Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі он бірінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінге белгіленген кездесулер елордалық «Астана» мен Талдықорғанның «Жетісу» жұбының ойынымен мәресіне жетті. Турнир кестесінде алғашқы және соңғы орында тұрған командалар кездесуін жанкүйерлер асыға күткені анық.
Ойын тағдырын жалғыз гол шешті. Оны 4-минутта елордалық футболшы Марин Томасов өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Ойын соңына дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Осылайша «Астана» қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Елордалық клуб қатарынан сегізінші мәрте жеңіске жетіп отыр.
Бүгінгі жеңістен кейін «Астана» 29 ұпай жинап, бірінші орында тұр. Одан кейінгі орындағы «Тобылдың» 21, «Ақжайықтың» 18 ұпайы бар.