірттеріне үлгі бола білгені керек.

Мұғалім Қ.Елеуованың бір сөзі бізді ойлантты. Балаға қауіп балалардың өзінен келуі мүмкін, дейді. Рас. Оған осы материалды жазуға себеп болған Қазан қаласындағы оқиға дәлел бола алады. Онда атысты сол мектептен шыққан жасөспірім ұйымдастырған. Біз осындайда, жалпы балаға баладан қауіп төнсе, не істейміз? Әдетте жәбірленгенді жұбатып, ал агрессантты жазалаймыз. Мектеп психологы Бағлан Хазретәліқызы мұны қате әдіс деп санайды.

«Балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік буллинг деп аталады. Осындай жағдайда біздің баратын үйреншікті әрекетіміз – жәбірленгенді жұбатып, агрессантты жазалайтынымыз жақсы нәтиже бермейді. Мен мектептегі 12 жылға жуық еңбек өтілімде дәл осы буллинг мәселесін зерттедім. Тәжірибемде өте тәрбиелі отбасында мейірімге қанып өсіп келе жатқан балалардан да агрессияны байқадық. Бұл неден пайда болды? Агрессия жайдан-жай, бір күнде туа салмайды. Оны психологиялық әдістермен жіті зерттеу керек. Мәселен, бір баланың агрессия тудыруына жәбірленген екінші бір баланың өзі себепші болған шығар. Немесе ол ортасында шеттетуден зардап шекті ме? Жоқ, мұғалімнің көңіл аударуын қалай ма? Әлде отбасындағы жылулық жетіспей ме? Әуелі мәселенің мәнісін анықтап алған жөн. Әйтпесе салдармен күресу – проблеманың шешімі емес. Шын мәнінде мектеп психологы ата-анамен, мұғалімдермен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Дегенмен психологты сыныбының жақсы екенін айтып жолатқысы келмейтін мұғалімдер де, баласының тамағы тоқ, көйлегі көк екенін мысалға келтіріп, сырын жасыратын ата-аналар да бар. Баланың тәрбиесіне, психологиясының дұрыс болуына алдымен ата-ана, содан соң сынып жетекшісі мүдделі болуы тиіс», дейді балалар психологы.

 

Қауіптің алдын алған ұтады

Бар әңгімеге түрткі болған оқыс оқиғаға қатысты министрлік те үн қатты. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Біз осындай қайғылы оқиғадан сабақ алуымыз керек. Кеше оқушылардың қауіпсіздігі мәселесі бойынша кеңес өткіздім. Білім басқармаларына өңірлердегі мектептердің қауіпсіздік жағдайына талдау жүргізуді тапсырдым. Жақын арада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейде қосымша кешенді шаралар қабылдаймыз. Қауіпсіздік деген тек бақылау камералары, мектеп ішіне өткізу режімі, күзет дабылы, дабыл түймелері ғана емес. Төтенше жағдай орын алған сәттегі қызметкерлер мен оқушылардың әрекеттері де қамтылады. Көп нәрсе уақытында алдын алған шараларға байланысты. Мектептерде психологиялық қызмет көрсету жұмысына назар аудару маңызды. Бұл – ауқымды және бірлескен жұмыс», деді.

Аталған ведомстводан кеңес туралы кеңірек ақпаратты әзірге ала алмадық. Ал халықаралық ұйым кері байланысқа жылдам шыға алды. «Қазақстанда осындай оқиғаның орын алмауы үшін не істеуіміз керек?» деген сауалымызға БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорының Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен: «Ең алдымен, мен қаза тапқандардың (Татарстандағы оқиғаға байланысты – ред.) отбасыларына және жақындарына, барлық құрбандар мен олардың жақындарына қайғыра көңіл айтып, қолдау сөзін айтқым келеді. Мектеп әрдайым әр бала үшін қауіпсіз орын болуы керек. Оқу ошағы балаларды дамыту мен тәрбиелеуде, олардың әлеуетін арттырып, қабілеттерін ашуда шешуші рөл атқарады. Үкімет пен қоғамның міндеті – мектептерде және басқа білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мектептерге рұқсатсыз кірудің алдын алу үшін сенімді бақылау орнатуды көздейді. Бұл сондай-ақ мұғалімдер мен студенттерге хаттамалардың болуын және тиімді жүзеге асырылуын талап етеді, кіру немесе қауіпсіздікті бұзу кезіндегі әрекеттердің егжей-тегжейлі және қадамдық алгоритмін ұсынады. Бәрінен де маңыздысы, қаруды бақылау туралы заңды қатаң сақтау өте маңызды», деп жауап берді.

Иә, халықаралық ұйым өкілі айтқандай, балалар ұялайтын білім ұясындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – үкіметтің ғана емес, қоғамның да міндеті. Қоғам деген – біз. Демек балалардың өміріне әрқайсымыз, барлық ересектер бірдей жауаптымыз. Ал жауапкершілік жүгі жұмыла көтергенде ғана жеңіл.