Саяси құғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Парламент Сенатында «Ашаршылық. Голод. Документальная хроника. Сборник документов 1928-1934» атты үш томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Бұл үстіміздегі жылдың ақпан айында өткен «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: Ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбында Парламент Сенаты, Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік тарих институты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бірлесе өткізген дөңгелек үстелде ұсынылған идея болатын.
Дөңгелек үстелде жасаған баяндамасында Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Біздің жүріп өткен тарихымыз – өрлеген кезеңдерімен бірге тақсіретке толы тарих. Сондықтан оның ащы-тұщы тағылымы мол. Осыған орай өткенімізді терең пайымдап, озық тұсымыздан өнеге тауып, қиналған сәттерден қорытынды шығаруымыз қажет. Тарихымызды даурықпа дау үшін емес, дамылсыз даму үшін пайдалануымыз керек... Ең алдымен, тиісті архив деректеріне қол жеткізу, оларды жүйелеу және мұқият зерделеу – басты мақсаттардың бірі. Өйткені ғалымдарымыз көптеген архив материалдарының әлі де болса ашылмағанын айтып жүр. Сонымен қатар өңірлермен және ондағы ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдармен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор», деген болатын.
«Атамұра» баспасында жарық көрген кітаптың сұр түсі, безендірілуі бірден тақырыптың ауырлығы мен салмақтылығын байқатады. Редакциялық алқасының төрағасы – М.Әшімбаев. Мүшелері – Н.Әбдіров, Д.Абдукадырова, Б.Әбдіғалиұлы (жауапты редактор), М.Құл-Мұхаммед, М.Бақтиярұлы, Н.Жүсіп, А.Райымқұлова, Е.Сыдықов, Д.Қамзабекұлы, З.Кабулдинов, М.Қойгельдиев, Т.Омарбеков, Е.Смағұл.
Бірінші том М.Әшімбаевтың «Тарихқа тәуелсіз көзқарас» алғы сөзімен ашылып, оған 267 құжат енгізілген. Олар – қаулы-қарарлар, ақпарлар, жабық хаттар, баянхаттар, шешімдер, директивті хаттар, шолулар, ақпараттар, баяндамалар. Осы томдағы кейбір деректерді оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім.
ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің 1928 жылы республиканың әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуалы жөніндегі шолуынан. «Қазақтардың қоныстануының нысандары, Ауыл шаруашылығы, ауылды бөлуі туралы сараптама жасалды.
Ауылдағы орта шаруалар аз және ешқандай рөл атқара алмайды», делінген.
1925/26, 1926/27 жылдары ауыл шаруашылығының 60-65 пайызы ауыл шаруашылығы салығынан босатылған. Ауыл шаруашылығының 50 пайызының малы, егісі бар, 13 пайызы 50 шақырымға дейінгі қашықтықтағы қыстауға көшіп қонады. Олардың қолында бүкіл малдың 40 пайызы жиналған.
127-ші құжатқа назар аударалық. Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы Нұрмақовтың 1928 жылдың 28 қыркүйектегі жеделхаты. Ол Орталық атқару комитеті (ЦИК) пен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысының кейбір баптарын түсіндіруге арналған. Мазмұны мынаған саяды. Байлардың малын санағанда олардың қазіргі көлеміне емес, 1928 жылғы 1 қаңтардағы жағдайына сәйкес қарау керек.
№168 құжат ВКП(б) Казақ өлкелік комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары Сарымолдаевтың Голощекинге жіберген жеделхаты.
Орал округі бойынша тәркілеу қорытындысының баяндамасы деген жеделхатта «Жұмыс 1 қыркүйекте басталып, 1 қарашада аяқталды.
... Тәркілеуге 71 шаруашылық енгізілді. Бірінші категорияға – 56, екіншіге – 15 шаруашылық енген. 10300 бас ірі қара тәркіленген. 129 киіз үй, 83 кілем, 147 киіз, 215 шөпшапқыш және т.б.». Тізім осылай жалғасып кете береді.
Екінші томға 706 құжат енген. Бұл да әртүрлі ақпараттан тұрады. Кейбірін атап өткім келеді. ВКП(б) Қазақ өлкелік комитеті жабық бюросының «ВКП(б) Орталық Комитетінің 1930 жылғы 30 қаңтардағы кулактарды тап ретінде жою туралы қаулысының орындалуы туралы қаулы;
Семей ОГПУ-ның бастығы С.А.Баканың ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетіне кулактарды жауапқа тарту барысындағы шектен шығу туралы 1930 жылғы 19 ақпандағы жеделхаты. Осы секілді деректердің барлығы да 1930 жылдардың саяси-экономикалық жағдайын көз алдыңа әкеледі. Әр құжат – халық өмірінің әр сәті. Құрғақ цифрлардың ар жағында ұлттың ауыр тарихы жатыр.
ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.И.Голощекиннің ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы И.В.Сталинге жазған «Қазақстанның саяси-экономикалық әлеуеті жөніндегі 1930 жылғы 5 наурыздағы жабық хатына» назар аудара кеткен жөн болар.
«... Кулактарды жою туралы.
Бірінші категория бойынша 5 наурызға дейін 3113 адам тұтқындалды. Олардың қылмысы әлі тексерілген жоқ. Екінші категория бойынша 16 ауданда тұтастай ұжымдастыру жүріп жатыр. Осы 16-ы ауданның 13-і таза егіншілікпен айналысады. Ал 3-і мал да өсіреді.
Межелі цифрға сәйкес екінші категория бойынша Қазақстаннан 2450 адам қуылуы тиісті». Осындай деректер Қазақстандағы ұжымдастыру барысының И.В.Сталинге үнемі жеткізіліп отырғандығын көрсетеді.
Үшінші томға 1126 құжат енгізілген. Солардың кейбіреулерін атай кетпекпін. ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің өкілетті өкілі А.А.Розыбакиевтің ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы И.М.Құрамысовқа Павлодар ауданындағы аштық туралы жеделхаты;
ВЦИК Төралқасының ұлттар бөлімінің меңгерушісі Н.Нұрмақовтың ВЦИК Төрағасы М.Калининге 1932 жылғы 17 ақпандағы қазақтардың жаппай шетелге көшіп кетуі туралы ақпараты.
Бұл томнан 819 нөмірмен берілген ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекинге 1932 жылы шілде айында жазған Ғ.Мүсіреповтің, М.Ғатаулиннің, М.Даулетғалиевтың, И.Алтынбековтың, К.Қуанышевтың хатын оқи аламыз. Ол тарихта «бесеудің хаты» деп аталады. Бұл хатта бес қайраткер Қазақстандағы малдың күрт азаюына алаңдаушылық білдіреді: «1930 жылғы Ф.Голощекиннің мақаласына сәйкес Қазақстанда 40 миллион бас мал болған. Ол 160 миллион сомды құрайды екен. Ал екі жылдан кейінгі жағдай қандай? 30 миллиондай малдың 5 миллионы ғана қалыпты.
...Қазақ ауылындағы киімнің жағдайы да ауыр. Олар өздерінің өткізген малдары, астығы, терісі, жүні, майы үшін ақшаларын ала алмай отырғанын жеткізеді».
1060 нөмірмен берілген К.Қуанышевтың Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы О.Исаевқа жазған 1932 жылғы 26 ақпандағы хаты ешкімді бейжай қалдырмайды деп ойлаймын. Қуанышев мынандай дерек келтіреді.
«1.15 (ақпан - Б.Ж.) күні милиция бастығына қала мен оның маңын қарап шығуды тапсырдым. Ол 30 өлік тауыпты. 16-ы күні тағы 11 өлік көмілді.
Аудан орталығында күп болып ісіп кеткен 200 адам менің алдымды босатпайды. Нан сұрайды (жағдайы нашарлар тіптен көп). Предрика жаңа ғана колхоздарды аралап келді. Оның айтуынша, ауданға дейінгі жол өлікке толы. «Қанша?» деп сұрағанымда, ол: «60-70 шақты» деп жауап берді».Үш том кітап мың данамен ғана шыққан екен. Әрине, бұл аздық етеді. Сондықтан да кітаптың электронды нұсқасы барлық мемлекеттік органның сайттарына, жоғары оқу орындарының кітапханаларына, гуманитарлық саладағы ғылыми-зерттеу институттарының сайттарына орналастырылуы тиіс. Сондай-ақ ол болашақ магистранттар мен докторанттардың зерттеу нысанына айналдыру қажет.
Қолымызға өте қымбат та құнды қазына түсті. Бұл архивтерден алынған, жан-жақты іріктелген тарихи құжаттар. Ашаршылықты саясаттандырудың қажеттілігі бар ма? Оның жауабын әр оқырман осы кітаптардан табады.
Тарих бәрін түгендейді, уақыт бәрін бүтіндейді. Иә, солай болғанымен, халықтың тауқыметті өмірі айтылуға, екшелуге тиіс. Өйткені қазақ халқы осындай ауыр сыннан көп жоғалтқанымен, сағын сындырмай шықты.
Тарих сабағы – өткенге салауат, болашаққа аманат!
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА академигі