Әлемдік көрінбейтін өнер музейі жыл сайын көрермендерге суретшілердің тылсым картиналарын ұсынуымен әйгілі. Олардың мәнін оңайлықпен бағамдай алмайсыз. Тек шебердің туындыға берілген арнайы анықтамасынан кейін ғана тануға болады. Оның ғажабы да сонда. Сондай бір ерекше суретті Эми Дэвидсон есімді оқырман 10 мың долларға сатып алады. Қызығы, кенеп бетіне ақ түстен басқа бояу жағылмаған.
The Museum on Non-Visible Art мұражайы кереметке толы. Неге десеңіз, онда оқырманды елең еткізетін, ойыңды сан-саққа жүгіртетін құпия дүние көп. Ондағы туындылардың сырын түсіну қаншалықты қиын болғанымен, көрермендердің қатары сиреген емес. Қайта жыл сайын неше түрлі оқиға орын алып, ұйымдастырушылардың өзі қайран қалып жатады.
Мәселен, суретші Джеймс Франко «Таза ауа» атты түссіз картинасына оқырмандар осыншама қымбат баға ұсынады деп ешкім ойламаған. Тіпті, автордың өзі де аң-таң. Оның бар жұмбағы концепциялық өнерді жаңа белеске шығаруға тырысқаны. Және оны өте жоғары деңгейде орындап шыққан.
Картинамен қоса әйелге автор жазған шығарманың сипаттамасы және шедеврдің шынайылығына кепілдік беретін брошюралар табысталған. Көрермендер шебердің шығармашылығы туралы ойланудан алшақтамас үшін, бояусыз кескіндемені басқа өнер туындыларынан бөлек, оңаша қабырғаға орналастырған жөн. Үйге келген қонақтар алдымен осы картинаны тамашалағаны дұрыс, себебі суретшінің пікірінше аталған туынды меймандардың көңіл күйін көтереді.
Автордың таза ауа туралы сипаттамасында: «Тек бір ғана данасы бар ерекше туынды. Сіз сатып алған «мөлдір ауа» таусылмайтын оттегі баллонына ұқсайды. Қай жерде болсаңыз да, жер бетінде пайда болатын ең дәмді, таза иісті ауамен тыныс алу мүмкіндігіңіз бар. Әр тыныс сізге шексіз жан тыныштығы мен денсаулық сыйлайды. Әрдайым бұл шығарма сізге тау шыңдарының һәм мұхиттың жұпар иісін сыйлайды», деп жазылған екен.
Танымал «Huffington Post» басылымына берген сұхба-
тында суреттің ендігі иесі Эйми Дэвидсон көрінбейтін және қол тигізе алмайтын заттарға неге сонша құмар екенін былайша тарқатады.
«Жаңа буын әрі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі ретінде мені жобаның идеологиясы шабыттандырды. Әсіресе, көрінбейтін өнер мұражайының ұраны қатты ұнайды. Біз армандарымыз және идеяларымызбен алмасамыз. Бұл біздің жаңа экономикадағы валютамыз», дейді ол.
Эми Дэвидсонның айтуынша, 2.0 технологиясының негізінде құрылған әлеуметтік медиа ресурстар адамдардың санасында төңкеріс жасаумен есте қалмақ. Қоғамдағы виртуалды қарым-қатынастардың салдарынан біздің өміріміз бітпейтін жарнамаға айналуда. Шынайы өнер өзгерді. Бәрі оңай сатылады және сатып алынады.