• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Мамыр, 2021

Қауіпті вируспен күрес қарқыны күшейтілді

172 рет
көрсетілді

Жаһанды жайлаған коронавирус індетіне қарсы бүгінде Жамбыл облысында бірқатар жұмыс жүргізілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, күні бүгінге дейін өңірде қауіпті індеттің 8 936 жағдайы тіркеліп, пневмонияның 3 839 дерегі анықталған. Аталған індеттен аймақта қазіргі кезде 8 341 азамат сауығып шыққан болса, өкінішке қарай, 85 өлім жағдайы тіркелді.

Бүгінде коронавирус індетін жұқ­тыру бойынша өңірде Тараз қаласы алға шығып отыр. Мәліметке сәй­кес, облыс орталығында қазіргі кезең­де 4 578 адам қауіпті індетті жұқтыр­ған. Сондай-ақ Байзақ ауданында 707, Жамбылда 421, Жуалыда 301, Қор­дайда 1 158, Т.Рысқұлов ауданында 236, Меркіде 223, Мойынқұмда 168, Сарысуда 219, Талас ауданында 174 және Шу ауданында 569 жағдай анық­талған. Сонымен қатар, әскерге шақырылушылар арасынан 125 жағ­дай мен басқа облыс тұрғындары арасынан 57 жағдай тіркелген. Облыс орталығы мен аймақтың бірқатар ауданында да пневмонияның жағдайы анықталған.

Қауіпті індеттің алдын алу және тұрғындарды қорғау мақсатында өңір­де бірқатар жұмыс ұйымдас­тырылуда. «Биылғы 25 мамыр күнгі ақпарат бойынша, 2 580 орын­дық инфекциялық стацио­нарларда 917, оның ішінде 250 төсектік орында 76 науқас ем қабылдауда. Карантиндік стационарларға 13 тұлға орна­ластырылған. Өңірдегі 10 зертха­нада жалпы тәулігіне шамамен 2 600-2 800 ПТР зерттеу жүргізілуде», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Сонымен қатар жалпы облыс бойынша 22 денсаулық сақтау ұйым­дарында 42 егу пункті бар. Олардың ішінде 14 пункт Тараз қаласында және 28 пункт аудандарда орналасқан.

Биыл 1 ақпаннан бас­тап облысқа 1 мың адамға арналған 2 мың доза QazCovid-in вакцинасы, 92 700 доза Спутник V вакци­насының 1 компоненті  және 71 600 доза 2 компоненті мен 27 мың доза Hayat Vax вакцинасы келді. Аталған бас­қарманың мәліметінше, жалпы өсіммен 102 423 тұлға Спутник V вакцинасының 1-компонентімен, оның ішінде 1 459 тұлға отандық вакцинамен, 92 041 тұлға Спутник V және 9 380 тұлға Hayat Vax вакцинасымен екпе алған. Оның ішінде 13 379 адам медицина қызметкерлері, 18 295 адам облыстағы білім беру мекемелерінің қызметкерлері, 15 842 адам арнайы күштік құрылым қызметкерлері, 2 115 адам мемлекеттік қызметшілер және 52 792 басқа да тұлғалар бар. «Вакцинаның 2-компоненті өсіммен 36 264 тұлғаға екпе жүргізілді. Егуден кейінгі асқынулар тіркелген жоқ. Бүгінге отандық вакцинаның 582, Hayat Vax вакцинасының 17 618 дозасы, Спутник V 1-компоненттің 659, 2-компоненттің 35 911 дозасы қалды», дейді Ә.Қалиев.

 

Жамбыл облысы