Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылған бокстан кезекті Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Сары құрлықтың ең мықты деген былғары қолғап шеберлері Дубай қаласында бас қосып, он күн бойы жанкүйерлерге тамаша бокс кешін сыйлады. Өкінішке қарай, Токио Олимпиадасының қарсаңында ұйымдастырылған ең соңғы байрақты бәсекеде бірде-бір қазақстандық боксшы Әнұранымызды шырқата алмай, елімізге алтын медальсыз оралды.
Бұл – қазақ боксшыларының елге алтынсыз келген алғашқы Азия чемпионаты емес. Бұған дейін біздің жуан жұдырықты жігіттеріміз мұндай сәтсіздікке 2002 жылы Малайзияның Серембан қаласында ұйымдастырылған XIX сары құрлық бәсекесінде ұшыраған болатын. Сол жылы 12 салмақта бақ сынаған жерлестеріміз 1 күміс (Бақтияр Артаев), 4 қола медаль (Аман Матыбаев, Самал Бейсенов, Андрей Пермяков, Мақсат Бақтыбазаров) олжалап, жалпыкомандалық есепте Азиядағы 27 елдің ішінде небәрі 8-орынды қанағат тұтқан еді. Ал біздің алдымызды Иран (3 күміс), Малайзия (1 алтын), Қытай (1 алтын, 1 күміс, 2 қола) және Оңтүстік Корея (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) құрамалары орап кеткен-тін. Өзбек боксшылары 5 алтын және 2 қола медаль жеңіп, Азияның үздігі атанса, Тайланд боксшылары 2 алтын, 2 күміс, 4 қоламен екінші орынды иеленді. Ал 2 алтын, 1 қоламен Пәкістан құрамасы үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Міне, араға 19 жыл салып Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында екінші мәрте алтынсыз қалып отыр. Әрине, төрешілер күні кеше өткен финалдық айқаста өнер көрсеткен кемі екі жігітіміздің алтын медалін тартып алды, әйтпегенде жүлде жиынтығы бойынша өзбектермен бір деңгейде тұратындай-ақ әлеуетіміз бар еді деп уәж айтуыңыз мүмкін. Бірақ рингте төреші қазақстандық боксшының қолын көтермегеннен кейін «жау кеткеннен кейін қылышыңды тасқа шаптың» кері болмақ.
Азия чемпионатының финалынан кейін жанкүйерлер әлеуметтік желіде боксшыларды жер-жебіріне жеткізіп сынап жатыр. Алайда бұл сәтсіздікке боксшыларды кінәлау орынсыз секілді. Негізі мұндай абыройсыздыққа бокстан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев пен оның бапкерлік құрамы жауап беруі тиіс. Өйткені өз салмақтарында бірінші нөмірлі боксшылардың орнын алмастыра алатын білекті жігіттердің бар екенін біле тұра, жарыстарға қайта-қайта бір құрамды апара беріп, боксшыларды шаршатып алды. Оған әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовтің жеңілісі дәлел бола алады.
Сондай-ақ ел біріншілігінде 52 кило салмақта топ жарған Сабырхан Махмұд пен Серік Теміржановты (негізгі салмағы 57 кило) өздеріне үйреншікті емес, салмағы жетпейтін 56 мен 60 килоға шығарды. Өкінішке қарай, ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатына қатысқан Сабырхан бірінші айналымда Үндістан өкілі Мохаммад Хуссам Уддинмен кездесіп, тартысты өткен жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан шығарған шешімі бойынша 5:0 есебімен жеңіліп қалды. Серік Теміржанов та дәл осындай жағдайдың «құрбаны» болды. Алайда ол қарсыласының өзінен ірі, бұл салмақта өзінің «бөтен» боксшы екеніне қарамастан тартысты жекпе-жекте аянып қалмады. Тең дәрежеде өткен айқаста төрешілер ирандық боксшы Даниял Шахбахшының қолын көтерді. Есеп – 2:3. Бапкерлер Махмұд пен Теміржановты не үшін салмағы өзінен жоғары боксшылардың жемтігі етіп алдына салып бергенін біз де, жанкүйерлер де түсіне алған жоқ. Бәлкім, Кенжебаев елге оралған соң неге мұндай қадамға барғанын түсіндіріп берер.
Ал Азия біріншілігіне 64 кило салмақта барған Зәкір Сафиуллин Қазақстан чемпионаты, Спартакиада, Президент кубогы сияқты ішкі жарыстарда топ жарып жүргенімен, ешқашан әлемде, Азияда мықты боксшылардың қатарында болмаған. Тек 2015 жылы ғана Азия чемпионатында күміс жүлде алғаны болмаса, қалған ешбір ірі додада бірде-бір мәрте дара шықпапты. Зәкір биылғы құрлық бәсекесінің екінші айналымында болашақ Азия чемпионынан жеңілгенін ескерсек, оның бұл сәтсіздігіне еш кінә таға алмаймыз. Өйткені Сафиуллиннің бар деңгейі осы болды. Отандасымызды 4:1 есебімен ұтқан моңғолиялық Баатарсухийн Чинзориг финалда үнді боксшысын жеңіп, чемпион атанды.
Сонымен қатар 52 килода жұдырықтасқан Сәкен Бибосынов та чемпионаттағы өзінің лайықты жүлдесін алды. Жартылай финалда Азияның бірінші нөмірлі боксшысы Амит Пангалмен кездескен ол осымен екінші мәрте үндістандық саңлақтың осал тұсын таба алмады. 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында дәл осы Пангалға есе жіберген жерлесіміз бұл жолы Азия біріншілігінің жартылай финалында жеңілді. Амит финалда өзбек боксшысы Шахобиддин Зоировтан ұтылды. Бір айта кетерлігі, Олимпиада және әлем чемпионатының алтынын олжалаған Зоировқа сары құрлықтың алтын медалі жетпей тұр еді.
Енді Азия чемпионатының финалында жұдырықтасқан боксшыларға тоқталып өтсек. Жалпы биыл чемпионатта жанкүйерлер үмітін де, бапкерлердің сенімін де ақтаған бір боксшы болса, ол – 19 жастағы Даниал Сәбит. Батыс Қазақстан облысында туған талантты боксшы 16 жасында бокс әліппесін үйреніп, 18 жасында ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Ал 19 жасында Азия біріншілігінің күміс жүлдесін қанжығасына байлады. Кезінде аса ауыр салмақта жұдырықтасқан Мұхтархан Ділдәбеков те боксқа өте кеш келіп, бірер жылдан кейін Олимпиаданың және әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып еді. Бәлкім, Даниал да 2024 жылғы Париж Олимпиадасында атой салар.
Олимпия ойындарында қазақтың салмағы атанып кеткен 69 килода өнер көрсететін Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионатының финалында өзбекстандық Бобо-Усмон Батуровпен кездесіп, төрешілердің шешімі бойынша жеңіліп қалды. Бірінші раундтың аяқталар тұсында отандасымыздың қабағы жарылып, дәрігерлер жарысты әрі қарай жалғастыруға рұқсат бермеді. Төрешілер алғашқы раундта Жүсіповке қарағанда өзбек боксшысы белсенді болды деп есептеп, алтын жүлдені Батуровқа ұстатты. Олимпиаданың күміс жүлдегері Шахрам Гиясов Өзбекстан құрамасынан кеткеннен кейін 69 килоға ие болып қалған Бобо-Усмон қазақ боксшыларын қоғадай жапырып келеді. Ол 2018 жылғы Азия ойындарының финалында Асланбек Шымбергеновті жеңсе, енді міне, Абылайханнан айласын асырды. Алайда Батуров жеңе алмай кеткен бір қазақ боксшы бар. Ол – Садриддин Ахмедов. 2017 жылы елордада өткен Қазақстан Президенті кубогының финалында екі боксшының жолы түйісіп, жекпе-жек Ахмедовтің жеңісімен аяқталған еді.
Финалдық сайыста 75 кило мен 91 кило салмақта жұдырықтасқан отандастарымыз Аманқұл Әбілхан мен Василий Левит қарсыластарынан жеңілді деп айту қиын. Бірақ төреші біздің жігіттердің қолын көтермеген соң жеңді деп айтуға аузымыз тағы бармайды. Әбілхан ақтық сында Өзбекстанның екінші нөмірлі боксшысы Саиджамшит Жафаровты жеңе алмады. Екінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірсе де, жекпе-жек соңында төрешілер өзбек боксшысының қолын көтерді. Айта кетейік, Жафаров жартылай финалда Азияның тағы бір мықты боксшысы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері филиппиндік Эумир Марсьяльді қапы қалдырған болатын.
Ал Азия чемпионатында жүлде алу жағынан рекорд орнатқан (5 медаль) Василий Левиттің төрт дүркін Азия чемпионы атануына үндістандық боксшы Санжит мүмкіндік бермеді. Жекпе-жек бойы Левит басымдық танытқанымен, төрешілер 4:1 есебімен Санжиттің жеңіске жеткенін мәлімдеді.
Төрешілер мен ұйымдастырушыларға наразылығын білдірген Василий марапаттау рәсімінде күміс жүлдесін мойнына тақпай қойды. Ал финалдық жекпе-жектер аяқталғаннан кейін Бақтияр Артаев осы жекпе-жектердің шешімі туралы төрешілерге шағым түсіргенімен, екі кездесудің есебі 4:1 болған соң айқасты қайта қараудың қажеті жоқ деп табылған. Негізі ереже бойынша жекпе-жек есебі 3:2 болған жағдайда ғана шағым қайта қаралады.
Ал Қамшыбек Коңқабаев пен Баходир Жалолов арасында өткен алыптар айқасында өзбекстандық боксшының мерейі үстем болды. Үш раунд бойы Жалоловқа қарсы еш айла таба алмаған отандасымыз алғашқы раундтың соңында нокдаунға түсіп қалды. Бұл кездесуде өзбек боксшысы ешкімге күмән қалдырмай, таза жеңіске жетті. Осылайша, екі боксшы арасындағы жетінші жекпе-жекте Баходир басым түсті. Жалпы есеп – 4:3, Баходир Жалоловтың пайдасында.
Ерлер арасындағы Азия чемпионатының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасы (6 алтын, 1 күміс, 3 күміс) топ жарды. Кейінгі орындарға Моңғолия (3 алтын, 2 қола) және Үндістан (1 алтын, 2 күміс, 2 күміс) боксшылары жайғасты. 5 күміс, 1 қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы төртінші орынға табан тіреді.