Осы біз «Судың да сұрауы бар» деген сөзді жиі айтқанымызбен тіршілік нәрін тұтынуға келгенде оның сапасы мен ішуге жарамдылығы тұрғысына ғана назар аударып, жалпы су қолдануға атүсті қарайтын сияқтымыз. Ал қоршаған ортаның сусыз өмір сүре алмайтынын ескерсек, ауыз судан бөлек өндірістік қажеттілік пен өсімдік шаруашылығы үшін де ағын судың стратегиялық маңызы бар екенін ұмытпауымыз керек.
Су тапшылығы неден туындайды?
Ғаламшарда түбі бір су тапшылығы болатынын табиғат жанашырлары мен биологтер айтудайын айтып-ақ жатыр. Соның ішінде суармалы егістік үшін қолданылатын өзен, көл суының көлемі мен деңгейі қазірдің өзінде апатты жағдайға дейін түсіп кеткен көрінеді. Яғни адамзаттың азық-түлік сұранысын өтеу жолындағы жойқын әрекеті табиғи тепе-теңдікті бұзып, ысырап пен ашкөздіктің салдарынан қалпына келмейтін су көздерінің жойылуына әкелуде. Өкініштісі, бұл жағдай Қазақстанға да шетін емес. Мәселен, ғалымдардың есептеуінше, елдегі су тапшылығы 2040 жылы 50 пайызға жетуі мүмкін екен. Мұндай кесімді үкімнің шығуына бірнеше фактор әсер етіп отырған көрінеді.
Біріншіден, ел аумағындағы негізгі өзендер бастауын көрші мемлекеттерден алады. Әрі бұл трансшекаралық мәселе барлық аймаққа тән десе болады. Еске түсірсек, біз бұған дейін Алматы облысы аумағындағы Іле өзенінің ағысы жыл сайын кеміп, арнасы да тарылғанын жазған болатынбыз. Соның салдарынан Балқаш көлінің тартылып бара жатқанын және одан туындайтын экологиялық проблемалар туралы да жиі қалам тербеп жүрміз. Яғни бұл мәселені шешу мемлекетаралық деңгейде жүріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы гидрологиялық ұстанымдар қайта қаралуы керектігіне әлі де жиі оралатын боламыз. Сол сияқты мұндай келісімдер Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы Ертіс өзенінің суына қатысты Қытай елімен, батыс өңірдегі Жайық өзенінің суына қатысты Ресеймен, Жамбыл облысындағы Талас өзенінің суына қатысты Қырғызстанмен және Сырдария өзенінің суына қатысты Өзбекстанмен бірлесе отырып қабылданып отырғанын да ұмытпауымыз керек.
Екіншіден, Қазақстан экономикалық тұрғыдан дамуды мақсат ете отырып, қалпына келмейтін табиғи ресурстарды үнемді пайдалану талабын сақтамайтын елдердің тізіміне кіріп отыр. Осы жерде ішкі өзендердің су қорын өндіріс және ауыл шаруашылығы бағытында тұтынуда орасан ысырапқа жол беріп отырғанымызды мойындауымыз керек. Әрине, біздің елдің осы екі бағыттағы су жұмсау мөлшері әлемдегі алпауыт өндірістің тұтыну көлеміне қарағанда күлкілі болуы мүмкін. Бірақ егіс көлемі мен одан алынатын өнім үлесін салыстыра қарағанда Қазақстанда су көздері «су тегін» болып шығады. Бұған мыңдаған қарапайым мысал келтіруге болады. Қаласаңыз, қазіргідей жазғы маусымда, есік алдына еккен көкөніске жұмсайтын су мөлшерін есептеп көріңіз, бәлкім бір тамшы судың бәсі мен ысыраптың аражігі білінуі мүмкін. Әрине, бұл ел тұрғындарының төлем қабілетін салмақтауға жатпайды әрі олар жалпы тұтынған су үшін аз ақша төлейді деген сөз емес. Тіпті бұл тұтас су тапшылығына қатысты мәселеге ықпал етпеуі де кәдік. Бірақ зерттеушілер бір өңірдегі қаңсып отырған ауылдар мен бір аймақтағы аста-төк су тұтынып отырған тұрғындарды салыстыра келгенде, қазақтың табиғи байлық көздеріне деген сый-құрметінің төмендігін қынжыла отырып мойындаған көрінеді. Демек қай жағынан алғанда да ысырапқа жол бермеу керек-ақ. Салыстыру үшін айтайық, 1 кило бақша өнімін өндіру үшін дамыған елдерде 160-400 литр су бөлінсе, бізде бұл цифр 1200-2500 литрге дейін жетеді екен. Есесіне, жат жұртта 1 текше метр су жұмсап 2,5-6 кг өнім жиналса, біз олардан 6-7 есе ылғал жоғалтып, небәрі 0,4-0,8 кг дайын өнім алады екенбіз.
Үшіншіден, гидромелиорация шарасының сақталмауынан туындайтын фактор есебінен де су тапшылығы туындап отыр-мыс. Өкінішке қарай, дәл осы жағдай біздің елде белең алған. Тіпті оңтүстік өңірлерде жыл сайын болатын су дауының суармалы егістікке қатысты екені белгілі. Мұны мемлекет те мойындайды. Жақында вегетация кезеңіндегі су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін қараған ел Үкіметі алдағы 10 жыл көлемінде аймақтарда су тапшылығы болуы мүмкін деген қорытындыға келген екен. Оған өңірлердегі суды көп тұтынатын ауыл шаруашылығы дақылдары көлемінің күрт көбейіп, суармалы егістіктің үлес салмағының өскені себеп болып отырған көрінеді. Нәтижесінде, өзен суларынан алынатын ылғал ағынын тұтыну мөлшерден тыс артып, су сақтау қоймалары мен арналарындағы су көлемі тиісті деңгейден төмендеп кеткен.
Егістік азайса
су үнемделе ме?
Қазір ауыл шаруашылығы мақсатындағы су тұтыну тізімінің басында оңтүстік өңірлер, оның ішінде Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстары тұр. Әсіресе мақта мен күріш дақылын молынан өсіретін оңтүстегі екі аймақта су тапшылығы өте жоғары. Рас, заңнама бойынша суды көп қажет ететін дақылдарды егуге шектеу қойылған. Алайда диқан мен шаруа үшін қоршаған ортаның қауіпсіздігінен гөрі еңбекпен тапқан нанның құны маңыздырақ болып отырғанын түсінуге болады. Тек, бұл жерде де үнем мәселесі қылтияды. Дерек бойынша, ел аумағындағы суармалы егістіктің 1 гек- тарына жұмсалатын су тиісті нормадан артып отыр. Яғни ағын суды тиімді пайдалану коэффициенті өте төмен. Қазір бұл мөлшер 0,67 коэффициент қана. Тиімді болу үшін ол деңгей 0,75 коэффициентке дейін көтерілуі керек. Сонда ел бойынша 200 мың гектарға жуық суармалы егістікке жұмсалатын су шығынын 1 млрд 272 млн текше метрге дейін азайтып, үнемдеуге қол жеткізуге болады. Әзірге, облыстар арасындағы су тұтыну мөлшері 0,55-0,06 коэффициент шамасында қалып отыр.
Айтпақшы, суды көп сіңіретін дақылдардың көлемін азайту ісімен өңір әкімдері айналысуы тиіс болатын. Алайда кейбір облыстарда экономикалық көрсеткіш үшін қолдан келгеннің бәрін жасау әрекеті әлі де тыйылмай отыр. Яғни мейлінше аз шығынмен мол табысқа кенелудің жолы қолданысқа енбей жатыр. Тіпті егістік алқаптарындағы дақылдарды агротехникалық талаптарға сәйкес ауыстырып егу, көлемін азайту сияқты міндетті жұмыстар істелмейтіні мәлім. Соның кесірінен суармалы жердің топырағы тозып, эрозияға ұшырап жатқаны байқалады. Демек аймақтардағы жер қыртысының сапалы сақталуына алдымен әкімдер мүдделі болуы керек. Талап күшейген жерде шаруалар да тәртіпке көніп, егіс алқаптарын күтіп, баптау ісіне немқұрайды қарамайтыны анық. Әзірге, жергілікті басшылық тарапынан мұндай жанашырлық кемшін сияқты. Мәселен, күріш пен мақта дақылын егетін облыстарға егістік көлемін қысқарту туралы нұсқау берілген. Ол үшін шаруашылықтармен меморандум да жасалған. Бірақ іс нәтиже бермей отыр-мыс. Мысалы, келісімге сәйкес Түркістан облысы мақта егістігінің көлемін азайтуы тиіс болатын. Алайда биылғы дерек бойынша шаруалар былтырғыдан 16 мың гектарға артық тұқым сепкен көрінеді. Сондай-ақ Қызылорда облысындағы күріш атыздарының көлемі 75 мың гектардан аспауы тиіс болса, қазіргі нақты егістік көлемі 90 мың гектарға жеткен екен. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі суды көп тұтынатын дақылдардың орнына аса күтімді қажет етпейтін мал азығы, майлы және бақша дақылдарын өсіруді ұсынады. Мамандар жергілікті жердегілер аталған дақылдардың алқабын азайтпаса, алдағы 10 жылда су тапшылығы 12 текше шақырымды құрайтынын алға тартады. Яғни су үнемдеуді әкімдер де, шаруалар да үйренуі керек сияқты.
Озық технология жағдайды оңалта ма?
Жалпы, егістік алқаптарындағы су тапшылығы мәселесі дақылдардың өсіп, жетілу кезеңінде шарықтау шегіне жететіні дәлелдеуді қажет етпейді. Бұл үрдіс табиғи заңдылық болғандықтан, ешбір ел су пайдалануды шектей алмайды. Болмаған жағдайда өнім жинау қиынға түспек. Бірақ агрономия мен мелиорация бағытындағы жаңа технологиялар көмекке келе алады екен. Әрине, ол үшін ғылымның озық жаңалығы өндіріске енуі керек. Ол тіпті отандық ғылымның жергілікті жерге бейімделген өнімі болса, нәтиже екі есе табысты болатыны сөзсіз. Алайда Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының дамуы мен ғылыми-өндірістік бағыттың бірлесе алға жылжуы аса табысты болмай отыр-мыс. Бірақ іске мығым шаруалар ізденіп, шетелдік жаңа технологияны қолданысқа өздері енгізіп жатыр. Соның бір мысалы ретінде тамшылатып суару әдісін айтуға болады. Қазір бұл тәсіл Алматы облысының егіс алқаптарында біртіндеп қолданысқа еніп келеді. Ал өнімді арықтан суарған кезеңнен де молырақ алған диқандар бар. Мәселен, Панфилов ауданындағы «Көктал Агро» серіктестігі осы тамшылатып суару арқылы бір жазда жоңышқаны төрт рет орып алыпты. 300 гектарға өсетін мал азығынан жиналған мұндай мол өнім бұрын-соңды болмаған екен. Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі, адам еңбегін аса қажет етпейтінінде. Яғни суару жұмысын цирфлы жүйеде басқарады. Жұмыс үдерісін кәдімгі ұялы телефонға қойылған қосымша арқылы қашықтан-ақ басқарып отырады. Ол үшін интернет байланысы ғана керек екен.
– Тамшылатып суару әдісінің пайдасы көп. Бұған анық көз жеткіздік. Суды аз жұмсап, өнімді артық алуды білдік. Бұрын біз алқапты суару үшін секундына 700 литрге дейін су пайдаланатынбыз. Жаңа әдісті қолданғаннан кейін бұл шығын 100 литрге дейін азайды. Есесіне, өнім көлемі 2-3 есеге көбейді. Басқа шаруалар жүгерінің гектарынан 7,8 тоннадан алғанда, біздің әр гектардан орған жүгеріміз 18 бен 20 тоннаның арасында болды, – дейді «Көктал Агро» серіктестігінің басшысы Жәнібек Оханов.
Жаркенттік диқандардың бұл ісі көпке үлгі болуы керек, әрине. Оның негізі де бар. Елімізде су тапшылығын болдырмау мақсатында су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Оның бір бағыты осындай жаңа технологияны дамытуға арналған екен. Қысқасы, Үкімет шаруаларға ылғалды үнемдеуді үйретіп, суару жүйесіндегі жаңа технологияларды қолдануға ынталандыруда. Ол үшін суармалы егістік басындағы инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалатын шығынды да өтеуге көмектеспек. Әзірге диқанның қалтасынан шыққан ақшаның 50 пайызын субсидиялау тетігі қарастырылған. Бұл қанатқақты жоба Түркістан облысында басталып, қазір магистралды арнаны цифрландыру жұмысы іске қосылған екен. Енді осы бағытқа оңтүстік облыстағы барлық өнім өндіруші көшуі тиіс.
Шелек диқандары неге шулайды?
Енді осы су тапшылығынан жыл сайын зардап шегіп жүрген жетісулық шаруалардың мұңына тоқтала кетсек. Былай қарағанға сулы да, нулы өлкеде мұндай мәселе болмайтындай сияқты көрінгенімен, проблема бар және оның түпкілікті шешімі табылмай келеді. Әсіресе Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылы аумағында жыл сайын суға қатысты шу шығып отырады. Мән-жайға қарасақ, су тапшылығы қолдан жасалатын сияқты. Өйткені, ауылдағы егістік алқаптарға су Бартоғай су қоймасы арқылы Үлкен Алматы арнасымен келеді. Демек арнадағы судың көлемі мен ағысында, тіпті сапасында тұрған мәселе жоқ. Дау суды ауылдарға бөліп, жеткізетін, яғни қызмет көрсететін компанияларға қатысты туып отыр екен. Анығында шаруалар суға төлейтін ақының ақылға сыймайтындай қымбаттап кеткеніне наразы. Өйткені тұқым мен жанар-жағармайға бар қаржысын жұмсап жіберген шаруаларда су үшін алдын ала төлейтін артық ақша жоқ. Ал сумен жабдықтайтын кооператив тарифтің құнын өтемейінше алқапқа су жібермей қоятын көрінеді.
– Шелек аумағындағы 5 ауылға су канал арқылы келеді. Егістің 87 пайызы сол суға тәуелді. Өңірдің табиғи жағдайына орай суды көп мөлшерде тұтынатынымыз рас. Бұрын егінге қажетті суды «Үлкен Алматы каналы» мекемесі текше метрмен есептеп, сататын. Тариф 0,45-0,55 теңге аралығында болды. Ал мына кооперативтер суды гектардың аумағына қарай есептеп беріп отыр. Басында оған да көндік. Өткен жылы ғана гектарға белгіленген баға 15 мың теңге болса, биыл күрт қымбаттатып, 32 мың теңгеге дейін апарып қойды. Бұл біз үшін қып-қызыл шығын, жағдай бұлай бола берсе егін егуді тоқтатып, күнкөріс үшін қала жағалап кететін шығармыз. Жүздеген қожалық бар, олар мемлекетке қомақты салық төлеп отыр. Өнімдеріміз де азық-түлік қорын жасауға қосылады. Сондықтан біздің талабымызды билік оң шешіп береді деген сенімдеміз, – дейді «Алжан» шаруа қожалығының жетекшісі Жандос Нұрғайыпов.
Осы жерде тұрғындардың делдал компанияларға жем болып отырғанын аумақты ағын сумен қамтуға жауапты Үлкен Алматы каналы филиалының басшысы Серікқали Мұқатаев та мойындайды.
– Шаруаларды түсінуге болады. Суармалы жерге бөлінетін судың бағасы қымбаттады. Алайда бұл жерде каналдың қызметін жүргізіп отырған мекеменің кінәсі жоқ. Біз суды тарату тораптарына иелік ететін кооперативтерге тиімді бағада босатамыз. Ал олар бағаны өздері көтереді. Мысалға, бізге судың құнына текше метрмен төлеп, шаруаларға жеткенде гектарлап сатады екен. Егер жергілікті әкімдік араласып, су тарату кооперативтерінің қызметін тоқтатса немесе диқандар олардың қызметінен бас тартып, тікелей бізбен жұмыс істесе, «Үлкен Алматы каналы» мекемесінің қызмет көрсетуге мүмкіндігі жетеді. Сумен қамтуға да кепілдік береміз. Тек, мәселе заңды тұрғыда реттелуі керек, – дейді С.Мұқатаев.
Алайда жергілікті әкімдік бұл мәселені шешуге асықпайтын сыңайлы. Өйткені былтыр да Шелек ауылының шаруалары су тапшылығына қатысты шу шығарып, еккен егіндерінің ыстықтан күйіп кеткенін айтып, құзырлы органдарға шағынған болатын. Анығында, өткен жылы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты ауылдардағы ұзын-саны 150-ге жуық шаруа қожалығының егіні сусап, өнімсіз қалған-ды. Шаруалар ол жолы да су тапшылығын қолдан жасаған жеке компаниямен дауласып, әділет таппағанын айтады. Биыл да көктемгі егіс жұмысын толық аяқтаған диқандардың алды су тапшылығын сезіне бастаған...
Алматы облысы