Биыл еліміз елеулі белесті еңсеріп отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі – өркендеу мен өрістеудің айқын көрсеткіші ретінде қол жеткізген табысты екшеп, болашақты бағдарлаудың да мерейлі нышаны екені анық. Еңбек пен бірлікке негізделген даму жолында өңірлердің қосқан үлесі орасан. Бұл үрдісте ұлан-ғайыр аймақ – Алматы облысының да қомақты сыбағасы бар. Осы орайда Жетісу өлкесінің әлеуметтік, экономикалық дамуы мен рухани өміріндегі серпілісі жайында нақты есеп Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кездесуде берілді. Аймақ басшысы Амандық Баталов өңірде атқарылған істерді таразылай келе, әр сала бойынша нақты өсім көрсеткішіне де тоқталды.
– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Елеулі мерекеге ел іші еңбекпен де, бірлікпен де айтулы үлес қосып отыр. Сондай-ақ биыл біздің облыс үшін тағы бір елеулі кезең – Елбасының Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласына көшіру туралы шешім қабылдағанына 20 жыл толды. Яғни Жетісу жұрты үшін биыл қос мереке. Осы орайда облыстың жай-күйі, алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары туралы нық сеніммен айтуға болады. Бүгінде індет салдарынан туындаған дағдарысқа қарамастан, аймақта тұрақты даму принциптерінің басымдығы сақталды. Облыста өткен 4 айда барлық негізгі салаларда өсім қамтамасыз етілді. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,3 пайызға, құрылыс жұмыстары – 4,2 пайызға, сауда – 3,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 0,5 пайызға өсті. Ал мемлекеттік бюджет түсімі 220 млрд теңгені құрады және бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда шамамен 1,5 есеге артып отыр, – деді журналистермен кездесуде А.Баталов.
Аймақ экономикасының табысты болуына өндіріс пен ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция көлемінің артуы серпін беруде. Атап айтқанда, қазірге дейін облыс экономикасына 127 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 1,6 пайызға жеткен. Ал жыл соңына қарай құйылған инвестиция көлемі 811 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Жалпы, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі инвестиция көлемін 30 пайызға дейін ұлғайту міндеті тұр екен. Осы мақсатта 45 мың жұмыс орны ашылатын, жалпы құны 5,4 трлн теңге болатын 562 жобаның инвестициялық портфелі қалыптастырылған. Соның ішінде қазір 327 жоба іске асырылуда, олар тұрақты инвестиция легін қамтамасыз етеді. Осы тізімде 9 трансұлттық компания бар. Бүгінде олардың экономикаға салған қаржысы облыстың дамуына елеулі үлесін қосып отыр. Мәселен, жұмыс істеп тұрған «Марвен Фуд», «Лукойл», «Willo» кәсіпорындары мен биыл іске қосылған «Алацем» цемент зауыты және «Фид Миллс» құрама жем зауыты өндірістеріне құйылған инвестицияның жалпы көлемі 165 млрд теңгені құрайды. Алдағы уақытта трансұлттық компаниялардың тағы 5 жобасы іске қосылып, олардың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі 25 пайызға жетпек.
Жалпы, қазір облыста азық-түлік, сусын, электр құралдары, дайын металл бұйымдары, фармацевтика мен құрылыс индустриясы өндірісінде тұрақты өсім байқалады. Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімдерінің қаржылай көлемі 1,2 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар. Оның ішінде шикізаттық емес экспорт үлесі де 6 пайызға өсіп, өзіндік құны 400 млн АҚШ долларын құрайды. Ал агроөнеркәсіп кешені бойынша 2022-2026 жылдарға арналған Ұлттық жоба шеңберінде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, сүт өнімдері, дәнді және майлы дақылдарды өндіру мен өңдеу бойынша жеті ірі экожүйе қалыптастыру жоспарланған. Яғни 1,3 млн бас ірі қара, 4,5 млн бас қой-ешкі, 1 млн гектарға жуық егіс алқабы бар өңірдің әлеуетін ескерсек, Жетісу өңірі осы жобаның ең белсенді қатысушысының бірі болатыны сөзсіз. Оның негізі қазірден бар. Мысалы, қант өндіретін екі зауыт жұмыс істеп тұр, енді Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын қалпына келтіру жоспарлануда. Осылайша, облыс егістік алқап аумағын 35 мың гектарға ұлғайту арқылы қант қызылшасы көлемін 2 млн тоннаға дейін жеткізу міндетін жүзеге асырмақ.
– Облыста ет өңдеу қуаты 30 мың тоннаға дейін жететін «Жетісу қой» жобасын жүзеге асыруды бастадық. Бүгінде барлық ұйымдастыру мәселелері шешілді, инженерлік инфрақұрылым құрылысына қаржы бөлінді. Инвестор зауытты жобалауды бастады. Мұнан бөлек, 500 мың басқа дейін сиыр етін өндіретін «Тайсон Фудс» жобасы туралы да осыны айтуға болады. Ірі қара етін өңдейтін зауыт салатын жер учаскесі бөлінді. Агроөнеркәсіп кешені туралы айтқанда, өткен жылы іске қосылған, тәулігіне 160 млн дана жұмыртқа өндіретін «НаурызАгро» серіктестігі мен 29 мың тонна құс етін дайындайтын «OTAN GreenFood» фабрикасын мысалға алуға болады. Ал биыл тағы екі өндіріс іске қосылды. Бұйырса, отандық тұтыну нарығына қуаты 37 мың тонна ет өндіретін «Прима құс» және жылына 160 млн дана жұмыртқа мен 120 мың тонна бройлер етін өндіретін «Aitas KZ» фабрикасының өнімдері жол тартпақ. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1 трлн теңгеден асады, оның ішінде өнім экспорты 220 млн АҚШ долларына жетеді деген сенім бар, – деді облыс әкімі.
Өңір дамуында шағын және орта бизнес саласының алатын орны ерекше. Қазір бұл бағытта 125 мың бірлік нысан жұмыс істеуде. Сала бойынша еңбекпен қамтылғандардың саны 275 мың адамға жетті. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 11 пайызға өсіп, қаржылай құны 1,8 трлн теңгені құрады. Ал шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 34 пайыздан асқан.
– Бұл бағыттағы жұмысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған салықтық жеңілдіктер, жалға алу төлемдерінен босату түріндегі шаралар оң ықпалын тигізді. Мысал ретінде айтсам, жылдың басында Талдықорған қаласында аз қамтылған және көпбалалы аналарды жұмысқа тарту мақсатында тігін цехы ашылды. «Жетісу» әлеуметтік корпорациясы арқылы цехқа орын тауып, күрделі жөндеуден өткізіп, лизингке құрал-жабдықтар сатып әпердік. Қазір бұл шағын фабрикада 17 әйел жұмыс істеп жатыр, олардың 12-сі «Еңбек» бағдарламасымен оқыды. Мұндай мысалдар бізде аз емес, осындай ұсыныс пен бастамаларды әрқашан қолдаймыз. Биыл «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары мен «Жетісу» өңірлік қаржыландыру бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 21 млрд теңгеге дейін артты. 2 мыңға жуық субъектіге мемлекеттік қолдау көрсетіледі, 13 мың жұмыс орны құрылып, сақталады. Облыста 430 нысан Ashyq қосымшасымен жұмыс істейді, бұл сервисті тәулігіне орта есеппен 3 мың адам қолданады. Жалпы, осы қабылданып жатқан шаралар кәсіпкерлердің бұрынғы жұмыс ырғағына көшуіне мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді бұл жайында А.Баталов.
Қуаныштысы, Жетісудың құрылыс саласында карантин шектеулеріне қарамастан, жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бұл шағын және орта бизнес нысандарының жабылуы салдарынан орнынан босап қалған көптеген азаматты құрылыс саласында жұмыспен қамтуға жол ашып отыр екен. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде Алматы облысында 105 млрд теңге бөлініп, оған 20 мың жұмыс орны құрылған 1051 жоба жүзеге асырылуда. Былтыр облыс бойынша 60 мың жұмыс орны құрылған болатын.
Құрылыс демекші, аймақта «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған екен. Бүгінде 2603 пәтерлік 521 тұрғын үй салынуда, оның ішінде 1212 көпбалалы отбасы баспаналы болмақшы. Сонымен қатар жеңілдіктер қарастырылған «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» бағдарламаларымен де 1 986 отбасы пәтерге қол жеткізбек.
– Біз аймақты газдандыру бағытында да ауқымды жұмыс атқарып келеміз. Өткен жылы облыс тұрғындарының 59 пайызына газға қосылу мүмкіндігі жасалды, яғни 1,2 млн адам табиғи отын тұтынуға қол жеткізді. Биыл тағы 23 елді мекен газға қосылмақ, ал газдандыру үлесі 61 пайыз болмақ. Шалғай аудандарды газдандыру үшін «Талдықорған – Үшарал», «Шелек – Кеген» магистралды газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын аяқтаймыз. Құрылыс жұмыстары келесі жылдан басталады, – деді облыстағы көгілдір отынмен қамту жайын тілге тиек еткен әкім.
Айтпақшы, Алматы облысы орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр. Яғни бұл бағыттағы жұмыс 98,3 пайызға орындалып, 678 елді мекен таза ауыз суға қол жеткізген. Биыл да 7 ауылға су құбыры тартылып, қамту көрсеткіші 99,5 пайызға артпақ. Ауыз сумен қамтылған ауыл саны 685 елді мекенге жетеді. Яғни өңірде су құбыры жоқ 48 ауыл ғана қалады.
Жетісуда жылдан-жылға жол сапасы да жақсарып келеді. Қазір жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңыздағы жолдардың деңгейі – 84 пайыз шамасында. Биыл 385 елді мекенде облыстық маңыздағы және ауылішілік 332 шақырым жол жөнделеді. Оған 33 млрд теңге бөлінді.
– Экономиканың тұрақты өсімі, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және қабылданған әлеуметтік қолдау шаралары халықтың табыс деңгейін сақтап қалуға, жұмыссыздықтың белең алмауына мүмкіндік берді. Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 60 мың жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тартылады. Жалпы сомасы 28,5 млрд теңге болатын әлеуметтік көмекті 345 мың адам алады, соның ішінде 25 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады, 77 мың бала мемлекеттік әлеуметтік пакетпен қамтылады, – деді өңірдің әлеуметтік жағдайы жайында А.Баталов.
Осы жерде облыс дәрігерлерінің жұқпалы індетпен күресі жөнінде айта кеткен орынды. Жалпы, аймақта денсаулық сақтау саласына 2020-2021 жыл аралығында жергілікті бюджеттен 14 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы негізінен коронавируспен күреске бағытталып отыр. Бөлінген қаржыға 3 томограф, 18 рентген-аппарат, 219 ИВЛ, 180 жедел жәрдем машинасы, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Соның нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтармен және санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету деңгейі 90 пайызға жетті. Мысалы, Талдықорған қаласында қысқа мерзімде 200 орындық модульді инфекциялық аурухана салынды. Ал медициналық қызметтің қолжетімді болуы және 2025 жылға дейін шалғай елді мекендерді де толық қамту үшін 109 нысан салу көзделіп отыр. Оның ішінде 23 нысанның құрылысы биыл аяқталады.
Айтпақшы, өңірде бұқаралық спорттың дамуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Әр аудан мен ауылда тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына толық жағдай жасалған. Оның бір көрінісін жаңадан ашылып жатқан спорт, сауықтыру кешендерінің санынан да байқауға болады.
Мысалға, күні кеше ғана Көксу ауданы Балпық би ауылында заманауи спорт кешені ашылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне орай пайдалануға берілген спорттық нысан толықтай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Еңселі ғимаратты салуға республикалық бюджеттен 673 млн теңге қаржы бөлінген. Ғимарат 3 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Кешенде енді ауыл жастары спорттың 12 түрі бойынша жаттығатын болады. Сонымен қатар көрермендерге арналған 180 адамдық орын бар. Жаңа нысанның ашылуына байланысты 32 тұрақты жұмыс орны да құрылып отыр.
Заманауи стандарттарға сай салынған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы күніне жүздеген адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда волейбол, баскетбол, шағын футболға арналған залдар және жаттығу бөлмесі бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған екен.
Сондай-ақ мектеп салу ісі қызу жүріп жатқан өңірдің бірі ретінде Алматы облысының аты озып тұр. Биыл 28 мектептің құрылысы жоспарланса, оның 19-ы өңірдегі үш ауысымда оқу мәселесін шешпекші. Қазірдің өзінде 7 мектеп іске қосылды, соның 4-еуі үш ауысымды мектептердің орнына пайдалануға берілді.
– Биыл облыстың білім беру саласындағы педагогтерге, оқушылар мен студенттерге қашықтан оқу мен жұмыс істеу технологияларын меңгеруге тура келді. Біз облыс бойынша 81 мың компьютер сатып алуға 12,3 млрд теңге бөлдік, 24 мың мектеп компьютері мұқтаждарға уақытша пайдалануға берілді. Демеушілер қаржысы есебінен қосымша 2110 бірлік ұйымдық техника берілді. Сол сияқты 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 98 пайызға жеткенін мақтанышпен айта аламыз. Болашақта тағы 166 балабақша ашу жоспарда тұр. 2022 жылы бұл көрсеткіш 100 пайыз болады, – деді Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кездесуде аймақ басшысы А.Баталов.