Бұл күндері барша жанкүйер назарын өзіне аударып отырған велошабандоздар арасындағы «Джиро д’Италия» көпкүндігінің 10 кезеңі артта қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кезекті сайыс Апеннин түбегініңорталық аумағында орналасқан Л’Акуила мен Фолиньо аралығында өтті. Қос қаланың арақашықтығы 139 шақырымды құрайды. Бұл тартыста словакиялық Петер Саган («BORA – hansgrohe») шашасына шаң жұқтырмай, мәре сызығын бірінші болып қиып өтті. Екінші орынды колумбиялық Фернандо Гавирия («UAE-Team Emirates») еншілесе, жергілікті спортшы Давиде Чимолай («Israel Start-Up Nation») үшінші сатыға табан тіреді. «Астананың» велошабандоздары арасынан ең үздік нәтижеге ресейлік Александр Власов қол жеткізді. Ол 13 орынды иемденді.
Қарқыны күннен күнге кұшейіп келе жатқан «Астананың» серкесі жалпы есепте тағы бір сатыға жоғарлады. Қазіргі кезде А.Власов екінші орынды иеленуде. Тоғызыншы кезеңнен кейін тізгінді қолына алған Берналь Эганнан («INEOS Grenadiers») ол небары 0:01 секунд қалып келеді. Көш басындағы колумбиялық сайыпқыранның уақыты – 38:30:45.