Ел астанасында мәдениет, өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлері арасындағы IV республикалық «Рухани қазына – 2021» фестивалі басталды. Биылғы байқау мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр.
Республикалық деңгейдегі қазылар алқасының отырысы 12-14 мамыр аралығында мәдени ойын-сауық ұйымы бойынша – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымында; кітапхана ісі бойынша – Ұлттық академиялық кітапханада; музей ісі бойынша – Ұлттық музейде өтіп жатыр. Əділ қазылардың отырысы аталған ұйымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ал 18-21 мамыр аралығында фестивальдің бірқатар іс-шарасы (салтанатты марапаттау рәсімі, шетелдік сарапшының қатысуымен шеберлік сыныптары және т.б.) Көкшетау қаласында өтеді.
Фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан Мəдениет жəне спорт министрлігі, Мəдениет жəне өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова жыл өткен сайын жұмысын республика деңгейінде көрсеткісі келетін ұйым мен қызметкерлер саны артып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде байқауға еліміздің 15 өңірінен кітапхана, музей және мәдени-демалыс қызметі бойынша 300-ден астам өтініш келіп түсті. Мəселен, алғаш рет ұйымдастырғанда қатысушы саны 100-ге жуықтаған еді. Жыл өткен сайын ауыл, аудан, қаладағы мəдениет ошақтарының қызметін жандандыруға бағытталған байқау кеңінен танылып келеді. Осы фестивальде үздік шыққан ұйым бір миллион, топ жарған қызметкер 500 мың теңге сыйақы алады. Биыл фестивальдің мамыр айында өткізілуінің өзіндік себебі бар. Үздіктерді марапаттау рәсімі басталатын 18 мамыр – Халықаралық музей күніне, 21 мамыр – еліміздің мəдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күніне орайластырылды», деді ол.
Айта кетейік, аталған байқау мәдениет саласы қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау, кітапхана, музей, мәдени ойын-сауық саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін дамытып, өңірдегі мәдениет ұйымдарының имиджін арттыруды мақсат тұтып отыр.
Сондай-ақ фестиваль аясында үздік мемлекеттік музей (облыс, аудан (қалалық) маңызы бар), мемлекеттік кітапхана (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар), мемлекеттік мәдени ойын-сауық ұйымы (облыстық, аудандық (қалалық) маңызы бар) мен мәдениет ұйымдарының үздік қызметкерлері анықталады.