Қаламгердің «тәтті тамұғынан» буырқанып шыққан шығармасының қашанда жүгі ауыр. Һәм оның салмағын автор өзі ғана білсе керек. Жалпы, жақсы жазудың формуласы жоқ. Әркім өз қадари-халінше, қабілет-қарымы жеткенше жазып бағады.
Әдеби сауалдамамыздың бүгінгі қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Маралтай Райымбекұлы. Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз?
– Жаратушы иеміз бізге оқыңдар деп бұйырды. Жазыңдар деп нұсқау берген жоқ. Соған қарағанда, кейде ойлаймын осы біздің жазып қатырмайтынымызды білген соң, одан да оқысын деген шығар. Сондықтан жазу дейтін өте қиын әрі киелі, қасиетті дүние. Адам жазу үшін оқу керек, өмірден тоқу керек. Ал біздің қай деңгейде оқып, тоқығанымыз шимайымыздан-ақ көрініп тұрады.
Жақында екі шығарманы аяқтадым. «Аруана» тарихи поэмасы кітап болып шықты. Мұнда көне Алтын Орда тарихы суреттеледі. ХІІІ ғасырдағы Берке хан мен Бейбарыстың тұсындағы оқиғалар баяндалады. Шыңғыс ханның немересі Берке хан Алтын Орданы – жарты әлемді билеген. Оның жалғыз қызы болған: оның есімі әртүрлі аталады. Мен оны көркем шығармаға Қиссадин деп алдым. Алтын Орданың тұтқасына Берке ханның қолы тиген кезде жалғыз қызы Сарайшықты өз иелігіне сұрап алып, 15-16 жасында қала билеушісі атанып, Сарайшықты гүлдендіреді. Қаланы Бағдат пен Мысырдан кем қылмаймын деп алдына мақсат қояды. Сөйтіп Жайыққа аспалы көпірлер жасайды. Қиссадин Бейбарысқа ұзатылған соң да олардың ортақ тақырыбы осы Жайықтың бойы Сарайшық болады. Әлемнің барлық түкпірінен жиналған рухани құндылықтарды (мысалы, құнды кітаптар) Сарайшыққа жіберіп отырады.
Поэмаға замандасым Әмірхан Балқыбектің де образын қостым. Яғни әдеби ізденіске бардым деп айтуға болады.
Екінші шығармам, «Бір уыс топырақ» деп аталады. Оның бас кейіпкері – өткен ғасырдың басында өмір сүрген Құныскерей деген азамат. Ол биліктен, қызылжағалылардан әбден қуғын көрген, елдің дәстүрін, намысын жоқтаймын деп отқа түскен. Туған жері – Атырау өңіріне сыймаған, өмірінің 10 жылы қуғында өткен. Тіпті Құныскерейді қолға түсіру үшін әкесін атып тастайды. Бала-шағасы тоз-тоз болып, жер аударылып, сотталып жүрген кезде ол туған жерден біржола қол үзіп, Бесқала арқылы түрікмен жеріне қарай өтіп кетеді. Әбілқайыр Жаманов деген жалған атпен Түрікменнің Ауғанстанмен шектесетін Мары деген өңірінде 30 жылдай өмір сүреді. Елге сіңісіп, еңбек етеді. Алайда ол жақтағылар мұның атақты Құныскерей екенін білмейді. Сөйтіп өлер шағында әйелі мен екі қызын шақырып алып, ақырғы сөзін айтып, туған жердің бір уыс топырағына зар болады. Ал ол, негізі елден кетерде бір уыс топырақты алақанына ұстап тұрып, тастай салады. Туған жердің топырағы өз орнында жатсыншы дейді. Сөйтіп өз елінен қуғын көрген Құныскерей Түрікменстанның бір бұрышында туған жердің топырағын аңсап қайтыс болады. Соңғы сөзінде: «Құлпытасыма жалған атымды жаза беріңдер, ал жаназада Құныскерей Қожахметұлы деп шығарыңдар», деп аманат етеді.
Әлқиссасы, бұл жақта оның екі қыз, екі ұлы қалған. Екі қызы шетінеп кетеді, ал екі ұлы өсіп-жетіледі. Бір баласы кейін топырақ алып, іздеп барады. Шығарманың негізгі идеясы – жат жерде қалған азаматтарымыз, ерлеріміздің қилы өмірін ұрпақ жадында сақтау.
Ал жаза алмай жүрген үлкен екі тақырыбым бар. Оны ашып айта алмаймын. Бұл өзі тамырын сонау балалық шаққан алған тақырыптар. Нобайын айтсам, біреуі тарихи, біреуі діни тақырыпта.
– Шығармашылық сырыңызбен бөліскеніңізге рахмет.
Дайындаған
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»