• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 17 Мамыр, 2021

Әнуар әлемі

869 рет
көрсетілді

Таяуда отандық арналардың бірінен көрнекті жазушы Дулат Исабековтің оқырмандар қолынан түсірмей құмартып оқыған повесінің желісімен, 1975 жылы режиссер Шәріп Бейсембаев түсірген «Гауһартас» фильмі көрсетілді. Аталған көркем туындының жарыққа шыққанына қырық алты жыл болса да оған деген көрерменнің қызығушылығы бір кеміген емес. Оның себебі талантты қаламгердің қаламынан туған шығарманың шынайылығы мен режиссердің рөлдерді ойнаған актерлерді тап басып, тани білуінен болар деп ойлаймыз.

Шын мәнінде, сол актерлердің бәрі бір-бір сом тұлға деп айтуға болады.

Қазақтың қатпарлы мінезді қара шалын Кәукен Кенжетаев келісті бей­неледі. Баласына мейірімі түсіп тұра­тын ақжарылқап ана – Әмина Өмір­зақова қандай! Ақжүрек Қайыркен ше?! Халқымыздың ибалы келінін көркемде­ген Жанна Қуанышеваны әспеттеуге әсем сөз таба алмайсыз. Әсіресе бір қа­рағанда жан-дүниесі томырықтау, бірақ еркектік айбары басым Тастанды Әнуар Боранбаев жеріне жеткізіп ойнады. Киноны көргенде Тастанның Салтанатқа деген қатыгездігін қабылдай алмай, іштей жек көріп отырасыз. Бірақ фильм соңына таман Тастанның жаны гүлдей нәзік екенін түсінесіз.

Журналист Сейсен Әмірбекұлы­ның 2013 жылы «Айқын» газетінде жа­рық көрген талантты актер жайындағы «Мен толық ашыла алмадым, әттең...» деген мақаласында, қаламгер Дулат Иса­беков: «Әнуар Боранбаевпен «Гау­һа­р­тас» атты повесімнің желісі бойын­ша фильм түсірілер кезде таныстым. Басында басты рөлдегі Ыбыш-Тас­танды өзге актер ойнайтын болар деп жүргенмін. Әнуар бекіпті. «Әй, алып шыға алар ма екен?» деген сенімсіздік ойда болды. Қателесіппін. 1975 жылдың желтоқсан айында киноның премьерасы өтті. Риза болдым. Әнуар актерлік шеберлігін көрсетті. Жарының жанын түсінбейтін шодыр мінезді, бірақ өз ісіне адал адамның бейнесін керемет сомдап шықты. Қазір ол фильмді Әнуарсыз елес­тете алмаймын. Боранбаев кино әле­мінде осы «Гауһартасқа» түсу арқы­­лы өзінің жаңа бір қырын ашты, халық­­қа кеңінен танылды» деп айтады. Жазу­шы өте дәл баға берген. Әнуар аға одан кейін де талай фильмге түссе де, көрермен жадында «Гауһартастағы» Тастанмен мәңгі қалды.

Алайда арқалы актердің жұлдызы театрда жанды деуге болады. Алыс ауыл­дан арман қуып келген бозбала Құр­манғазы атындағы өнер институтына оқуға түсіп, профессор Рәбиға Қаны­баеваның шеберлік сыныбында дәріс алып, кейін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа қабылданды. Алғашқы рөлі – ұлы Мұхаңның «Түнгі сарынындағы» − Сапа. Оны жас актер сахнада сәтті алып шыға білді. Содан бастап Әнуардың айы оңынан туды. Әкемтеатрға алғашқы келген жылдары режиссер Қадыр Жетпісбаев ақын Құ­даш Мұқашевтың Ілияс Жансүгіровтің жас­тық шағынан елес беретін «Дала дастаны» атты пьесасын көрерменге ұсынды. Мұнда актерге бас кейіпкер – Ілиясты ойнау бақыты бұйырды. Көр­некті ақын бейнесін алып шығу үшін ол көп ізденіп, ақыры сахнада тұғырлы тұлғаның бұла кезін зерделі көркемдейді. Оған көрермендер ғана емес, сахнада бірге жүрген әріптестері де тәнті болады.Бұл туралы жақын досы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жа­ман­құлов: «Әнуар сол қазақ театрында асқан жағымды үнімен бірге керемет сахналық сүй­кімімен келген қайта­лан­бас, ешкімге ұқсамайтын жаңа актер пайда болғанын жұртшылыққа паш етті. Жақсы ойнады, Ілияс рөлі Әнуар табиғатының оң жамбасына келіп, кірі­­гіп, бірігіп кетті» деп ақтарылады.

Жалпы өткен ғасырдағы алпысын­шы жылдары қазақ театрының дәуір­леген кезеңі басталды. Сол кезде атақ­т­ы режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойған драмалық шығармалардың даң­­қы Одаққа тарап жатты. Міне, осы шақта қасиетті өнер ордасына жалын­ды жас буын келді. Солардың ара­сын­да жасындай жарқылдап Әнуар да жүрді. Жетпісінші жылдардан бастап әкемтеатрда сахналанған қойы­лымдарды Боранбаевсыз елестете алмайсыз. Оны­мен өнерге бірге келген замандастары да шетінен шашасына шаң тимес жүй­ріктер болатын. Бірақ солардың ішінде Әнуардың әлемі дараланып тұрды. Ол отыз жылдан аса уақыт ішінде Әуезов театрының сахнасында 70-ке жуық рөлде ойнап, нағыз майталманға айналды. Ол жайында марқұм Әшірбек Сығайдан асырып айту мүмкін емес. «Тарихи һәм осы заманғы қаһармандарымен шұрқыраса табысып, өнер жанкүйерлеріне әрдайым көл-көсір эстетикалық қуаныш сыйла­ған актер Ілияс, Сырым, Әубәкір, Лю­ченцио, Бірсімбай, Незнамов, Жа­даев, Уильям Кэтсби, Сотанвиль, Сабыр­баев, Тұрсын­бай, Еламан, Момын шал сынды сан ұлт өкілдері мен әр дәуір адамдарының өмір­шең шежірелерін «тірілтті». Кейіпкер бойына қан жүгір­тіп, тірі кеудеге жан беретін актерлік тылсым сиқырдың бар­лық сырларын меңгерген сахна шебері», дейді белгілі театр сыншысы.

Дарынды өнерпаз қазақ киносын дамытуға да айтарлықтай үлес қосты. «Түрксіб туралы ән» – Т.Рысқұлов, «Орал от ішінде» – Таңатаров, «Жұлды­зыңды өшірме» – Қасымов, «Соңғы көш» – әке, «Жау тылындағы майданда» Бай­санбаев секілді бірнеше айшықты бей­нелерді сомдады. Асыл азамат көзі тірісінде туған жерінің қол бастаған батырлары Амангелді Иманов пен Кейкі Көкембайұлының қаһарман бейнелерін кинода сомдасам деп армандапты. Бірақ жұмыр басты пендеге арман деген арғымақ жалын ұстата бере ме?!

Актермен жақын сыйласқандар оның адами болмысы туралы тамсанып айтады. Бұл туралы достарының жазған естеліктері де жетерлік. Ол кісінің елде бала күнінен бірге өскен Айтбай Шү­кенов деген досы бар. Әнуар аға ауылға келгенде Айтбай аға екеуі үнемі бірге жүреді. Өзенге суға түседі, балық аулайды. Атқа мінеді. Елдің адамдарымен жүздеседі. Қазір Айтекең – зейнеткер. Ауылдың қазыналы қариясы. Жан досы жайында тебіреніп сөйлейді. «Әнуар екеуіміздің достығымыз алғашқы бала күннен танысып, табысқан күн мен мәңгі қош айтысқан күннің арасына созылған 45 жыл екен. Азаматтығы, мінезінің кең­дігі, кісілік келбеті, қазақы қасиеті оны басқалардан ерекшелеп тұратын. Ақылды, адалдықты, кішілікті ол өмірдің өзінен үйрене біліп өскен табиғаттың сирек тұлғасы іспеттес еді» деп сағына еске алады.

Белгілі қаламгер Қай­сар Әлімнің «Актер тағдыры» деген кітабында Әнуар ағаның өмірі мен өнері жайында жан-жақты баяндалған. Ол кісі өмірінің соңғы жылдарында бі­раз қиындық көрді. Болашағынан үміт күткен ұлы оқыста қаза болды. Жаға­сына ауыр дерт жармасып, ақыры бір аяғынан айырылды. Киелі сахнамен қоштасуға тура келді. Ол театрдан кетерде жата қалып еденді құшты дейді көзкөргендер. Қабырғалы суреткер Сә­кен сері Жүнісов актердің ішкі ой күй­зелісін былайша өреді. «Егер бұдан былай қойылымдарға қатынаса алмасам да, театрға келуден бір күнде тыйылмаймын. Кешегі сахнаның қадау-қадау қазықтарындай, ата-әжелерімнің, аға-апаларымның көтеріп кеткен өнер ғимаратының сақшысы болсам да, ака­демиялық театрдың атын жоғалтпай, затын жүдетпей ұстаса екен деп өзімнен кейінгі ұрпаққа күнде ақылымды айтып, мысқалдай пайдам тие берсін деп армандаймын» деп толғаныпты. Кейін ағамыз сахнаға оралып, өнерін сағынған көрерменімен қайта қауышты. Оннан аса рөлді сомдады. Алайда айналдырған дерт талантты актерді елу екі жасқа қара­ған шағында алып тынды. Оған жаңа мыңжылдықтың дәмін тату бұйырмады.