Кейінгі жылдары елімізде тұрмысқа қажетті, қолайлылығы қарастырылған жабайы табиғатта демалатын экотуризмнің жаңа түрі дами бастады. Пандемия салдарынан қаладағы қоғамдық орын, музей, демалыс орындарына шектеу қойылғандықтан, тұрғындар арасында экотуризмге деген қызығушылық күрт артты. Жуырда Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы Жөкей көлі жағасында «Жұлдызды орман» атты глэмпинг демалыс аймағы ашылды.
Жоба авторы Айнұр Қуанышқызының айтуынша, бүгінде қалыптасқан жағдайлар ішкі туризмді дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға үлкен мүмкіндік береді. «Біздің ойымызша, глэмпингтер желісін құру – маңызды бағыттардың бірі. Қатаң карантиндік талаптарға сәйкес көптеген адам таза ауада демалуға тырысады».
Жаңа демалыс аймағында қонақтарға төрт адамнан тұратын отбасы мүшелері орналаса алатын 11 жайлы орын және тікелей фермалардан жеткізілетін табиғи өнімдерден жасалатын тағамдар ұсынылады. Сондай-ақ демалушылар өз уақыттарын көңілді өткізе алады. Демалыс аймағының кешенінде қонақтарға арналған мейманхана, киіз үй, балаларға және үлкендерге арналған бассейн, монша, спорттық алаңдар және тегін көлік тұрағы қарастырылған.
Демалушылар атқа мініп саяхаттап, квадроцикл, велосипед теуіп, серуендей алады. Сондай-ақ Жөкей көлінің жағасында балық аулап, табиғат аясында демалады. Біржан сал ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Марал Шаужанова өңірде глэмпингті іске қосу экологиялық туризмді дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Глэмпинг – тұрмысқа қажетті заманауи заттармен жабдықталған жайлы орындар құрып, табиғатта демалғанды жөн көретін жандарға арналған демалыс орны. Табиғаты әсем, таза ауа әрі сыңғырлаған құстардың даусы бар біздің өңірге келетін демалушылар саны одан сайын арта түсеріне сенім мол», деді М. Шаужанова.
Айта кетейік, БҰҰ-ның Бүкіләлемдік туристік ұйымы ауылдық және экологиялық туризмді дамытуды атап өткен. Себебі пандемия әсерінен экотуризм жаһандық туризм үлесінің 30%-ын құраған.