Бүгін облыс әкімдігінде Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың қатысуымен су тапшылығы жағдайында егістікті сумен қамтамасыз ету мәселесіне арналған селекторлық мәжіліс өтті. Жиында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Сырдарияның төменгі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтіп жатқандығын, әсіресе күріш егу және оны суға бастыру жағдайы аса қиын жағдайда екендігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
- Бүгінде Сырдария өзенінің ағысын реттейтін Нарын-Сырдария су қоймаларындағы су көлемі өткен жылдан 2 млрд текше метрге кем. Қазіргі таңда Шардара су қоймасына түсіп жатқан судың көлемі егіншілерімізді алаңдатып отыр. 2021 жылы облыс бойынша 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланса, оның ішінде күріш егісінің көлемі өткен жылдан 5,1 мың гектарға қысқартылып, 84,4 мың гектарға егу межеленді. Дегенмен, күріш егу және оны суға бастыру жағдайы аса күрделі болып отыр. Атап айтқанда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда күріш егу 5,1 мың гектарға және суға бастыру 7,4 мың гектарға кем келе жатыр. Су тапшылығы жағдайының алдын алу үшін, Су ресурстары комитеті мен Қызылорда облысы әкімдігінің вегетациялық кезеңде су тапшылығының алдын алу бойынша атқарылатын бірлескен іс шаралар жоспарын бекіттік. Сонымен бірге, каналдар арқылы су алу режимдерінің кестеге сай орындалуына мониторинг жүргізетін жұмысшы тобы құрылып, жұмыс жүргізілуде, - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Ал, вице-министр Серік Қожаниязов Сырдария суын молайту мақсатында халықаралық келісім-шарттардың жасалып жатқанын жеткізді. Мәселен, Өзендегі судың аз болуына байланысты Қырғызстанға Өзбекстанмен бірлесіп тауар алмасу ретінде алдын ала электр энергиясын жөнелтілуде. Мамыр айының соңына дейін еліміз Қырғызстанға 370 млн кв сағат, ал Өзбекстан 250 млн кв сағат электр энергисын беруді жоспарлап отыр. Электр қуатын қырғыз елі тамыз айында қайтарып, оған қоса жаз айларындағы су аса қажет кезеңде 370 млн текше метр су жібереді.
- Сырдария өзені «Тоқтағұл» су қоймасында жиналған су көлеміне тікелей тәуелді. Аталған қоймада жылына 15 млрд. текше метр су жиналу керек болса, биылғы жылы онда судың көлемі 7-8 млрд.-қана. Сол себепті, қазіргі таңда Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттері де су тапшылығынан қиналуда. Қырғыстанда суармалы жерлер аз, алайда олар электр энергиясын өндіреді. Биылғы су тапшылығы олардың электр энергиясын жеткілікті деңгейде өндіруіне мүмкіндік бермеуде. Сондықтан олармен айырбас негізінде су алуды көздеп отырмыз, - деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстан тарапы Тәжікстан шекарасында орналасқан «Қайрақ құм» су қоймасының жөндеу жұмыстарына да қол ұшын созбақ.
Жиында Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов пен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Хамит Биімбетов су тапшылығына байланысты ағымдағы жылы Қызылорда қаласы және әрбір аудан бойынша егілетін күріш дақылының ротациясын сақтауды бақылауға алғандарын айтады. Аудан әкімдерімен, шаруашылық құрылымдарымен келісе отырып, магистралды және шаруашылықаралық каналдарды кезектестіріп су беру кестесін әзірлеген. Шаруашылық құрылымдары ішкі каналдар мен қашыртқы жүйелерін тазартуына бақылау жасап, су беру маусымы кезеңінде суды үнемді пайдалану мақсатында қашыртқыларға артық су ағызбауды қадағалау жүргізіп келеді. Елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 45 шақырым болатын 8 каналға су шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге, облыстық бюджеттен елді мекендерге 43 дана насос қондырғылары сатып алу белгіленіп, соның бүгінгі күнге 8-і жеткізілген.
Селекторлық мәжілісте облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева су тапшылығына байланысты егін шаруашылығын әртараптандыру жұмысы қолға алынғандығын жеткізді.
Жиын соңында шаруашылық басшылары пікірлер айтып, суды үнемдеу бағытында атқарып жатқан жұмыстарды баяндалды. Аймақ басшысы Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен вегетациялық кезеңінде жоғарыдан Шардара су қоймасына 2,7 млрд текше метр су көлемі түсуін қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс білдірді.