Бірталай уақыт «жасыл аймақтан» табылып, эпидемиялық жағдайы тұрақты болып келген Қостанай облысы 17 мамырда «сары аймаққа» қайта көшті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері өңірде коронавирус жұқтырғандар саны қайта көбейгенін айтып отыр. Мәселен, облыста соңғы тәулік ішінде 35 адам COVID-19 жұқтырып, індеттің таралу қарқыны 0,23%-ға артқан.
Ресми мәлімет бойынша, 18 мамырда Қостанай қаласында – 15, Рудныйда – 4, Арқалықта 3 адам короновирус жұқтырған. Қалған аудандарда бірді-екілі науқастан ғана тіркеліп тұр. Жалпы пандемия басталғалы облыста короновируспен ауырған 15 226 адам тіркеліп, 14 542 науқас емделіп шықты.
Осы айдың басында облысқа араб елдерінде кең қолданысқа ие болған қытайлық «Хаят вак» вакцинасы әкелінген. Бұл вакцина Мысыр, Аргентина, Перу, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктерінде қолданылады екен. Дәрігерлер «Хаят вактың» көптеген артықшылығы бар екенін айтып отыр. Мысалы, ары-бері тасымалдауға, сақтауға қолайлы көрінеді. Алыстан жеткен вакцинаны қостанайлықтар да белсенді қабылдай бастады. Мәселен, облыс орталығындағы №1 емхананың өзінде ғана 300-ге жуық адам дәл осы вакцинаны ектірген. Олардың қатарында медицина қызметкерлері де бар.
– Коронавируспен өзім де ауырдым. 30 мамырдан 1 маусымға дейін дене қызуым 40 градустан төмен түспей қойды. 8 күн бойы инфекциялық ауруханада жаттым. Әріптестерімнің көмегімен жаным әзер қалды, жетінші күн дегенде барып қызуым орнына түсті. Талдау қорытындысы пневмония екенімді растады. Бұл созылмалы ауру ғой. Жұмыста жүргенде ауа арқылы жұқтырып алсам керек. Емделіп шыққан соң, біраз уақыт өткізіп барып осы вакцинаның бірінші компонентін қабылдадым. Қорқатын түгі жоқ, менің ойымша, бұл жақсы вакцина, – деді Б.Халикова.
Жалпы, осы жылдың соңына дейін өңір тұрғындарының 72%-ын, яғни 365 мыңнан астам адамға екпе жасау жоспарлап отыр. Қазір облыс аумағында 31 медициналық мекемеде екпе кабинеттері жұмыс істеп жатыр. Кейбір ірі кәсіпорындардың жұмысшыларын өндіріс басында вакциналау үшін көшпелі бригадалар ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарын вакциналау мақсатында шалғай елді мекендерге де жылжымалы медициналық кешендер шығатын болады.