• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 23 Мамыр, 2021

Өсер елдің мұраты жолында

435 рет
көрсетілді

Сан ғасырлық тар жол, тайғақ кешуден, сындарлы жылдардан өткен қазақ халқы әрбір дәуір, замандарда ұлтына адал қызмет еткен, артына өшпес із-өнеге қал­дырған дара тұлғаларды мақтан етіп, ізгіліктерін еске алып жүрсе, өсер елдің мұраты да жарқырап көрінеді.

Шүкір, біз жайсаңдарымыз бен жақ­сы­ларымызды құрметтей алатын, адам­гершілік құндылықтарымызды лайықты әспеттеуге әрдайым даяр тұра­тын ұлт­тық пейілдің үстіндеміз.

Қазақстанның егемен ел болып дамуында, отыз жылға жуық тарихында жеке дербес мемлекеттің аса айрықша кезеңін, тіптен дәйекті дәуірін бастан өткізгендей әсерде жүрміз.

Қазақстанды дүние жүзі таныды. Бұл – талассыз тарихи жетістік. Қазақ елі өте қиын кезеңді артқа тас­тап, әлем­де дамыған мемлекеттермен тере­зесі тең жағдайға жетті. Алпауыт мем­ле­кеттердің де біздің елмен санасатыны, сыйлайтыны даусыз ақиқат.

Біз осы ел-жұртымыздың ұлттық санасына ұялаған жаңа көзқарасты, жүрек түкпіріне орныққан мақтаныш сезімін, саясаттың мәдени соқпағына сүрлеу салған мағыналы тұжырымды ең қымбат құндылық деп білеміз.

Ел тәуелсіздігінің отыз жыл кезеңінде қалып­тасу мен мемлекеттігімізді ны­ғайту бағытында ойға алғанымыз оңы­нан орындалды деуге толық негіз бар. Ғасыр тоғысында дүние жүзі картасына түскен 200-ге жуық мемлекеттің қалың шоғырында Қазақстанның жұлдызы да жарқырай көрінді.

Жер бетінде аумағы жағынан тоғы­зын­шы орын алатын, кешегі кеңес­тік кезеңде аты бар, затында дербес мем­лекеттігінен ада республиканың тұ­тас­тығын сақтай отырып, шекарасын шегендеп, халықаралық қоғамдас­тық­пен және ең ірі ұйымдармен ынтымақ­тас­ты­ғын тиянақтап, сыртқы саясатта ма­ңыз­ды қолдау мен биік мәртебе­ге ие болуы, сөйтіп санаулы жылдар бедерінде жаң­ғырып-жаңарған Қазақстан мем­лекетін құру өзгелер таңғалар­лық тарихи табыс, ал халқымыз үшін зор мақтанышқа айналды.

Егемен ел, қабырғалы мемлекет құрудың қиын кезеңінде, бұрын-соңды болмаған тарихи сын шақта жұрт сенімін ақыл-парасатымен ақтайтын, қалың бұқараны соңынан ерте алатын ірі саяси, тарихи тұлғаның жарқырап шығуы – халқымыздың бақыты еді. Құдай қазаққа қырын қарамаған. Пейіліне кең-байтақ жер берген, кен берген, қай кезде де ел бастайтын ер берген.

Міне, қабырғалы ел болып өсіп-өркен­деуіміздің негізгі ұйытқысы – тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы саяси көшбасшы деңгейіндегі кемел саясаты.

Журналистік деректер жадымызда сақталып қалыпты. 1990 жылы қазан айын­да Жоғарғы Кеңесте аса маңыз­ды сая­­си құжат – «Қазақ КСР-нің мемле­кет­тік егемендігі туралы» Декларация жо­ба­сы қаралды. Сол тарихи сессияда Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев он бір рет сөз сөйлеп, Декларацияның негізгі жобасын зор саяси жігермен және терең мәмілегерлікпен қорғап шықты. Сол жолы депутаттар Декларациядағы 17-бапты сегіз сағат бойы талқылады.

Біз егемендікті жария етудің басы-қасында жүрген қайраткерлердің қалай жұ­мыс істеп, ұлттық тіл, ұлттық мемле­кеттілік болуы бұлтартпас заңдылық деген дәлелді қорғап, табан тіреп, сая­си тұр­ғыда талап еткенін көрдік, олар­мен талай мәрте сұхбаттастық. Қанша­ма бі­лім­ді, күш-жігер жұмсауды қажетсін­ген қым-қиғаш пікір алуандығында ке­мел­ділік танытқан зиялы аға-апалары­мыз қоғамда айрықша құрметке ие болды.

Қызу айтыстың қайнаған ортасында ұлт мүддесі үшін білек сыбана кіріскен Елбасының ешкімге жалтақтамай, тайсалмай айтқан тура сөзі – ең ақырғы табан тірейтін, қоғам қуаттайтын бірден-бір тоқетер шешім болатын. Оның айтулы ақыл-ой иелерінің айтқан пікірлерін биік парасатпен бір арнаға тоғыстырып, сол кезеңдегі айналамызда болып жат­қан саяси ахуалдың өріс алу бағытын ерек­ше алғырлықпен пайымдай білуі бізді тәнті қылған еді.

Нағыз саяси кемеліне келген көш­басшы Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты да жүйелі үш міндетті алға қойды. Олар – тәуелсіз мемлекет құру, нарық экономикасына көшу және тоталитаризмнен демократиялық қоғамға ауысу еді.

Тарих парағындағы «Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр»  (Ж.Аймауытов) деген аманатты сөз 1991 жылғы 16 жел­тоқсан күні Жоғарғы Кеңестің кезекті сессиясында, азаттықтың ақ таңында жаңғырып естілгендей еді.

Академик, депутат С.Сартаев сол ұмытылмас оқиға туралы былай деп жазды: «Мен тәуелсіздік туралы баяндамамды кешкі сағат алтыдан он төрт минут кеткенде аяқтадым. Президент Конституциялық заңға қол қойды. Ал арада отыз минут өткенде Қазақ елінің тәуелсіздігін Түркия мемлекеті таныды. Дүние жүзі тарихында бір мемлекеттің екінші мемлекетті ресми тануы мұндай шапшаң уақыт бедерінде бұрын-соңды болған емес. Одан кейін Румыния, АҚШ мемлекеттері өздерінің ресми құжаттарын жария етті».

Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы жүзеге асты. Тұңғыш Президент айтқандай, «Біз енді ешкімнің қолтығының астында жүрмейміз. Біздің ел енді ешкімге кіші іні болып тізімге қосылмайды. Біз еркін ел болдық». Бұл – өткен ғасырдың 90-жылдарының басында әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары таратқан тарихи дерек.

Елбасы өз халқының өсіп-өркен­деуі­не қажетті нәрсенің бәрін жасап келеді. Оны біз өмірден күнбе-күн көріп, сезі­ніп отырамыз.

Кезінде Тұңғыш Президенттің елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру бас­тамасы қаншама керағар пікірге арқау болды?! Сол саяси маңызы зор шешімді Елбасы қабылдамаса, қалай болар еді деп те ойлайсың. Қысқа мерзімде әлем жау­һарларының қатарынан ойып орын ал­ған Нұр-Сұлтан қаласы – Қазақ елінің өсіп-өркендеуінің символына айналды. Осы орайда ертеректе көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, абыз ақсақал Бәй­кен Әшімов «Egemen Qazaqstan» газе­тіне берген сұхбатында өзіне тән те­рең де сабырлы қалпында, әрбір сөзі­нің әрпіне дейін әбден пісіріп айтатын әдеті­мен «Қарағым, есіңде болсын, жаңа астананы ақылды патшалар ғана салған», деп мейірлене айтқаны есіме түсіп отыр.

Елбасы ұсынған тарихи тамыры терең «Мәңгілік ел» идеясының кең ауқым­ды орныға түсуін Түркістан қала­сының түркі әлемінің рухани астанасына сай қайта түлеуінен де көреміз.

Жалпы, Қазақ елінің әрбір өңірінің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуында оң өзгерістер жасалғанына көптеген мысал келтіруге болады.

Иә, біз Елбасы айтқандай, қиындық­тардан шыңдалып шықтық. Көп нәрсеге көзқарасымыз өзгерді. тәуелсіздіктің қадірін шын сезініп, Мәңгілік ел болуды басты мақсат тұттық.

Елбасы белгілеп берген жаңару мен жаңғыру жолы сабақтастықпен табысты жалғасу үстінде. Ең бастысы, жаңарған, дәу­летті ел болу, әділдік, үстемдік құра­тын демократиялық қоғам құру халық­тың өз қолында екеніне көзіміз жетті. Қоғамның азаматтық ұстанымы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Отыз жыл бедерінде қоғам сындарлы кезеңнен ес жиып қана қоймай, есейіп те шықты.

Ал кейінгі екі жылдан астам уақытта коронавирус пандемиясы әлемді дүрлік­тіріп, өз елімізді де тағы бір сынға салып жатқаны аян.

Қауіпті індеттің бетін қайтару ешбір мемлекетке оңайға түсіп жатқан жоқ. Десек те қиындық атаулыны тұтас ел болып еңсере алатынымызға көзіміз жетті. Мемлекеттің стратегиялық бағыт-ба­ғдарының дұрыс болуының нәти­жесінде халықтың аман-саулығы үшін орасан күш жұмсалып, қиын шақта адамдарға мол көмек берілді. Кезінде Елбасының ақылымен жасалған Ұлттық қордың зор пайдасын көрдік. Отандық денсаулық сақтау саласының кем-кетіктері түзеліп, медицина ғылымының сапалық деңгейін көтеруге бетбұрыс жасалды. Қазақстандық ғалымдардың індетке қарсы екпені ойлап тауып, өндіріске шығаруы – соның айғағы.

Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Парла­мент Мәжілісіндегі партиялық фракция мүшелерімен кездесуде партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында алғаш рет 216 аймақтық бағдарлама да егжей-тегжейлі көрініс тапқанын айтып, оған сәйкес Үкіметпен бірлесіп, Жол картасын жүзеге асыруды тапсырды. Жаңа бағдарлама – аса ауқымды, бірақ нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қам­тамасыз етілген мақсаттар мен бағ­дар­ламалар жиынтығы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парла­менттің бірінші сессиясының ашыл­уында сөйлеген сөзінде «Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың же­міс­ті болғанын қалайды. Біз осы мақ­сат­тағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматты тартамыз», деп атап көрсетті.

Қазақстан Президенті көздеген мақ­сат­тарға жету үшін барлық салада дә­йекті өзгеріс жасалатынын, ол үшін қандай басымдықтарға мән беруі­міз қажет екенін айтты. Ең алдымен, құ­қықтық мемлекетті дамытуға және аз­аматтардың билік органдарына сені­мін нығайтуға күш салуы­мыз керек. Ұлан­-ғайыр жұмыстың бірі – алдағы бес жылда жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғырту міндетті.

Мемлекет басшысының өзі қарапа­йым адамдардың әрбір өтініш-тілегіне ыж­даһаттылықпен назар аударып, түйінді мә­селелердің әлеуметтік мәніне назар ауда­рып, тікелей бақылауына алуы, сөз жоқ, мем­лекет пен қоғам бірлі­гін нығайтады. Ел­басы белгілеген «Қазақ­стан – 2050» Стра­­тегиясына сай, бүгінгі уақыт талабын ескеріп жасал­ған өзгерістер жолы әр­бір адамға лайық­ты өмірдің әлеуметтік-ру­хани қажет­ті­лік­терін жоғары сапалы дең­гейде қам­тамасыз етуге бағытталып отыр.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

 Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі