• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 31 Мамыр, 2021

Мейірімге толы құшақ

665 рет
көрсетілді

Жақын тартқан адамның құшағы оттай ыстық. Кейде адам жақынына деген махаббаты мен құрметін сол жып-жылы құшағы арқылы жеткізеді. Одан жүрегінен мейірім аңқып тұрған жанның жылуын сезінесің. Сезініп қана қоймай, сол құшақта көңілің балқиды. Бұл өмірде саған қол созып, құшақ жайған жан болса, онда сенің әлемің мейірімге толы.

Бізді осындай бір асқақ ойға жетелеген белгілі суретші Абдуахат Мұратбаевтың символизм стилінде орындалған «Құшақ» атты туындысы. Шебердің кескіндемесінде ұлттың ұзақ жылдар бойы сақталып келе жатқан даңқты дәстүрі бар. Картинада адамның бір-біріне деген шексіз ілтипаты ұялаған.

Жалпы, символизм – суретші картинаны салған кезінде жасырын арнауды, аллегорияны тіпті фило­софиялық терең немесе мистикалық мәнді шифр­ларды пайдаланатын бейнелеу өнеріндегі стиль мен бағыт. Туындылардағы құпия таңбалар шынайы және тылсым дүниелер арасындағы байланыстарды нақты көрсетеді. Олар көрерменді құмарлықпен ойлануға, сюжетті қарадүрсін қабылдаудан бас тартуға және автор ойының нағыз мәнін табуға итермелейді. Символизм әлемдік өнерге зор әсерін тигізіп, ХХ ғасырдағы кескіндеменің көптеген жаңа бағыты үшін бастамашы болды.

Керегенің аясында құшақтасып тұрған еркек пен әйелдің фигурасы кенептің бетін тұтастай алып жатыр. Фигуралар безендірілген, еркектің фигурасы көрерменге арқасымен салынған және құрақ көрпеше секілді элементтерден құралған плащпен тұтастай жабылған. Бұл ақпарат жасырылған мозаика сияқты көрінеді. Оған Алматы облысының Тамғалы шатқалындағы жартасқа салынған петроглифтер бейнеленген. Еркектің фигурасының артындағы әйелдің фигурасы жарым-жартылай ғана көрінеді. Ол басын жігіттің иығына сүйеген. Ұзын шаштары арқасына төгілген. Ол өзінің ерін мейіріммен құшақтап тұр.

Туынды тұтастай тәңіршілдік символдарымен безендірілген. Түркі символикасында үшбұрыш үй, ошақ пен әйел негізі деген мән береді. Бұл Ұмайдың, Құдай-Ананың, құнарлылықтың белгісі. Тікбұрышпен қиылысатын шеңбер – сәулелі белгі, Мәңгілік Аспанды сипаттайтын Күннің таңбасы, сол сияқты шаңырақты да білдіреді.

Суретші өз туындысында адамзатқа тән мәңгілік құндылықтарды шифрлаған – бұл махаббат, отбасы, бала, үй, еркіндік, руханият және дін.