Таяуда Португалия коронавирус дағдарысымен күреске бөлінетін қаржының қалай жұмсалатынын жариялады. Аталған жоспарға сүйенсек, қаражаттың біраз бөлігі қаладағы қоғамдық көліктерді жаңғыртуға бөлінбек.
Былтыр Еуропа Одағы 2030 жылға қарай парниктік газ шығаруды 1990 жылғы деңгейден 55 пайызға дейін төмендету туралы ұжымдық шешім шығарды. Ал 2050 жылы бұл көрсеткіш нөлге түсуі тиіс. Осыған байланысты Еуропалық комиссия қазіргі таңда нақты саяси өзгерістер арқылы өз міндеттемесін орындауға кірісті.
Қазіргі таңда Португалия билігі әзірлеген құжат Еуропалық комиссияның қарауына жіберілді. Қоғамдық көліктер, басқа да көліктер секілді, парниктік газдарды көп бөлетіні белгілі. Сондықтан, оның қабылдануы – уақыт еншісіндегі шаруа.
Бір қызығы, қоғамдық көліктерді жаңғырту аясында трамвай қызметі қайта түлемек. Мұның басты себебі трамвай электр арқылы жүреді. Ал электр тоғын қазіргі таңда жасыл энергия көздері арқылы алудың мүмкіндігі зор. Бұл саланың еуропалықтарды қызықтырып отырғаны да осы.
Жалпы, Португалияда трамвай бұрыннан бар. Ең алғашқы осы қоғамдық көлік жолағы 1895 жылы Порту қаласында ашылған екен. Содан бері талай тарихты бастан өткерген. Өткен ғасырдың орта шенінде тіпті халық қатынайтын негізгі қоғамдық көлік саналған. Алайда жаңа заманауи автобустардың құрастырылуымен біртіндеп қолданыстан шыға бастаған. Мәселен, 1980-2000 жылдары Португалиядағы көптеген трамвай компаниялары жабылып, оның темір жолдары алынып тасталды.
Дегенмен, кейінгі уақытта Португалия трамвай қызметіне қайта көңіл бөлуге кірісті. Мәселен, 2017 жылы ел астанасы Лиссабон қаласының әкімшілігі шаһардағы қоғамдық көлік қызметін толықтай өз бақылауына алды. Ал 2018 жылы трамвай көлігін қалпына келтіруге кірісіп, 1995 жылы жабылып қалған желіні қайтадан іске қосты. Өткен аптада қала әкімі Фернандо Медина жаңадан 15 трамвай сатып алу үшін 43 млн еуро бөлінетінін мәлімдеді.
Мұндай үрдіс Португалияға ғана тән емес. Кейінгі жылдары кәрі құрлықтың бірқатар елі трамвай қызметінің қадірін түсіне бастады десек, артық айтқандық емес. Мәселен, Германия да осындай желіні қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.
Берлин қаласының әкімшілігі қаладағы қоғамдық көлікке бөлінетін қаражаттың біразы осы трамвай қызметіне жұмсалатынын хабарлаған. Атап айтқанда, алдағы 15 жылда 70 шақырым желі салынып, оған 28 млн еуро жұмсалады.
Страсбург қаласының билігі 2017 жылы Рейн арқылы өтетін трамвай желісін қайта іске қосты. Аталған жүйе 1945 жылы жабылып қалған еді. Ұлыбританияның Ноттингем қаласында да 70 жыл бойы тоқтап тұрған трамвай желісі қайта жүре бастады.
Мұндай бастама Италияның Милан және Рим қалаларында да жалғасын тауып отыр. Ал Испания билігі таяуда Севилья қаласындағы трамвай қызметін қайта жаңғыртуға 20 млн еуро қаражат бөлінетінін хабарлады.
Еуропалықтардың аталған салаға көңіл бөлуі бекер емес. Ғалымдар Жер бетінің күрт жылына бастағанын, тиісті шаралар қабылданбаса, адамзатқа қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағып жүргеніне біраз уақыт болды. Жыл сайын Еуропа мен Азияда су тасқыны болып, көптеген адам зардап шегеді. Ішкі Африкада құрғақшылық күшейіп, көптеген өзен-көл тартылып, қоршаған орта зиян шегіп отыр. Америка дүлей дауылдың зардабын тартады.
Кейінгі 35 жылда Жер-жаһан күрт жылынған. НАСА-ның мәліметіне сүйенсек, XIX ғасырмен салыстырғанда, Жердегі орташа температура 1 градусқа көтерілген. Мәселен, 2010 жылдан бері әлем бес рет рекордтық деңгейде ысыған. Ғалымдар мұның негізгі себебі – көмірқышқыл газ бен жылыжай газдарының ауаға көптеп шығарылуы екенін айтады.
Әсіресе, климаттың өзгеруі себебінен мәңгілікке мызғымастай көрінетін мұздықтардың еруі алаңдатып отыр. Мұздықтардың «көкесі» Антарктида мен Арктикада орналасқаны белгілі. Алда-жалда жердің асты мен үстінде жатқан осы ақ құрсау толықтай ери қалса, теңіз деңгейі 60-70 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайда Жер планетасының біраз бөлігін су басатыны айтпаса да түсінікті.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда Арктиканың да, Антарктиданың да мұз қабаты кесек-кесегімен опырылып жатыр. Өйткені климаттың өзгеруі мәңгі мұз жапқан аймақтағы судың да жылынуына әкеліп соққан. Соның салдарынан жылынған су мұздарды бұрынғыдан да жылдам еріте түскен.
1980 жылдан бері Арктикада 2,5 млн шаршы шақырым мұз жойылып кетіпті. National Geographic зерттеушілерінің мәліметтеріне сүйенсек, 2050 жылға қарай Арктикада 520 мың шаршы шақырым мұз ғана қалуы мүмкін. Гренландия 2002 жылдан бері әр маусым сайын орташа есеппен 287 млрд тонна мұз жоғалтады.
Колорадо штатындағы Қар және мұз деректері ұлттық орталығының деректері көрсеткендей, 2020 жылы Арктиканың дәл ортасында бұрын-соңды кездеспеген жұқа мұз қалды. Таяуда жарияланған зерттеуде Арктикадағы Беринг теңізіндегі қысқы мұз 2018 және 2019 жылдары соңғы 5500 жылдағы ең төменгі деңгейге түскен.
Оған қоса, теңіз мұзының көлемі ғана емес, оның қалыңдығы да жұқарып барады. Еруі өте баяу, қатқанына біраз болған теңіз мұзы бүкіл мұз қабатының 1 пайызын ғана құрайды. Қазір бір жылдық мұз басымдыққа ие. Осылайша, теңіздің ақ жабыны тез еруге бейім. Ғалымдар алдағы 10-20 жылдың көлемінде Арктика мұхитында жаздың аяғында мүлдем мұз қалмайды деп болжап отыр.
Оған қоса, Гренландия мұз жабынының жағдайы да мәз емес. Арктикадағы жылыну жаһандық жылынудың орташа есебімен салыстырғанда екі есе тез жүріп жатыр. Кейінгі жиырма жылда Гренландиядағы мұздың еру көлемі үш есе өскен. Алдағы он жылда бұл үрдіс жалғаса бермек. Осылайша, мұндай еру теңіз деңгейін 7 метрге дейін көтеріп, жағалаулардағы қалаларды су астына қалдырады.
Деректерге сүйенсек, бұған кінәлілердің бірі – парниктік газдарды көп шығаратын көліктер. Мәселен, Еуропа қоршаған орта агенттігінің мәліметіне сай, 2017 жылы Еуропа Одағы елдері шығарған парниктік газдардың 27 пайызы осы көліктерге тиесілі. Соның ішінде 72 пайызы автокөліктерден келеді. Сондықтан, кәрі құрлықтың қоғамдық көлікке алаңдауы бекер емес.
Айта кетерлігі, ЕО-ға жаһандық парниктік газ шығарудың 10 пайызы ғана тиесілі. Сондықтан климаттың жылынуын бәсеңдету үшін еуропалықтардың әрекеті жеткіліксіз. Ендеше, Еуропа Одағы елдерінің трамвай қызметін жаңғыртуға кірісуі басқаларға үлгі болуы тиіс.