• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Ғылым 25 Мамыр, 2021

Биология саласын жаңа белеске бастаған

964 рет
көрсетілді

Жеті ықылымның кілті де, жер-жаһанның шекарасы да ғалымға ашық. Ғалым болмақ – елге қызмет етпек, қала берді адамзатқа қызмет қылмақ. Биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Аманкелді Саданов ұзақ жылдар бойы отандық ғылымды өрге бастырып өрістетуге адал қызмет етіп келеді.

Ғылым жолында

«Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директоры Аманкелді Садановтың есімі талантты ғалым-ұйымдастырушылардың алдыңғы қатарында аталады. Ол – микробиология саласындағы бірқатар инновациялық әзірлеме мен көптеген патенттің иегері, өзінің микробиология мектебінің негізін қалаушы және жетекшісі.

Аманкелді Құрбанұлының үлкен ғылыми жолы, әдеттегідей, кіші қадамдардан басталады. Ол 1951 жылдың 28 мамырында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Талап ауылында дүние есігін ашқан. Осы ауылда 1968 жылы орта мектепті бітіріп шықты. 1969 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының биология факультетіне түсіп, 1974 жылы ойдағыдай тәмамдады. Оқуын бітіргеннен кейін институт жолдамасы бойынша Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Түгіскен ауылының №209 орта мектебінде биология және химия пәндерінің мұғалімі болып бес жыл көлемінде еңбек етті.

Дегенмен ғылымға деген ынтасымен 1979 жылы Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Шығыс бөліміне қарасты В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына оқуға түсті. Аспирантураны бітіргеннен кейін 1982 жылы ҚазКСР ҒА Микробиология және вирусология институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасты. Бұл жерде ол өзінің ғылымдағы алғашқы тәлімгері ҚазКСР ҰҒА академигі Әлфарид Илялетдиновтің жетекшілігімен органикалық мелиорантты пайдалана отырып, микробиологиялық процесті арттыру жолымен Оңтүстік Балқаш өңіріндегі тұзды топырақтың құнарын арттыру мәселесін шешумен айналысты. 1984 жылы академик Ә.Илялетдиновтің және биология ғылымдарының кандидаты (кейіннен биология ғылымдарының докторы) Ш.Мамиловтің ғылыми жетекшілігімен «Ақдала алқабындағы тұздалған топырақты мелиоранттармен өңдегендегі микробиологиялық процестер» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады.

Келесі 12 жыл ғылыми шығармашылығының шарықтау кезеңі болды. Ол Микробиология және вирусология институтында кіші ғылыми қызметкерден жетекші ғылыми қызметкерге дейінгі барлық кәсіби сатыдан өтті. Осы жылдары микроорганизмдер экологиясы зертханасының құрамындағы топырақ микробиологиясы тобына басшылық жасаған ол Қазақстандағы топырақ микробиологиясы саласын дамыта отырып, нәтижесінде аталған саланың негізін қалаушы әрі жетекші ғалымға айналды. Алғашқы аспиранттары да пайда бола бастады. Олардың ішінде шетелдік ізденушілер де болатын. Осылайша топырақ микробиологиясы саласы бойынша республикада өз мектебін құрды.

Жаңа ғылыми ізденістер мен жаңалықтарға деген құштарлық жас ғалымды Мәскеу қаласындағы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің топырақ биологиясы кафедрасының докторантурасына алып келді. Бірнеше жылғы еңбегінің нәтижесінде «Биологиялық белсенділіктің күріш егістігіндегі топырақтың құнарын тұрақтандыруға әсері» тақырыбындағы докторлық диссертациясын 1993 жылы сәтті қорғады. Аталған жұмыстар шеңберінде Қазақстан үшін жаңа ғылыми бағыт – топырақ биотехнологиясы пайда болды. Оның негізі суға бастырылған күріш алқаптары топырағының құнарлы қабатындағы қарашіріктің пайда болуы және оның ыдырауының микробиологиялық негіздерін анықтау арқылы нақтыланған болатын. Қазақстанның оңтүстігінде топырақ құнарының және оның экологиялық жағдайының төмен екенін ескере отырып, оны қалпына келтіруде микробиологиялық факторлардың негізгі рөл атқаратынын дәлелдеді. Яғни топырақ биотехнологиясының негізгі ұстанымы – өсімдікті емес, топырақты қоректендіру қажет. Демек егіншілікті биологиялық жолмен дамытудың негізгі қағидасы топырақ құнарын барынша сақтау болса, ал оның артуы немесе төмендеуі тікелей топырақ биотасына байланысты екені дәлелденді.

1994 жылдың соңында А.Саданов профессорлық-оқытушылық жұмысқа ауысады. Оның бастамасы бойынша Қазақстанда алғаш рет «Агроэкология» мамандығы ашылды. Аталған бағытты дамытудың нәтижесінде республиканың аграрлық секторындағы экологиялық проблеманы шешуге қабілетті, агроэкожүйе мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете білетін жоғары кәсіби білікті мамандар көбейді.

2002 жылы Астана қаласындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығы» РМК (ҰБО) Бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Ол ҰБО мамандарының сапасын арттыру үшін Алматыдан жас ғалым-биологтар тобын елордаға алып келді. Дәл осы жылы профессор А.Садановтың бастамасымен ҰБО жанынан Экологиялық биотехнология зертханасы құрылып, осы зертхананың ғылыми жетекшісі қызметін қоса атқарды. Осы аралықта өзін тек ғалым және ғылыми ізденістер ұйымдастырушысы ғана емес, қоғам қайраткері, ғылым саласында мемлекеттің саясатын жүзеге асырушы ретінде де танытты. Осылайша АҚШ-тағы ғылыми іссапарда америкалық ғалымдармен Степногорскідегі халықаралық мониторингтік зертхананы ашып, оны қалыптастыру жайлы белсенді келіссөздер жүргізді. Кейін ұйымның ғылыми жетекшісі болып тағайындалды.

 

Биотехнологияның бастауы

2004 жылы Үкіметтің Қаулысымен республикадағы биология саласындағы ғылыми мекемелерді басқаруға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын уақытында әрі сапалы орындауға байланысты Алматы қаласында Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Биологиялық зерттеу орталығы» құрылғанда бас директоры болды. Биологиялық зерттеулер орталығының құрамына 9 еншілес мемлекеттік кәсіпорын және 3 филиал енді. Аталған орталық жоғары оқу орындары, медициналық зерттеу мекемелері мен биологиялық ғылыми-зерттеу салаларының ғылыми жұмыстарын ұйымдастырумен және үйлестірумен айналысуды қамтамасыз етті.

Биологиялық зерттеулер орталығының басшысы ретінде Аманкелді Құрбанұлы биология ғылымдарының және оны заманауи экономикалық-әлеуметтік жүйеде қалыптастырудың барлық бағытын дамыту бойынша үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізді. Айта кетейік, ғылыми-зерттеу орталығының құрамындағы институттардың көпшілігі орталық болмай тұрған кезде құрдымға кетіп бара жатқан мекемелер болатын. Осындай тақырға отырған кәсіпорындар «Биологиялық зерттеу орталығы» құрамына енгеннен кейін ғана табыс түсетін, іргелі зерттеулерді іс жүзіне асыратын, қазіргі ғылымның негізгі ұстанымдарын күнделікті өмірде пайдаланатын мекемеге айналды. Оның белсене араласуымен еліміздің ботаникалық бақтары ерекше қорғауға алынатын табиғи аумақ болып саналатыны туралы заң қабылданды. 2009 жылы Атырау облысының мұнаймен ластанған топырағын тазартуда қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында Атырау қаласында аталған орталықтың жанынан «Экологиялық биотехнология» филиалы құрылды. Үкіметтің Биологиялық зерттеулер орталығын қайта құрылымдау туралы Қаулысына сәйкес 2010 жылдан бастап А.Саданов БҒМ ҒК «Микробиология және вирусология институты» РМК-на бас директор болып тағайындалды, ал 2018 жылдың наурыз айынан бастап бұл құрылымның құқықтық мұрагері «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС болды.

 

Топырақ құнарын арттыратын препараттар

А.Садановтың ғалым және орталықтың бас директоры ретінде басты ұстанымдарының бірі – «ғылыми зерттеу – технологияны әзірлеу – өндіріске енгізу және оларды коммерцияландырудың» толық циклін жүзеге асыру. Мұны толықтай орындау үшін орталық жанынан ең жоғары заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған биологиялық және медициналық препараттар шығаратын «Өнеркәсіптік микробиология» микробиологиялық зауыты ашылды. Республикада алғаш рет А.Садановтың тікелей жетекшілігімен ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, медицина және ветеринария салаларына арналған 8 жаңа отандық биопрепараттың технологиялары әзірленіп, өндірісі ұйымдастырылды. Жыл сайын аталған зауыттан 40-50 тонна әртүрлі биопрепарат шығарылып, сатылымға жіберіліп отыр.

Ауылшаруашылық дақылдарының негізгі қоректік элементінің бірі – азот. Азоттың жетіспеушілігі өсімдіктердің өсіп-жетілуіне айтарлықтай кедергі тудырады, осыған байланысты А.Саданов пен ұжымның ғылымдағы ең ірі жетістігі түйнекті бактериялар негізінде «Ризовит-АКС» биотыңайтқышын әзірлеп, оны өндіріске кеңінен енгізуі болды. Бұл бұршақтұқымдас өсімдіктерді таза биологиялық азотпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар биотыңайтқышты қолданудың нәтижесінде топырақта таза биологиялық азот жинақталып, бұршақтұқымдас дақылдардан, атап айтсақ, соядан орта есеппен 5-7 центнер үстеме өнім алынып, топырақта биологиялық азоттың мөлшері едәуір артады, келесі егілетін ауылшаруашылық дақылдарына да оң әсерін тигізеді.

Орталық ғалымдары «Фосфобацирин-АС» биопрепаратын әзірлеп шығарды. Бұл биопрепарат топырақта жылдар бойы жинақталған минералды фосфор тыңайтқыштарын фосфатсіңіруші микроорганизмдердің көмегімен өсімдіктерге сіңімділігін едәуір арттырады. Демек, топыраққа қосымша минералды-фосфор тыңайтқыштарын қолданудың қажеті болмайды. Сондай-ақ аталған биопрепарат топырақта «қажетсіз» жатқан фосфор тыңайтқыштарының шамамен 20-30 пайызын бір вегетациялық кезеңнің өзінде-ақ өсімдікке сіңімді түріне айналдырады. Нәтижесінде дақылдардың өнімділігі орташа есеппен 20-30%-ға артады. Сондықтан «Ризовит-АКС» және «Фосфобацерин-АС» биопрепараттарын пайдалану экономикалық жағынан тиімді (25 есе арзан) және минералды тыңайтқыштарды қолдану қажеттілігін толығымен алмастырады.

Өндірістік жағдайларда назар аударатын мәселенің бірі – түйежоңышқа мен жоңышқа дақылдарының тұқымдық дәндерінің қабығының қатты болуына байланысты шығымдылығының өте төмен болуында, ал бұл жағдай өнімге тікелей әсер етеді. Нәтижесінде шаруа қожалықтары бұл дақылдардан өте төмен өнім алып отыр. Бұл мәселені шешу үшін орталық ғалымдары «Фитобацирин» биопрепаратын дайындап шығарды. Әдетте тұқымдық дәнді осы биопрепаратпен өңдемей сепкен кезде гектарына 18-20 кг егілген дәннің ширегі яғни себілген тұқымның 4-5 кг-ы ғана өніп шығады, қалғаны шіріп кетеді. «Фитобацирин» биопрепаратымен себудің алдында тұқымды өңдеген жағдайда оның шығымдылығы 80-90%-ға дейін артады да, тұқымдық дәннің мөлшерін 10 кг/га-ға дейін төмендетеді, яғни бір гектарға себетін тұқымдық дәннің өзінен ғана 12-14 мың теңге үнемдеуге болады.

Мал шаруашылығының жемшөп базасын нығайту үшін ауылшаруашылық малдарына, әсіресе қыс мезгілі 6-7 айға созылатын өңірлерде құнары мен қуаты жағынан жоғары болатын сапалы пішендеме мен сүрлем сияқты мал азығын дайындау аса қажет. Сапалы мал азығын дайындау мақсатында бактериялардың негізінде жасалған «Казбиосил» жаңа биопрепараты дайындалып, өндіріске енгізілді. Бұл препарат Қазақстанның 11 облысындағы мал шаруашылығы бағытындағы шаруа қожалықтарында кеңінен қолданылуда. Қазіргі таңда биоконсерванттарды пайдалана отырып, жыл сайын шамамен 1 млн тонна сүрлем мен пішендеме дайындалады.

Толыққанды жемшөп базасымен қамтамасыз етуден басқа тағы бір мәселе – шаруа қожалықтарына үлкен зиянын тигізетін жас төлдердің ауруы мен өлімі. Жаңа туылған төлдер бастапқы екі аптада аралас ішек инфекциялардың әсерінен 30-40%-ға дейін шығынға ұшырайды (100 бастың 35-40-ы). Осы ретте мал төлдері ауруының алдын алуға және емдеуге арналған «Полилактовит» пробиотигі сүтқышқылды және пропионқышқылды бактериялар негізінде әзірленіп өндіріске енгізілді. Пробиотиктің емдік әсері, оның құрамындағы сүтқышқылды бактериялары асқазан мен ішектегі патогенді және шартты патогенді микроорганизмдердің көбеюіне жол бермейді. Сонымен қатар төлдің асқазан-ішек жолдарының ферментативті белсенділігін арттыра отырып, организмнің иммундық жүйесінің қалыптасуына ықпал етеді, нәтижесінде төл басы 100%-ға дейін сақталады. Препарат Қазақстанның 14 облысында сәтті қолданылуда.

Мал шаруашылығында қолданылатын тағы бір биологиялық өнім – құрамы пропионқышқылы және целлюлозолитикалық бактериялардан тұратын «Бентобак» пробиотикалық азықтық қоспасы. Бұл қоспаны қолдану кезінде ірі сабақты қиын қорытылатын азықтардың сіңімділігі артады да, төрт түлік пен құстардың зат алмасу процесі жоғарылайды, нәтижесінде тәуліктік салмақ қосуы артады. Азықтық қоспаны қолдану нәтижесінде мал тұқымы мен оның рационына байланысты орта есеппен тәулігіне 800-1200 г дейін салмақ қосылады және мал азығының шығынын орта есеппен 5%-ға дейін азайтады.

Сонымен қатар орталық ғалымдары мұнаймен ластанған топырақты, өндіріс қалдықтарын және су қоймаларын микробиологиялық тәсілмен тазартуға арналған тиімділігі жоғары «Бакойл-KZ» препаратын әзірлеп шығарды. «Бакойл-KZ» биопрепаратын қолдану нәтижесінде жыл сайын Батыс Қазақстанда мұнаймен ластанған топырақтың 100-150 гектары тазартылады. Препарат шетелдік препараттарға қарағанда бағасы анағұрлым арзан, әрі сапасы өте жоғары.

 

Шетелден келетін дәрілердің баламасы

А.Садановтың басшылығымен Микробиология және вирусология ғалымдары ең алғашқы, әзірше жалғыз әрі түпнұсқалық отандық розефунгин антибиотигі негізінде жасалған «Розеофунгин-АС» препаратын өндіріске енгізуге және оның өндірісін ұйымдастыруға бағытталған бірқатар шара атқарды. Бұл жаңа отандық препараттың шетелден келетін дәрілерден басты артықшылығы – оның зең инфекцияларының қоздырғыштарына антибиотиктік-төзімдік қасиеті, қысқа мерзім ішінде емделіп шығуы және оның тиімділігінің жоғары болуында. 2017 жылы «Розеофунгин-АС» препараты Қазақстан Республикасының Дәрілік заттардың мемлекеттік тізіліміне кірді. Ал 2018 жылы 2019-2023 жылдарға арналған ҚР ДСМ Дерматофитияларды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасының дәрілік заттар тізбесіне, 2019 жылы Қазақстандық Ұлттық Дәрілік Формулярына (ҰДФ) енгізілді. Қазіргі уақытта республикамыздың дәріхана желілері арқылы белсенді түрде сатылымға түсуде.

2019 жылғы сәуірде Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының базасында Қазақстанда алғаш рет дәріге төзімді микроорганизмдермен және вирустармен күрес бойынша халықаралық ғылыми семинар ұйымдастырылды, оған әлемнің 14 елінен жетекші микробиолог-ғалымдар, вирусологтар және инфекционистер, оның ішінде АҚШ-тың Ұлттық денсаулық институттарынан 20-дан астам танымал ғалым қатысты. АҚШ (Теннесси штаты, Мемфис қаласындағы ғылыми-зерттеу госпиталі жанындағы ДДҰ тұмау жөніндегі орталығы) және Ұлыбритания (Лидс университеті, Лидс қаласы) ғалымдарымен вирустық инфекцияларды зерттеу саласында бірлескен халықаралық жобалар орындалуда.

А.Садановтың орталықтың бас директоры қызметін атқарудағы сіңірген ерен еңбегі оның материалдық базасын айтарлықтай жақсартуынан да айқын көрінеді. Яғни зертхананы заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, институт ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар ғылыми зерттеулер ғана емес, түрлі салаға арналған биопрепараттарды шығарып, практикада кеңінен қолдану. Бұған қоса молекулалық, биохимиялық және физика-химиялық зерттеулерді жүргізуге арналған, өте қымбат бағалы заманауи жабдықтармен жабдықталған зертхана ашылды, бірқатар салада талдамалық жұмыстарды орындауға халықаралық үлгідегі аккредиттеу алынды. Үздіксіз еңбек нәтижесінде орталық республикадағы озық мекемелердің біріне айналды, халықаралық байланыстарын кеңейтті, ал институт қызметкерлеріне жемісті ғылыми жұмыс атқаруына қолайлы жағдай жасалды. Орталықтағы ғылыми жұмыстар мен ғылыми-өндірістік қызметін кеңейту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі. Айтар болсақ, Микроорганизмдердің депозитариясы зертханасының қызметі қайта жаңғыртылды, микроорганизмдердің патогендік қасиетін анықтайтын жаңадан зертхана ашылды, Қызылорда қаласында институтқа қарасты «Қолданбалы микробиология» филиалы жұмыс істейді, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында өкілдігі де бар.

Биология ғылымы саласының жоғары білікті кәсіби маманы ретінде орталық ұжымының жұмысын отандық инновациялық өнімдерді шығаруға бағыттады. Ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаға арналған биопрепараттардың өндірістік циклі жыл он екі ай жүріп отырады. Қазірдің өзінде микробиологиялық зауыт өз шығынын өзі өтейтін жағдайға жеткен. Осылайша институттың қазіргі ғылыми-өндірістік іс-шараларына (заманауи жабдықтау, ғимаратты жаңғырту, зауыт құрылысы) жұмсалатын шығынының 40 пайызы институт бюджетінен тыс қаражат есебінен қаржыландырылып отыр.

Орталық штатына 171 қызметкер, оның ішінде 10 ғылым докторы, 28 ғылым кандидаты, 9 философия докторы (PhD) және 40 магистр кіреді. 14 PhD-докторант және 3 магистрант оқып жатыр. Қызметкерлердің орташа жасы – 39 жас, ал 55 маман – 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Сондай-ақ А.Саданов ғылыми кадрлар қатарын даярлауға да баса назар аударады. Болашағынан үміт күттіретін жас мамандар магистратурада және PhD докторантурасында білімдерін жалғастыруда, олардың тәжірибелі тәлімгерлерінің жетекшілігімен зерттеу жұмыстарын атқаруына барлық жағдай жасалған. Оның бастамасымен жыл сайын талантты жас ғалымдарға бюджеттен тыс қаражат есебінен белгілі ғалымдар А.Илялетдинов және Х.Жұматов атындағы атаулы стипендиялар тағайындалып отырады.

2013 жылдан бастап институтта «Микробиология және вирусология» ғылыми журналы шығарылып келеді. Бұл журнал халықаралық деңгейге дейін көтерілген, онда отандық қана емес, шетелдік мақалалар да жарық көреді, барлық мақала ағылшын тіліне аударылады.

Осы уақытқа дейін оның авторлығымен 1 049 ғылыми және ғылыми-танымал еңбек жарық көрген, оның ішінде 628 ғылыми жарияланымдары, 24 монография, 39 оқулық, методикалық әдістеме мен ұсыныс, сонымен қатар 86 газет мақалалары және республикалық радио және телеарналарына берген 56 сұхбаты бар. Мұның сыртында 160-тан астам авторлық куәлік пен патент алынған. Ғалымның жетекшілігімен «микробиология», «экология» және «биотехнология» мамандықтары бойынша 40 кандидаттық және 17 докторлық диссертация қорғалды.

Қазіргі таңда А.Саданов қоғамдық қызметке де белсене араласады. Ол – Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі және президиумының мүшесі, Президент жанындағы әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссияның мүшесі, Үкімет жанындағы биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Кеңестің мүшесі.

Еліміздің биология ғылымдарының дамуына қосқан елеулі үлесі мен білікті ғылыми ұйымдастырушылығы, биотехнология, экология және микробиология салаларында қол жеткізген үлкен жетістіктері үшін биология ғылымдарының докторы, профессор, академик А.Саданов «Білім беру ісінің үздігі» белгісімен, әл-Фараби атындағы күміс медалімен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне арналған медалімен марапатталды, Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері атанды.

 

Гүлнар СИТПАЕВА,

биология ғылымдарының докторы, Ботаника және фито институтының бас директоры