• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Мамыр, 2021

Кәмелетке толмағандарды қалай қорғаймыз?

325 рет
көрсетілді

ІІМ Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл: проблемалар мен шешу жолдары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгінде елдің болашағына қатер төндіретін және жастардың толыққанды дамуы, әрбір тұлғаның қалыптасуында салдары терең құқық бұзушылық күн тәртібінен түспей тұр. Осы орайда балаларды отбасылық-тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылықтан қорғау, қазіргі заманның шындығына сәйкес кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруді мақсат еткен жиында сала мамандары деректермен бөлісіп, түйткілді мәселелерді шешудің жолдарын талқылады.

Конференцияны Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаев ашты. Ол өз сөзінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға байланысты өзекті мәселелерге, сондай-ақ оларды шешудегі ІІМ қызметінің негізгі бағыттарына назар аударды. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ә.Исекешев конференция қатысушыларына арнап  құттықтау сөз сөйледі.

Алқалы жиынды «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев пен ІІМ Алматы академиясының бастығы Айдар Сайтбеков жүргізді.

Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті реттейтін заңнаманы жетілдірумен қатар балаларды қорғаудағы ведомствоаралық тәсіл, кәмелетке толмағандарды экстремистік ұйымдарға тартуға қарсы іс-қимыл, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою стратегиялары, өмірлік дағдарыстық жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға психологиялық көмек көрсету ерекшеліктеріне қатысты маңызды мәселелерге орай қатысушылар ортаға ой тастады.

Парламент Сенатының депутаты Д.Нұржігіт, Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Д.Закиева, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл А. Саин, Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл Э. Әзімова, БҒМ вице-министрі Б.Асылова, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы М.Баймұқашев сөз сөйлеп, деректермен бөлісті. Сонымен қатар жиынға Бас прокуратураның, Қазақстан заңгерлер одағының, ЮНИСЕФ, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соттың, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, еліміздің жетекші ғалымдары және Ресей ІІМ басқару академиясы және Түркия полиция академиясы, Ресей ІІМ Шығыс Сібір институтының белсенді өкілдері, ІІМ барлық аумақтық полиция және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің басшылары да қатысты.