29 және 30 мамырда «Астана Опера» театрының жетекші солисі Мейір Байнеш алғаш рет Ж.Бизенің «Кармен» операсындағы Дон Хозенің партиясында Үлкен зал сахнасына шығады.
Ал Микаэла рөлін алғашқы күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамила Джаркимбаева сомдаса, келесі күні опера труппасының солисі Айгүл Ниязова өзіндік интерпретациясымен көпшілік назарына ұсынбақ. Қызуқанды әрі еркіндікке жаны құмар сыған қызы Карменнің бас партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина мен Татьяна Вицинская орындайды. Тореадор Эскамильоның бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев пен жуырда ғана театрдың опера труппасын толықтырған солист Расул Жармағамбетов сомдайды.
Оқиға ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Испанияда өрбиді. Мұнда сұлу, сылқым, еркін сыған қызы Кармен темекі фабрикасындағы жұмыскерлер арасынан бірден көзге түседі. Бастапқы шығармадан өзгешелік ретінде Бизе кейіпкерінің мінезін жақсы жаққа өзгертіп, бірбеткейлігі мен еркіндігіне баса назар аударылған. Либретто авторлары опера әрекетіне бейнелі халық сахналарын енгізген. Оңтүстіктің ыстық күні астындағы қызба қауым, сыған қыздары мен контрабандашылардың мүсіндері, бұқа жарысының көтеріңкі көңіл күйі Кармен, Хозе, Микаэла мен Эскамильоның операдағы өзіндік мінезін, олардың тағдырының драматизмін ерекшелейді. Либреттосын Проспер Мерименің аттас әңгімесі бойынша Анри Мельяк пен Людовик Галеви жазған. Туындының қоюшы дирижері – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Алан Бөрібаев. Қоюшы режиссер – Лоренцо Амато, қоюшы сценограф – Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – Франка Скуарчапино, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани, проекциялар бойынша суретші – Серджио Металли. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов. Қоюшы балетмейстерлер – Елена Шерстнева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев, жауапты концертмейстер, синхрон редакторы – Елена Сахно, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.