Түркістан облысының тауларында жоғалып кеткендердің алтауы - Назарбаев Университетінің 4 курс студенттері. Ал біреуі Кентау лицейінің түлегі екені айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Екі жігіт - Ақтөбе, үшеуі - Атырау, қалғаны Орал және Жезқазған қалаларынан келген. Құтқарушылар тауға кеткен жеті адамды үш күннен бері іздестіріп жатыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау басқармасының басшысы Қанат Қарабалаевтың сөзінше, бүгін сағат 12:00-ден бастап тікұшақпен іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, Түркістан облысының құтқарушылары Төле би ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған жеті адамды іздестіріп жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.